Әскери колледж Қазақстан Республикасы Президентінің 1996 жылғы 1 шілдедегі №3049 Жарлығымен құрылды. Білім ордасы әскери бөлімшелерді басқаратын, жеке құраммен жұмыс істейтін және әскери міндеттерді кәсіби деңгейде орындайтын, қабілетті кіші буын командирлерін даярлап келеді.
Колледж тарихындағы кәсіби сержанттардың алғашқы түлегін шығару рәсімі 1999 жылдың 29 шілдесінде өткен еді. Сол кезде Қорғаныс министрі, армия генералы Мұхтар Алтынбаевтың өзі оқу орнына келіп, Жауынгерлік Туды табыстады. Алғашқы 63 кәсіби сержант Қорғаныс министрлігінің әскери бөлімі мен құрылымдарындағы сержанттық лауазымдарға тағайындалып, келісімшарт бойынша әскери қызметін бастады. Олардың 11-і оқуын Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің Әскери академиясында жалғастыруға мүмкіндік алды.
2000 жылы оқу орнына көрнекті ғалым, ағартушы әрі этнограф Шоқан Уәлихановтың есімі берілді. Осы кезеңнен бастап колледждің әскери білім мен тәрбие саласындағы өзіндік дәстүрі қалыптаса түсті. 2005 жылдан бастап Қазақстан Қарулы күштерінде бөлімше командирінен бастап Қарулы күштердің Бас сержантына дейінгі сержанттық лауазымдар қалыптасты. Бұл сержанттар корпусының әскери басқару жүйесіндегі рөлін айқындап, оның кәсіби мәртебесін арттырды. Колледж түлектері осы жүйенің қалыптасуы мен дамуына елеулі үлес қосты. Олардың қатарынан Қазақстан Қарулы күштерінің Бас сержанты қызметін атқарған және Бас штабтың сержанттар құрамымен жұмыс жөніндегі басқармасында басшылық қызмет атқарған әскери қызметшілер шықты.
Ал 2016-2017 оқу жылынан бастап колледж білім беру үдерісін жаңа талаптарға сәйкес ұйымдастыруға көшті. Дәл осы жылдары әскери пәндердің мазмұны заманауи қарулы қақтығыстар тәжірибесін ескере отырып жаңартылды. Курсанттардың күрделі әрі өзгермелі тактикалық жағдайда дұрыс шешім қабылдау дағдыларын қалыптастыруға басымдық көбірек берілді.
Бүгінде колледж техникалық және кәсіптік білім беру бағдарламалары бойынша кіші командалық құрам мамандарын даярлап отыр. Курсанттар әскери бөлімшелерді басқару, жеке құрамды оқыту және тәрбиелеу, қару-жарақ пен әскери техниканы пайдалану және қызмет көрсету бойынша теориялық білім алып, практикалық дағдыларын жетілдіреді. Сонымен қатар көшбасшылық, жауапкершілік, ұйымдастырушылық қабілет пен дене дайындығына ерекше мән беріледі.
Қазір колледж базасында әскери бөлімдерден келген сержанттардың кәсіби біліктілігін арттыру курстары да ұйымдастырылып келеді. Қарулы күштер түрлері, әскер тектері мен өңірлік қолбасшылықтардың сержанттары «бөлімше-взвод» деңгейінде білімдерін жетілдіріп, кәсіби тәжірибесін толықтыруға мүмкіндігі бар.
Оқу орны есігін айқара ашып, білім саласындағы қызметін бастағалы 4 000 мыңнан аса кәсіби сержант даярланып шықты. Бүгінде колледждің әрбір түлегі еліміздің әр өңіріндегі әскери бөлімдерде, Қарулы күштерде және басқа да әскери құралымдарда түрлі лауазымды қызметті абыроймен атқарып жүр. Былтырдан бастап колледж кадеттеріне «сержант» әскери атағын беру тәжірибесі енді, бұл да кәсіби сержанттарды даярлау жүйесіндегі жаңа кезеңді айқындай түсті.
Отыз жылдық тарихы бар Шоқан Уәлиханов атындағы Әскери колледж Қазақстанның кәсіби сержанттар корпусын қалыптастыруға елеулі үлес қосып келеді. Ал түлеп ұшқан мыңдаған маман колледж тарихы мен ел әскерінің қалыптасуының ажырамас бөлігі іспетті.
А.ЖӘНІБЕКҚЫЗЫ