Үйлерге жылу қашан беріледі?

Қазақстанның солтүстік және шығыс өңірлерінде жылыту маусымын 1 қазанға дейін бастау жоспарланып отыр.

Үкімет отырысында күзгі-қысқы кезеңге дайындық барысы қаралды. Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов энергия көздеріндегі ағымдағы нәтижелер мен отын қорлары туралы баяндады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«14 қыркүйектен бастап Павлодар облысында жылыту маусымы басталды. Бұл жұмыстарды солтүстік және шығыс өңірлерде ауа райының көрсеткіштеріне қарай 1 қазанға дейін бастау күтілуде», – деді Ерлан Ақкенженов.

Энергия көздерінде жылыту маусымын бастау үшін қажетті отын қоры (4,9 млн тонна көмір және 127 мың тонна мазут) және «негізгі» жабдықтардың құрамы қалыптастырылды. 4 энергия блогында, 30 қазандықта және 19 турбинада жөндеу жұмыстары аяқталды. 17 мың шақырым электр беру желілерін жөндеу толық көлемде орындалды. Сондай-ақ жоспардағы 377 шақырым жылу желілерінің жалпы дайындығы 97%-ды немесе 366 шақырымды құрайды.

Сонымен қатар Ұлытау, Абай облыстарындағы және Солтүстік Қазақстан мен Ақмола өңірлеріндегі жылу беру нысандары Үкіметтің ерекше бақылауында.  Сәтбаев қаласында жылу магистралін жаңғырту толық аяқталды, қазіргі уақытта желіні тазалау және қысыммен сынау жұмыстары жүргізілуде. Петропавл қаласының жылу магистральдары бойынша дайындық 95%-ды құрайды, барлық жұмыстарды осы аптаның соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Степногор  қаласында желінің жалпы дайындығы 76%-ды құрады. Аяқтау мерзімі осы жылғы 25 қыркүйекте күтілуде. Семей қаласындағы үш жоба бойынша жоспардың орындалуы 70%-ды құрайды. Сутартқыш құрылғылары мен жылу алмастырғыштарды жеткізу тек 26 қыркүйекте күтілуде.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.