Шымкентте полицейлер жедел іс-шаралар барысында есірткінің заңсыз айналымына қатысты интернет-ресурстардың жарнамасын таратқан жергілікті тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Тергеу барысында ер адамның қала аумағында есірткі сататын тыйым салынған сайттардың жарнамасы бар жапсырмаларды орналастырғаны анықталды. Жарнамалық материалдарда жоғары жалақы төленетін жұмыс ұсынылып, есірткі заттарын таратуға қатысты интернет-ресурстардың мекенжайлары көрсетілген.
Есірткі сайттарының жарнамасы бар жапсырмалар тәркіленді. Қазіргі уақытта тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр.
Полиция ескертеді: есірткі құралдарын, психотроптық заттар мен сол тектестерді насихаттау немесе жарнамалау — мүлікті тәркілеу және 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасына әкеп соғады.
Ал білім беру ұйымдарында, сондай-ақ адамдар көп жиналатын орындарда есірткі құралдарын жарнамалау немесе насихаттау, сондай-ақ мұндай әрекеттерді бірнеше рет жасау — мүлікті тәркілеумен қатар, 3 жылдан 6 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.