1. Қазақстан Халық кеңесі құрамына кім кіреді?
Қазақстан Халық кеңесінің құрамына төрт жыл мерзімге Президент бекітетін 126 Қазақстан азаматы кіреді.
Өкілдік үш бағыт бойынша құралады: этномәдени бірлестіктерден 42 мүше, ірі қоғамдық бірлестіктер мен өзге де коммерциялық емес ұйымдардан 42 мүше, сондай-ақ мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден 42 мүше.
Енді қоғамдық, өңірлік және этномәдени мүдделер оқшауланбай, біртұтас жалпыұлттық тұрғыда қаралады.
Қазақстан Халық кеңесінің теңдестірілген құрамы қоғамдық күн тәртібін әлдеқайда кеңірек көруге мүмкіндік береді: өңірлердің ерекшеліктерін, түрлі әлеуметтік және кәсіптік топтардың, қоғамдық ұйымдар мен этномәдени бірлестіктердің ұстанымдарын ескеруге, түрлі көзқарастарды салыстырып, жалпыұлттық мүдделерге сай келетін шешімдерді табуға.
2. Қазақстан Халық кеңесі еліміздің әлеуметтік және аймақтық әртүрлілігін паш етеді
Қазақстан Халық кеңесінің сапалы құрамы, шын мәнінде өкілді қоғамдық институт қалыптастыруға деген ұмтылысты көрсетеді.
Оның құрамына 40 әйел адам (31,7%) мен барлық өңірлердің өкілдері кірді.
Кең өкілдік әртүрлі әлеуметтік топтардың, аумақтар мен қауымдастықтардың мүдделерін ескеруге мүмкіндік береді.
Бұл әсіресе Қазақстанның дамуының аса маңызды мәселелері бойынша жалпыұлттық диалог алаңы және ортақ шешімдер әзірлеуі тиіс орган үшін маңызды болып отыр.
3. Тәжірибе мен тың көзқарас тепе-теңдігі
Қазақстан Халық кеңесінің кеңесі мүшелерінің орташа жасы 49,3 жасты құрайды.
Бұл – кәсіби және өмірлік тәжірибені қоғамдық үдерістерге заманауи көзқараспен үйлестіретін оңтайлы көрсеткіш.
Кеңестің құрамына белгілі мемлекет және қоғам қайраткерлері (Е.Әбіл, Ә.Алтай, Р.Кенжеханұлы, В.Ким және т.б.), сондай-ақ көшбасшылардың жаңа буыны (О.Сүлеймен, О.Спирина, В.Тахтай, А.Кан, А.Серікжанова және т.б.) кірді.
Мұндай тепе-теңдік сабақтастықты сақтап қана қоймай, мемлекеттік және қоғамдық өмірдің өзекті мәселелерін талқылауға жаңа тәсілдер енгізуге мүмкіндік береді.
4. Институционалдық және саяси тәжірибесі мол
Қазақстан Халық кеңесінің сарапшылық және институционалдық әлеуеті айтарлықтай зор.
Оның 25 мүшесі бұған дейін Конституциялық комиссияның жұмысына қатысқан, тағы 16-сы Парламенттің түрлі шақырылымның бұрынғы депутаттары, 3 адам «Қазақстан Еңбек Ері» атағының иегері (Г.Зенченко, Т. Макишев, И. Шағыртаев).
Демек, құрамның едәуір бөлігі қоғамдық-саяси қызметте, заң шығару ісінде және ауқымды мемлекеттік реформаларды талқылауда іс жүзінде тәжірибесі бар болып отыр.
Белгілі есімдердің ішінен Н.Сабильянов, М.Әбенов, Н.Жүсіп, Е.Бапи, Е.Жаңбыршин, Н. Дементьева, А.Сәдуақасова, Г.Шиповский және т.б. атап өтуге болады.
Бұл Кеңестің тез арада мазмұнды да маңызды жұмысқа кірісіп, кәсіби тұрғыда пысықталған ұсыныстар тұжырымдауына мүмкіндік береді.
Сонымен қатар Қазақстан Халық кеңесінің құрамынан Ұлттық құрылтай мен Конституциялық комиссияға үлес қосқандардың табылуы соңғы жылдары басталған қоғамдық диалогтың сабақтастығын қамтамасыз етеді.
Олардың мемлекеттік реформалар мен конституциялық қайта құру кезінде, сондай-ақ ұлттық даму мәселелерін талқылау кезінде жинақтаған тәжірибесі енді жаңа институционалдық алаңда пайдаланылатын болады. Бұл Кеңестің жұмысы таза парақтан басталмайтынын, бұрыннан қалыптасқан идеяларға, құзыреттерге және қоғаммен өзара әрекеттесу тетіктеріне сүйенетінін білдіреді.
5. Әйелдердің жоғары өкілдігі (үлесінің көп болуы)
Қазақстан Халық кеңесі құрамының 31,7% әйелдер.
Бұл – әйелдердің еліміздің қоғамдық-саяси өміріне араласуының жүйелі түрде кеңейіп келе жатқанын айғақтайтын маңызды көрсеткіш.
Олардың өкілдігі отбасы, білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, кәсіпкерлік және адами капиталды дамыту мәселелеріне тереңірек үңілуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар әйелдер Кеңес құрамында тек әлеуметтік сала өкілдері ретінде ғана емес, сондай-ақ мемлекеттік басқару, экономика мен қоғамдық қызметте тәжірибесі бар кәсіби мамандар ретінде таныстырылған.
Мысалы, еңбек жолын қазақ тілі мен әдебиет пәнінің мұғалімі ретінде бастаған Наталья Дементьева кейін Мәжілістің екі бірдей шақырылымында депутат болды, ал Назипа Шанаи – Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның мүшесі болған.
Қазақстан Халық кеңесінің құрамына еліміздегі ірі талдау орталықтарының жетекшілері А.Сәдуақасова (Философия, саясаттану және дінтану институтының директоры), Б.Рақышева («Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры), Ж. Ысқақова («Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ Басқарма төрағасы), Н.Мұхтарова («Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры) және т.б. кірді. Қазақстан Халық кеңесіне ұсынылған 40 әйелдің әрқайсысы өз саласына еңбегі сіңген маман.
6. Аймақтардың тікелей өкілдігі
Қазақстан Халық кеңесінің аса маңызды міндеті – жалпыұлттық және өңірлік күн тәртіптердің арасын жалғау – тұрақты байланысты қамтамасыз ету.
Аймақтардың өкілдігінің кең болуы (мәслихаттар мен қоғамдық кеңестерден 42 адам) бұл мәселені табысты түрде шешуге мүмкіндік береді.
Қазақстан үлкен ел, мегаполистер үшін өзекті мәселелер облыстардың, моноқалалар мен ауылдық аймақтардың мәселелерінен айтарлықтай ерекшеленуі мүмкін.
Сонымен қатар тәжірибе көрсеткендей, бүкіл ел үшін маңызды саналатын көптеген мәселелер алдымен нақты қала, аудан немесе облыс деңгейінде пайда болады. Дәл осындай жергілікті жерлерде көрініс тапқан қоғамдық сұраныстар мен мәселелер, сондай-ақ сол мезетте пайда болған шешімдер кейін жалпыұлттық деңгейде қажетке жарауы мүмкін тәжірибелерге айналады.
Түрлі өңір өкілдерінің мүше болуы орталықтан көзге түсе бермейтін мәселелерді уақытылы көтеруге, жалпыұлттық бастамаларды дайындауда аумақтық ерекшеліктерді ескеруге мүмкіндік береді.
Сондықтан Қазақстан Халық кеңесінің жүйесіндегі өңірлер бастамалардың, ұсыныстар мен тың шешімдердің толыққанды қайнары болмақ.
7. Қазақстан Халық кеңесі Қазақстан халқы Ассамблеясының қоғамдық маңызы бар функцияларының сабақтастығын қамтамасыз етеді
42 этномәдени бірлестік өкілдерінің мүше болуы Қазақстан Халық кеңесінің жалпыұлттық сипатын көрсетеді, ол ҚХА-ның жылдар бойы жинаған әлеуметтік маңызы бар тетіктер мен тәжірибелерді сақтайды және одан әрі дамыта береді: халықтық келісімді нығайту, қоғамдық тұрақтылық пен этномәдени бірлестіктермен өзара іс-қимыл.
Жинақталған тәжірибе мемлекет пен этномәдени бірлестіктердің өзара іс-қимылында, мәдени және тілдік алуан түрлілікті қолдауда, медиацияны дамытуда, дау-жанжалдардың алдын алуда, әлеуметтік, мәдени және ағартушылық бастамаларды іске асыруда қолданылатын болады.
Қазақ тілін одан әрі дамытып, насихаттауға ерекше көңіл бөлінбек. Бұл жерде өз үлесін Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының президенті – Р. Кенжеханұлы, «Қазақша сөйлесу клубы» қоғамдық жобасының авторы – О. Спирина, «Алаш» тілдік жобасының негізін қалаушы – А.Кан және т.б. қосуы тиіс.
Тұтастай алғанда, Қазақстан Халық кеңесінің құрамына кіретін этномәдени бірлестіктердің өкілдері, медиаторлар, сарапшылар, ғалымдар, қоғамдық келісім саласындағы практикалық жұмыс тәжірибесі бар шығармашылық орта өкілдері өздерінің кәсіби әрі табысты тәжірибесі арқылы ҚХА құзыреттерінің сабақтастығын қамтамасыз етеді.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.