Дмитрий Малахов, Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы: Судьяға қойылар талап биік

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың саяси бағдарының бірі заң үстемдігі, әділет орнаған қоғам құру екені белгілі.

«Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасын жүзеге асыру үшін заңдар жетілдіріліп, тәртіп үнемі насихатталып келеді. Сонымен қатар бұқараның сот жүйесіне сенімін нығайтудың да өзектілігі арта түсті.  Демек, сот төрелігі де жетілуі қажет деген сөз. Біз осы мәселе төңірегінде Қазақстан Республикасы Жоғары Сот Кеңесінің Төрағасы Дмитрий Михайлович Малаховпен сұхбаттастық. Әңгіме барысында судьяларды даярлау, сот төрелігінің сапасын арттыру  мәселесі туралы да әңгіме өрбіттік.

– Кейінгі жылдары Қазақстанның сот жүйесінде жүйелі өзгерістер болып жа­тыр.. Бұл үдерісте судья кадрларын даяр­лау қандай орын алады?

– Сот төрелігінің сапасы азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бос­тан­дық­тары мен заңды мүдделерін қозғай­тын шешімдер қабылдайтын судьяның кә­сіби деңгейімен тікелей байланысты.

Осыған орай судья кадрларын даяр­лау тек кадрлық мәселе ғана емес, со­ны­мен қатар сот жүйесін дамытудың ст­рате­гиялық бағыты болып табылады. 

Қазіргі заманғы судья құқық са­ла­сында терең білімге, аналитикалық ой­лау қабілетіне, күрделі дәлелдемелермен жұ­мыс істеу дағдыларына, істің мән-жай­ларын жан-жақты бағалай білу қабі­ле­тіне ие болуы және сот актілерін тиісті дең­гейде құрастыра білуге тиіс. Сондай-ақ сот процесінің мәдениеті, кәсіби ком­муникация дағдылары, адам құқық­тары саласындағы халықаралық стан­дарт­тарды білу және судья әдебінің жо­­ғары талаптарын сақтау да аса маңыз­ды мәнге ие. 

Осыған байланысты судьяның кәсі­би қалыптасуы судья лауазымына кан­ди­даттарды даярлау кезеңінен басталып, оның бүкіл кәсіби қызметі барысында жал­ғасуға тиіс.

– Бұл тәсіл Сот төрелігі академиясын Жо­ғары Сот Кеңесінің қарауына берген­нен кейін одан әрі дамытылды. Бұл ше­шім­нің маңызы қандай болды?

– Сот төрелігі академиясын 2024 жыл­ғы 15 шілдеде Жоғары Сот Кеңесінің қа­рауына беру маңызды институцио­нал­дық шешім болды.

Оның негізгі мақсаты – судья лауа­зымына кандидаттарды даярлау мен кә­сі­би судьялар корпусын қалыптастыру мін­деттері арасындағы тікелей байла­нысты қамтамасыз ету.

Білім беру және кадрлық құрамдас бө­ліктері бұрын едәуір дәрежеде дербес жү­зеге асырылып келді. Қазіргі уақытта олар судья кадрларын кәсіби даярлау мен дамытудың бірыңғай жүйесіне дәйек­ті түрде біріктірілуде.

Кеңес судьялар корпусын қалып­тас­тыру саласындағы өкілеттіктерді жүзеге асырады, ал Сот төрелігі академиясы оның кәсіби даярлығы мен біліктілігін арт­тыруды қамтамасыз етеді.

Мұндай өзара іс-қимыл судьяның құ­зыреттеріне қойылатын өзекті талап­тар­ды ескеруге, құқық қолдану практи­ка­сындағы проблемалық мәселелерді тал­дауға және соған сәйкес білім беру бағ­дарламаларының мазмұнын жетіл­діруге мүмкіндік береді.

Осыған байланысты Академия судья кадрларын даярлау және кәсіби дамыту жүйесінің аса маңызды институты ретін­де қарастырылады.

– Сот төрелігі академиясында сот білі­мін алудың ерекшеліктері неде?

– Сот төрелігі академиясының білім беру бағдарламаларының ерекшелігі – білімді практикалық тұрғыда қолдануға бағытталған кешенді кәсіби даярлықта.

Судья заңнаманы біліп қана қоймай, ма­териалдық және процестік құқық нор­маларын дұрыс қолдана білуге, құ­қық­тық ұстанымдарды талдауға және уәж­ді сот шешімдерін қабылдауға тиіс.

Академияның білім беру процесінде сот істерінің кейстерін талдау, сот оты­рыс­тарын модельдеу, сот актілерінің жо­ба­ларын әзірлеу, пікірталастар, рөлдік са­бақтар, сондай-ақ ғалымдар мен прак­тикалық судьялардың қатысуымен би­нарлық сабақтар өткізу әдістері қолда­ны­лады.

«Судья судьяны оқытады» қағида­ты­ның маңызы ерекше. Қолданыстағы су­дьялардың практикалық тәжірибесі кә­сіби даярлықтың маңызды элементі бо­лып табылады. Нақты сот жағдайлары мен құқықтық мәселелерді шешу тәсіл­дерін талқылау кандидаттардың сот қыз­метін жүзеге асыруға қажетті дағды­ларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Білім беру процесіне Жоғарғы Сот­тың, кассациялық және жергілікті сот­тардың судьялары, сондай-ақ Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері белсенді түрде тартылады.

– Мұндай тәсіл болашақ судьяны даяр­лау үшін қандай маңызға ие?

– Практикаға бағдарланған даярлық Академияда білім алушыға сот қызме­тінің мазмұны мен жауапкершілігі туралы нақты түсінік алуға мүмкіндік береді.

Сот шешімі процеске қатысушылар­дың құқықтары мен заңды мүдделеріне тікелей әсер етеді, оның ішінде мүліктік, отбасылық, еңбек және кәсіпкерлік қа­ты­настарға қатысты мәселелерді, ал же­ке­леген жағдайларда адамның бостан­дығы мен қауіпсіздігіне қатысты мәсе­ле­лерді де қамтиды.

Сондықтан судьядан тек кәсіби құ­зыреттілік қана емес, сонымен қатар жо­ғары деңгейдегі жауапкершілік, объек­тивтілік, бейтараптық және судья әде­бі талаптарын сақтау талап етіледі.

Академияның міндеті – түлектің қажетті білім мен дағдыларды меңгеруін, сот төрелігін жүзеге асыру қағидаттарын және судьяның кәсіби қызметіне қойы­латын талаптарды түсінуін қамтамасыз ету.

Кәсіби құзыреттілік, тәуелсіздік, бей­тараптық және жауапкершіліктің үй­лесуі сот төрелігін тиісінше жүзеге асы­ру­дың және сот жүйесіне деген се­німді нығайтудың қажетті шарты болып табылады.

– Судья лауазымына кандидаттарды даярлауда Жоғары Сот Кеңесі қандай рөл атқарады?

– Жоғары Сот Кеңесі уәкілетті орган ре­тінде судьялыққа кандидаттарды даярлау жөніндегі Академияның ұйым­дастырушылық қызметіне тікелей қаты­сады.

Мәселен, Кеңес үлгілік оқу жоспар­ларын бекітуді, Академияның ғылыми-білім беру қызметі саласындағы базалық нор­мативтік құқықтық актілерді қабыл­дауды, магистрлік жобалардың тақы­рып­тарын қалыптастыруды, Ака­де­мия­ны дамыту тұжырымдамасының іске асы­рылуына мониторинг жүргізуді және бі­лім беру бағдарламаларын аттестат­тауды жүзеге асырады.

Кеңес сондай-ақ Академияда құры­латын қабылдау, мемлекеттік аттестаттау, біліктілік және басқа да комиссиялардың жұмысына қатысады.

Жоғары Сот Кеңесінің мүшелері Ака­­де­мияда сабақтар өткізеді, магис-

т­рант­тармен кездеседі, судья лауазы­мы­на кандидаттарға қойылатын талаптарды түсіндіреді, кәсіби іріктеу мәселелерін қа­рас­тырады, сондай-ақ конкурстық рә­­сімдер барысында анықталатын тип­тік кемшіліктер мен қателерге назар ау­дарады.

Мұндай өзара іс-қимыл білім беру даяр­лығы мен судьялар корпусын қа­лып­тастыру практикасының өзара бай­ла­нысын қамтамасыз етеді.

– Судья лауазымына біліктілік емти­ханына дайындық құралдарының бірі ре­ферендариат институты болды. Ол кан­дидаттарға қандай мүмкіндіктер береді?

– Референдиат – судья лауазымына бі­ліктілік емтиханын тапсыруға кан­ди­даттарды даярлаудың жаңа қосымша құралы. Ол Академияда 2025 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді.

Кандидаттардың теориялық және практикалық даярлық деңгейін арттыру сот ісін жүргізудің негізгі нысандарын қамтитын қарқынды курстар арқылы жүзеге асырылады.

Бұл ретте даярлық заңнаманы зерде­леу және қайталаумен ғана шектелмейді. Негізгі назар құқықтық талдау және заң­дық дәлелдеу бойынша практикалық дағдыларды қалыптастыруға аудары­лады.

Өткен кезеңде референдиаттың бір­неше легі өткізілді, оған түрлі заң маман­ды­ғының өкілдері, соның ішінде адво­кат­тар, прокурорлар, нотариустар, құ­қық қорғау органдарының қызметкерлері және басқа да мамандар қатысты.

Референдиат кандидаттарға білікті­лік емтиханына жүйелі түрде дайын­далу­ға және судьяның кәсіби қызметіне қойы­латын талаптар туралы түсінік алу­ға мүмкіндік береді.

– Судьяны даярлау оны тағайындаумен аяқталмайды. Қолданыстағы судьялардың біліктілігін арттыру жүйесі қалай дамып келеді?

– Жұмыс істеп жүрген судьялардың білік­тілігін арттыру Кеңес пен Академия үшін басым бағыттардың бірі болып саналады.

Заңнаманың тұрақты дамуы, сот дау­ларының жаңа санаттарының пайда болуы, экономикалық қатынастардың өз­геруі және цифрлық технологиялардың енгізілуі судьялардың кәсіби білімі мен дағдыларын үнемі жаңартып отыруды талап етеді.

2025 жылы Сот төрелігі академиясы бі­ліктілікті арттырудың негізінен жал­пы­лама бағдарламаларынан даралан­дырыл­ған тәсілге кезең-кезеңімен кө­шуді бастады.

Жаңа формат судьялардың кәсіби қа­жеттіліктерін және нақты мәселелерді тереңдете зерделеу қажеттілігін ескере оты­рып, білім беру курстарының маз­мұ­нын қалыптастыруды көздейді. Сабақ­тарды өткізуге бейінді жоғары білікті мамандар тартылады.

Оқытуды дараландыру бағдар­ла­ма­ларды судьялардың нақты кәсіби қа­­жет­тіліктеріне және біліміндегі анық­талған ол­қылықтардың орнын толтыруға ба­ғыт­тауға мүмкіндік береді.

Алдағы уақытта судьялардың білік­ті­­лігін арттыруда дараландырылған тә­сіл­ді одан әрі жетілдіру бағытындағы жұ­мыс жалғастырылатын болады.

– Бұл жүйеде сот ғылымы қандай рөл атқарады?

– Сот ғылымы – қазіргі заманғы сот жүйе­сін дамытудың қажетті құрамдас бөлігі. Ғылыми зерттеулер құқық қол­дану саласындағы өзекті мәселелерді анық­тауға, заңнама мен сот практи­ка­сын­дағы қайшылықтарды талдауға, олар­ды жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзір­леуге және құқықтық реттеудің одан әрі даму перспективаларын болжауға мүм­кіндік береді.

Осыған байланысты Сот төрелігі ака­демиясын ғылыми-білім беру орта­лығы ретінде дамыту басым бағыттардың бірі болып табылады.

2025 жылы Академия алғаш рет «Құ­қық» бағыты бойынша докторантураның білім беру бағдарламаларын іске асыруға мемлекеттік лицензия алды, сондай-ақ ал­ғаш рет ғылыми қызмет субъектісі ре­тінде аккредиттеуден өтті.

Бұл ғылыми мектепті дамытуға, ғы­лы­ми және педагогикалық кадрларды даяр­лауға, сондай-ақ сот төрелігінің өзек­­ті мәселелері бойынша зерттеулер жүр­гізуге қажетті жағдайлар жасайды.

Бұл ретте ғылыми зерттеулердің прак­­тикалық бағыттылығы және олар­дың сот қызметінің өзекті мәселелерімен бай­ланысы қағидаттық маңызға ие.

– Судьяларды даярлауда халықаралық тәжірибенің маңызы қаншалықты?

– Халықаралық тәжірибенің маңызы зор, алайда оны қолдану ұлттық құқық­тық жүйенің ерекшеліктерін ескере оты­рып жүзеге асырылуға тиіс.

Қазақстанның өзіндік құқықтық жүйе­сі, заңнамалық дәстүрлері және сот практикасы бар. Сонымен қатар қазіргі за­манғы сот төрелігінің дамуы халық­аралық ынтымақтастық пен кәсіби тә­жірибе алмасу жағдайында жүзеге асы­рылуда.

Сондықтан басқа мемлекеттерде қол­данылатын сот білім беру, құқық қол­дану және адам құқықтарын қорғау стан­дарттарын қамтамасыз ету сала­сындағы заманауи тәсілдерді зерделеп, кейін оларды ұлттық жағдайларды еске­ре отырып қолдану мүмкіндігін бағалау қажет.

Кеңестің басшылығымен Академия шет­елдік білім беру және ғылыми ұйым­д­армен ынтымақтастықты дамы­тып ке­леді. Бұл ынтымақтастық академиялық ұтқырлықты, бірлескен ғылыми және білім беру іс-шараларын өткізуді, зерттеу жобаларын іске асыруды және шетелдік сарапшыларды тартуды қамтиды.

Орталық Азия және түркі әлемі мем­лекеттерімен өзара іс-қимылдың маңы­зы ерекше. Бұл елдермен Қазақстанды ортақ тарихи-мәдени байланыстар және құ­қықтық институттарды дамыту сала­сындағы ұқсас міндеттер байланыс­тырады.

– Биыл сәуір айында Академия Жо­ғары Сот Кеңесімен бірлесіп, судьялардың үздіксіз білім алуына арналған халықара­лық конференция өткізді. Бұл бағыт не­ліктен ерекше маңызға ие болып отыр?

– Үздіксіз кәсіби білім беру судьяның кә­сіби құзыреттілігінің тиісті деңгейін сақ­таудың қажетті шарты болып табы­лады.

Қазіргі заманғы сот қызметі заңнама­ның үнемі өзгеруі, цифрлық технология­лардың дамуы, құқықтық қатынастардың жаңа түрлерінің пайда болуы және сот дауларының күрделене түсуі жағдайында жүзеге асырылады. Мұндай жағдайда кәсі­би даярлықтың бастапқы кезеңінде алынған білім мен дағдыларды үнемі жаңартып отыру қажет.

Сондықтан судьялардың үздіксіз бі­лім алу мәселелері сот жүйесін дамыту үшін қағидаттық маңызға ие.

Сот төрелігі академиясының он жыл­дығына және ХХІ ғасырдағы судья­лар­дың үздіксіз білім алу мәселелеріне арналған халықаралық конференция сот білім берудің қазіргі заманғы үрдістері мен оны дамытудың перспективаларын талқылауға арналған алаң болды.

Негізгі назар сот қызметіне қойы­латын заманауи талаптарды ескере оты­рып, судьялардың кәсіби даярлығын одан әрі жетілдіру және олардың білік­тілігін арттыру мәселелеріне аударылды.

– Сіздің ойыңызша, болашақтың су­дьясы қандай болуға тиіс?

– Болашақтың судьясы жоғары кә­сіби құзыреттілік деңгейіне ие, тәуелсіз, объективті және бейтарап болуға тиіс.

Ол құқық нормалары мен істің нақты мән-жайларын өз бетінше талдай білуі, дәлелдемелерді бағалауы, негізді ше­шім­дер қабылдауы және олардың уәждерін анық әрі түсінікті түрде баяндауға тиіс.

Бұл ретте судьяның тәуелсіздігі қа­был­дайтын шешімдері үшін кәсіби және жеке жауапкершіліктің жоғары деңгейін білдіреді.

Қазіргі судьяның маңызды сипат­тамасы – үнемі кәсіби дамуға дайын болу. Заңнаманы өзгерту, құқықтық ғы­лым мен сот практикасын дамыту білімді жүйелі түрде жаңартуды және кәсіби дағдыларды жетілдіруді талап етеді.

Осыған байланысты Академия тек ал­ғашқы дайындық институты ғана емес, сонымен қатар судьялар қауымдас­тығы үшін тұрақты кәсіби орта ретінде де қызмет етуі керек.

– Академияның Жоғары Сот Кеңесі жүйесінде жұмыс істеген алғашқы екі жы­лының нәтижесі бойынша қандай негізгі қорытынды жасауға болады?

– Негізгі қорытынды – сот төрелі­гі­нің сапасы судьяларды кәсіби даярлау са­пасымен тікелей байланысты.

Қазіргі уақытта магистратура және референдиат шеңберінде судья лауа­зы­мына кандидаттарды даярлауды, қазіргі судьялардың біліктілігін арттыруды, ғы­лыми қызметті, халықаралық ынты­мақ­тастықты және білім беру инфра­құры­лымын дамытуды қамтитын судья кадрларын кәсіби дамытудың тұтас жүйесі қалыптастырылуда.

Осы бағыттардың барлығы ортақ мін­детпен – кәсіби, тәуелсіз және жауап­ты судьялар корпусын қалып­тас­тыру­мен біріктірілген.

Жоғары Сот Кеңесі үшін бұл – жүйе­лі және ұзақмерзімді міндет. Оның нә­ти­жесі сот төрелігін жүзеге асыру са­па­сына тікелей әсер етеді.

Азаматтардың сот жүйесіне деген се­німі, ең алдымен, белгілі бір сот қыз­ме­тінің нәтижелері – қабылданған ше­шімдердің заңдылығы, негізділігі мен әділ­дігі, сондай-ақ процеске қатысу­шы­лар үшін олардың уәждерінің түсінігі ар­қылы қалыптасады.

Осыған байланысты судьяларды даяр­лау және кәсіби жетілдіру жүйесін да­мыту сот төрелігінің сапасын арттыру­дың, заң үстемдігі қағидатын нығайтудың және Қазақстанда құқықтық мемле­кеттің одан әрі дамуының негізгі фактор­ларының бірі болып саналады. 

Сұхбаттасқан 

Ардақ СҰЛТАН