Биыл акция аясында 600-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған 7 миллиондай адам қатысыпты. Осы кезеңде 130 мың гектар аумақ тазартылып, 1,3 миллион түп тал егілген. Ауқымды бастаманың заңды жалғасы ретінде Дүниежүзілік тазалық күні жалпыұлттық сенбілік өтті.
19 қыркүйекте жер-жердегі мыңдаған азамат ортақ мүддеге жұмылып жұмыс істеді. Қазақстанның барлық өңірінде саябақтар, аулалар, өзен-көл жағалаулары, тарихи орындар, елді мекендердің айналасы ретке келтірілді. World Cleanup Day шеңберіндегі республикалық сенбіліке 514 мыңға жуық адам атсалысты. Олардың ішінде мемлекеттік қызметшілер, еріктілер, оқушылар, студенттер, кәсіпорындар мен қоғамдық бірлестік өкілдері болды. Астана төрінде Қасым-Жомарт Тоқаев белсенді жастармен бірге Президент саябағына ағаш отырғызып, табиғатқа жанашырлықтың өзіндік өнегесін көрсетті. Бұл көріністің салмағын жиналған қоқыс көлемімен ғана өлшеу аздық етеді. «Таза Қазақстан» акциясы 2024 жылдан бері тазалық ұғымын қоғамдық құндылық деңгейіне көтеруді көздеп келеді. Мемлекет басшысының сол күнгі сөзінен де осы бір ұстаным анық байқалады.
– Мен осындай игі іске өз үлесін қосып жүрген жастарды нағыз отаншыл азамат деп санаймын. Себебі Отанға, туған жерге деген сүйіспеншілік өз үйіңнен, өз ауылың мен қалаңнан бастау алады. Халқымызда «Бір тал кессең, он тал ек» деген сөз бар. Өнегелі сөз деп айтсақ, артық болмас. Табиғатты аялау, қоршаған ортаға қамқор көзбен қарау – ұлтымыздың болмысында бар асыл қасиет. Бұл – бабаларымыздың бізге қалдырған өсиеті әрі аманаты. Ал жаңа Конституциямыз бойынша осы көзқарас пен іс-шаралар азаматтық міндет болып саналады. Сондықтан біз жаппай бір ел болып бастаған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық жобасының қоғамдық және тарихи мәні айрықша. Біз экологиялық мәдениеті жоғары ел болуымыз керек. Тағы да атап өтейін: бұл – мемлекетіміздің Конституциясында айқындалған аса маңызды міндет. «Таза Қазақстан» – жарқын болашағымыздың кепілі. Бұл – жай ғана ұран емес, бұл – шын мәнінде, еліміздің тазалығы өркениетті болашаққа апаратын даңғыл жол деген сөз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сөзінің астарынан акцияның түпкі мәнін түсінеміз. Мәселе бір-ақ күн көше сыпырып, қоқыс тасумен шешілмейді. Тазалық адамның болмысымен біте қайнасқан мінез-құлық нормасына айналса ғана нәтиже баянды болады. Осы тұрғыдан қарағанда «Таза Қазақстан» жобасы мемлекет пен қоғамның жауапкершілігін бір арнаға тоғыстырып отыр.
Биылғы көрсеткіштер де бастаманың ауқымын анық аңғартады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегіне сүйенсек, «Таза Қазақстан» акциясы басталғаннан бергі уақытта қыруар шаруа тындырылған. Ұзын саны 2 мыңнан аса экологиялық іс-шара өткізіліп, 3,8 млн тонна қоқыс жиналған, 10 мыңға жуық қоқыс орны жойылған. Мұндай орасан көрсеткіштер жобаның уақытша науқанмен шектелмей, тұрақты сипат алғанын дәлелдейді.
Әр өңірдің өз мәселесі бар
Әрине, еліміздің табиғи-жағрапиялық жағдайы әркелкі болғандықтан, әр өңірдегі міндет те бірдей емес. Оңтүстікте су арналары мен арық жүйесін сақтау, тарихи-мәдени орындар мен жасыл желекті қорғау айрықша маңызды. Ал Батыста Жайық пен Каспий жағалауын күтіп ұстау – өз алдына өзекті міндет. Шығыста орман-тау экологиясына, Орталықта өнеркәсіптік қалаларға, өндірістік аумақтарға баса назар аударылады. Осы ерекшеліктер жалпыұлттық бастаманың ауқымын кеңейте түседі.
Мысалы, Астанадағы экологиялық акцияға 150 мыңға тарта тұрғын қатысты. Кәсіпорындар мен коммуналдық қызмет мамандары, шағын және орта бизнес өкілдері, мемлекеттік органдар, жастар мен еріктілер бір үйдің баласындай, бір қолдың саласындай бірлесе қимылдады. Қала бойынша 6 мыңдай көшет егіліп, 1,5 мың тоннадай қоқыс шығарылды. Президент саябағында, EXPO аумағында, «Мыңжылдық» пен Green Line аллеяларында, Ұлы дала және Қабанбай батыр даңғылдары бойында, Кенесары көшесінде, тағы басқа жерлерде көгалдандыру жұмыстары жүргізілді.
Елорда әкімдігінің мәліметінше, кейінгі жылдары қалада 500-ге жуық аула мен қоғамдық кеңістік абаттандырылған, жыл соңына дейін тағы осындай 170 орынды жөнге келтіру жоспарланған.
Түркістан облысында тұрғындар «Өзіңнен баста» челленджі аясында көшелерді, халық көп жиналатын орындарды, тарихи нысандардың айналасын тазартты. Келес, Отырар аудандарында волонтерлер белсенділік танытса, Шымкентте экологиялық қозғалыс «Жасыл шаһар» бағытымен сабақтасып, Бадам, Қошқарата өзендерінің жағалауы, саябақтар, қоғамдық кеңістістіктер реттелді. Дендропарк пен «Тәуелсіздік» саябағында ағаштар егіліп, арықтар аршылды. Әсіресе күзгі жауын-шашынға дейін арықтарды тазалау шаһардың инфрақұрылымы үшін пайдалы.
Жамбыл облысында саябақтарға, «Көне Тараз» тарихи-мәдени кешеніне көп көңіл бөлінді. Өңірде жалпы ұзындығы 15 шақырым арық пен канал тазартылып, 350 тонна күл-қоқыс шығарылды.
Қызылордада Сырдария жағалауын жақсарту, елді мекендер төңірегіндегі жасыл белдеуді күшейту, сексеуіл секілді жергілікті климатқа бейім көшеттерді күту мемлекеттің шөлейттенуге қарсы жұмыстарын ілгері жылжытты. Сексеуілдің топырақты бекітіп, жел эрозиясын тежеудегі рөлі Сыр өңіріндегі көгалдандыру жобаларының қаншалықты маңызды екенін айғақтайды.
Атырауда Жайық өзенінің, Маңғыстауда Каспий теңізінің жағалауы, БҚО-да Жайық пен Шаған өзендерінің маңы, Ақтөбеде Елек, Қарғалы өзендерінің өн бойы тазартылды. Заңсыз қоқыс орындары да назардан тыс қалмады. Ақтөбеде жастардың экологиялық белсенділігі спортпен ұштасып, жүгіріп жүріп қоқыс жинайтын Eco-Plogging шаралары ұйымдастырылды.
ШҚО, Абай облыстарында таулы-орманды аумақтар, өзен жағалаулары, тарихи орындарға жете мән берілді. Өскемен, Риддер, Алтай қалаларының маңында туристік демалыс орындары тазартылып, Ертіс, Үлбі өзендерінің жағалауында табиғат жанашырлары бел жазбай еңбек етті. Абай облысында экобелсенділер Семей мен Жидебайдағы тарихи-мәдени орындардың айналасын қоқыстан арылтты.
Алматы, Жетісу облыстарында туристік жүктемесі жоғары аумақтарға ден қойылып, ұлттық парктерден қалдықтарды шығару, табиғи аумақтардың тазалығын сақтау қолға алынды. Жетісу өңіріндегі бүкіл елді мекенде қоғамдық кеңістіктерді тазалау, ағаштарды күту, көгалдандыру жұмыстары қатар жүрді. Алматы облысындағы акцияларға ондаған мың азамат тартылып, Қонаев қаласында алма көшеттері отырғызылды.
Ақмола облысында су айдындары мен өзен-көл жағалаулары басты назарда болды. Целиноград ауданындағы Шалқар ауылдық округінде көпір маңы мен өзен жағалауы тазартылса, Егіндікөл, Оразақ ауылдарында тұрғындар өз елді мекендерін сыпырып-сиырды.
Қарағанды, Теміртау, Балқаш, Жезқазған қалаларындағы кәсіпорын ұжымдары да науқанның көрігін қыздырды.
Қостанай мен Солтүстік Қазақстанда Тобыл, Есіл өзендерінің, Павлодарда Ертіс жағалауының, өндірістік аумақтар жанындағы жасыл желектердің екінші тынысы ашылды.
Ұлытау өңірінде Жошы хан мен Алаша хан секілді тарихи орындардың жан-жағы мұқият тазартылды.
Осы мысалдардың өзі «Таза Қазақстан» жобасының барлық жерде өзіндік сипатта жүзеге асқанын көрсетеді. Өңірдің табиғаты қандай болса, экологиялық проблемасы да сондай. Яғни жалпыұлттық бастаманы жергілікті ерекшелікке бейімдеу шаралары оның мазмұнын біршама байытады.
Саннан – сапаға
Тазалықтың келесі сатысы – нәтижені бақылау. Қазақстанда заңсыз қоқыс орындарын анықтауға ғарыштық мониторинг жасалады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің дерегінше, 2026 жылы ғарыштық суреттер арқылы мыңдаған заңсыз қоқыс орны анықталып, қыркүйек айының ортасына қарай олардың 83 пайызы жойылған. Бұл тәсіл мәселені біркүндік акция шеңберінен шығарып, аумақтарды тұрақты бақылауға көмектеседі.
Сондай-ақ нәтиже тек жиналған қоқыс тонналарымен өлшенбеуге тиіс. Егілген көшет көктеді ме, саябақ қайтадан ластанбады ма, заңсыз үйінділер тағы пайда болмады ма деген сұрақтарға да лайықты жауап табылуы керек. Бір мың көшет отырғызу бір бөлек те, сол көшеттердің бірнеше жылдан кейінгі жай-күйін қадағалау – өзінше бөлек мәселе. Ендеше бастаманың келесі кезеңі саннан сапаға қарай ойысса игі.
Президент ұсынған тазалықтың ұлттық стандарты осы қажеттілікпен үндеседі. Аталмыш құжат тазалау һәм абаттандыру жайындағы талаптарды біріздендіріп, нақты бағаланатын индикатор қалыптастыруға, жауапкершілікті нақтылауға септігін тигізеді. Ұлттық стандартта көше, аула тазалығы, қоқыс контейнерлерінің қолжетімділігі, қалдықтарды сұрыптау, көгалдандыру сапасы, көшеттердің жерсінуі, арық-дренаж жүйелерінің ахуалы, қоғамдық орындардың санитариялық жағдайы, тұрғындардың шағымдарына жауап беру жылдамдығы сияқты өлшемдер қамтылуы мүмкін.
Тазалық кепілі – тәртіп
Тазалықтың қоғамдық мәдениетке айналуы жастардың белсенділігіне тікелей тәуелді. Осы орайда 19 қыркүйек күнгі акцияға 124 білім беру ұйымынан шамамен 5 мың шәкірт үлес қосқан. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде ел ертеңі осындай көзі ашық, көкірегі ояу, талапты жастардың қолында екенін ескертті.
– Сіздер жас, жігерлі азаматсыздар. Волонтерлік қызметпен айналысып жүрсіздер. Өте дұрыс. Мен еріктілердің еңбегін қолдаймын. Бұл – елге шынайы жанашыр болудың нақты көрінісі. Біз 2020 жылды Волонтер жылы ретінде атап өттік. Сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымында сөйлеген сөзімде мен Халықаралық волонтерлер жылын белгілеу туралы бастама көтердім. Бұл ұсынысымды әлем елдерінің барлығы дерлік қолдап, 2026 жыл Халықаралық волонтерлер жылы болып жарияланды. Бұл жыл сіздерге арналды. Бұдан бөлек, Қазақстан – волонтерлік қызметті ең жоғары заң деңгейінде, яғни Конституцияда бекіткен санаулы мемлекеттердің бірі. Осы орайда еліміздегі және шетелдегі барша еріктілерді шын жүректен құттықтаймын! – деді Президент.
Мамандардың пікірінше, «Таза Қазақстан» жобасының экономикалық қайтарымы да көп күттірмейді. Тап-тұйнақтай тазалық тұрғындардың күнделікті өміріне, қаланың тартымдылығына, туризмге және инвестициялық ортаға әсер етеді. Бірақ жұмыс сапасы сырт көзге ұнаумен емес, адамның өз қаласында, өз ауылында жайлы ғұмыр кешуімен өлшенеді. Азаматтар саябақта өзін қауіпсіз сезінсе, балалар таза аулада ойнаса, өзен жағалауында бейберекет қоқыс шашылып жатпаса, экологиялық саясаттың нақты нәтижесі де сол болар еді.
Президент 19 қыркүйекте қоғамдық кеңістікті бүлдіретін рұқсатсыз граффитиге қатысты мәселе көтеріп, Астана әкіміне ғимарат қабырғаларына заңсыз сурет салатындарға қарсы қатаң шара қолдануды тапсырды. Демек, қоғамдық орынды бүлдірмеу, белгіленген тәртіпті сақтау, мәдени мұраны қадірлеу де «Таза Қазақстанның» бір бөлігі болса керек.
Сенбіліктен соң
Айтпақшы, Мемлекет басшысы шетелдік қонақтардың Қазақстан қалаларына берген бағасын да тілге тиек қылды.
– Жақында Астана мен Алматыға Американың белгілі конгрессмендері келді. Олар көшелердің тазалығы мен жинақылығына таңғалып, қаланы басқару деңгейі мен сапасына жоғары баға берді. Әлеуметтік желілерде ірі қалаларымыздың келбетіне тәнті болған шетелдік қонақтар мен туристердің бейнежазбаларын жиі байқаймыз. Көрікті қоғамдық кеңістіктер, қауіпсіздік пен жайлылық шетелде Қазақстанға қатысты оң пікір қалыптастырады. Бұл, әрине, қуантарлық жайт. Дегенмен біз имидж үшін жұмыс істемей, азаматтарымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуды ойлауымыз керек. Басты мақсат – осы. Ел ішіндегі жетістіктер халқымыздың патриоттық сезімін оятады. Өз елін мақтан тұтып, туған жерге пайдасын тигізуге үндейді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Рас, «Таза Қазақстанның» нәтижесі тазартылған гектардан, жиналған тоннадан, отырғызылған көшеттен көрінеді. Бірақ жобаның ең маңызды мәні адамның өз ауласына, өз көшесіне, өз қаласына, өз даласына деген көзқарасына байланысты. Тазалық әдетке, жауапкершілік мінезге, табиғатқа жанашырлық күнделікті мәдениетке айналса ғана бүгінгі ересен еңбек ұзақмерзімді нәтижеге ұласады.
Сенбілік халықты бір күнге ғана біріктірген жоқ. Жобаның жалғасы әлі алда. Бүгін егілген тал ертең көлеңке беруі үшін оған күтім керек. Тазартылған жағалау қайта ластанбауы үшін тәртіп керек. Жойылған заңсыз қоқыс орны қайта пайда болмауы үшін жіті бақылау керек.
Сондықтан «Таза Қазақстанның» келесі кезеңі сенбілік санымен емес, санадағы өзгеріспен өлшенбек. Мемлекет тазалыққа жағдай жасаса, азамат оны сақтауға тиіс. Әкімдік саябақ салса, тұрғындар оны қорғауға тиіс. Осындай өзара жауапкершілік орныққанда ғана сенбіліктегі серпіліс былайғы өмірде жалғасын табады.
Еркебұлан НҰРЕКЕШ