Өңірде осы мақсатқа биыл ондаған миллиард теңге бағытталған. Бұл – бір маусымдық мәселені шешуге емес, жылдар бойы қордаланған коммуналдық түйткілді тарқатуға арналған ауқымды жұмыс.
Қыс келгенде коммуналдық салаға жұрттың назары бірден ауады. Үйге жылу кеш кірсе, құбыр жарылса немесе қазандық істен шықса, оның салдары бірден сезіледі. Ал жазда жылу жүйесіне көпшілік аса мән бере бермейді. Негізінде, қысқы жылудың тағдыры дәл осы жаз айларында шешіледі. Өңірде орталықтандырылған жылумен 3 қала мен 5 аудан қамтылған. 2026-2027 жылдардағы жылыту маусымына дайындық аясында 14,5 млрд теңгеге 32 жоба жүзеге асырылып жатыр. Бұған қоса, «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде тағы 15,8 млрд теңгеге 6 жоба қолға алынған. Яғни әңгіме бір-екі қазандықты жөндеумен шектелмейді. Мұнда тұтас жылу инфрақұрылымын жаңарту мәселесі тұр.
Жылу жүйесінің ахуалын құбырлардың ұзындығы ғана емес, олардың тозу деңгейі де көрсетеді. Абай облысында жылу желілерінің жалпы ұзындығы 409 шақырым болса, оның 325 шақырымы Семей қаласына тиесілі. Ал желілердің тозу деңгейі қазір 55,6 пайыз шамасында. Бұл – елеулі көрсеткіш. Өйткені жылу желісінің тозуы артқан сайын апат қаупі де, жылу жоғалту көлемі де көбейеді. Сондықтан биыл облыста 6,4 млрд теңгеге 38 шақырым жылу желісін ауыстыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жаңғырту жұмыстары аяқталғаннан кейін өңірдегі жылу желілерінің тозу деңгейін 55,6 пайыздан 52,3 пайызға төмендету көзделген. Семей қаласында бұл көрсеткіш 58,2 пайыздан 54,1 пайызға дейін азаймақ.
Абай облысының жылу жүйесі сөз болғанда Семей қаласын айналып өту мүмкін емес. Өйткені облыстағы жылу инфрақұрылымының негізгі бөлігі осы шаһарға шоғырланған. Қалада 1 жылу электр орталығы мен 20 қазандық жұмыс істейді. Қазір оның 18-і алдағы маусымға толық дайын. Қалған екі қазандықтағы жұмыстарды қыркүйек айының соңына дейін аяқтау жоспарланған. Ал Семейдің жылу жүйесінің негізгі нысанының бірі – №1 жылу электр орталығы. Тарихы өткен ғасырдың 30-жылдарынан басталатын кәсіпорын бүгінде қаланың мыңдаған тұрғыны мен жүздеген нысанын жылумен қамтамасыз етіп отыр. 1934 жылы пайдалануға берілген орталықтың орнатылған қуаты – 374 Гкал/сағ, ал қолданыстағы қуаты – 276,4 Гкал/сағ.
Мұнда 433 көпқабатты тұрғын үй, 56 әлеуметтік нысан, 30 бюджеттік ұйым және 673 коммерциялық кәсіпорын жылу алады. Абоненттердің жалпы саны – 27 410. Орталықтың өзіне тиесілі жылу желілерінің ұзындығы да аз емес – 102,691 шақырым. Мұндай ауқымдағы нысанның жұмысы тоқтаса, оның салдарын бір ғана мекеме емес, тұтас қала сезінері анық. Сондықтан мұнда қысқы маусымға дайындықтың әр кезеңі ерекше маңызға ие. Облыс әкімі Берік Уәли жылу нысандарының алдағы маусымда тұрақты әрі үздіксіз жұмыс істеуі басты міндет екенін атап өтті.
– Биыл жылу қазандығына байланысты күрделі жөндеу жұмыстарын ерте бастадық. Соның арқасында ерте аяқтап отырмыз. Аяқасты күн суытқан жағдайға 100 пайыз дайынбыз. Барлық жұмыс кестеге сай жүріп жатыр. Мамандар жұмыс барысын жаз бойы тұрақты бақылауда ұстады. Конкурстық рәсімдер ерте бітті. «Қыстың қамын жаз ойла» демекші, қазір кез келген уақытта жылу беруге дайынбыз, – деді аймақ басшысы.
Жылу энергетикасындағы жұмыстың нәтижесін тек қазандықтардың көрсеткішімен өлшеу жеткіліксіз. Оның шынайы бағасы тұрғынның үйіндегі жылудан көрінеді. Осы тұрғыдан алғанда, әлеуметтік нысандардың дайындығы да маңызды. Бүгінде білім беру және әлеуметтік қорғау нысандары 100 пайызға, денсаулық сақтау нысандары 97 пайызға, тұрғын үй қоры 98 пайызға дайын. Бұл көрсеткіштер жылу маусымының ең жауапты кезеңіне санаулы уақыт қалғанын көрсетеді.
Семейдегі жылу жүйесін жаңғырту жұмыстарының тағы бір маңызды бағыты – «343 квартал» орталық жылыту пунктін қайта жаңғыртудан өткізу.
Жоба аясында нысан ғимараттарын «Силикатный» сорғы станcасына ауыстыра отырып жаңғырту көзделген. Мұнда жалпы ұзындығы 0,84 шақырым жылу желісін ауыстыру қарастырылған. Қазір жылу камерасын монтаждау жұмыстары және орталық жылыту пункті ғимаратының ішіндегі құрылыс жұмыстары аяқталған. Ал 6 желілік сорғы мен 2 жылу алмастырғышты орнату жалғасып жатыр. Бұл нысан 12 көппәтерлі тұрғын үй мен 24 коммерциялық нысанды жылумен қамтамасыз етеді. Мұнда 822 абонент бар. Ал «Силикатный» сорғы стансасына 16 көппәтерлі тұрғын үй, 37 коммерциялық нысан, 16 жеке сектор және 8 әлеуметтік нысан қосылған. Абоненттер саны – 695. Бір қарағанда, бұл цифрлар қарапайым статистика секілді. Алайда әр санның артында нақты тұрғын, отбасы, кәсіпкерлік нысан, әлеуметтік мекеме тұр.
Биыл Семей үшін тағы бір жаңалық бар. Қала тұрғындары жаз мезгілінде алғаш рет ыстық сумен қамтылды. Бұл жылу жүйесін жаңғыртудың тек қысқы маусымға дайындықпен шектелмейтінін көрсетеді. Коммуналдық инфрақұрылымның сапасы артқан сайын оның тұрғындардың күнделікті тұрмысына берер пайдасы да көбейеді. Бүгінде облыста атқарылып жатқан жұмыстардың ауқымы аз емес. 14,5 млрд теңгеге 32 жоба, ұлттық жоба аясындағы 15,8 млрд теңгелік 6 жоба, 6,4 млрд теңгеге жаңартылып жатқан 38 шақырым жылу желісі – мұның бәрі бір мақсатқа тоғысады. Ол – қысты жылусыздықсыз қарсы алу. Бірақ мәселе мұнымен бітпейді. Тозу деңгейін төмендету бір күннің жұмысы емес. Коммуналдық инфрақұрылым үздіксіз жаңартуды қажет етеді. Бүгін ауыстырылған құбыр ертеңгі онжылдықтың кепілі болуы үшін жұмыс сапалы орындалуы шарт. Сондықтан қыркүйек айының соңына дейін дайындықты толық аяқтау – меженің бірі ғана.
Эльмира ЖҮРСІНБЕКҚЫЗЫ,
Абай облысы