Шаштың ерте ағаруы тек адамның жасына байланысты емес – зерттеу

Ақ шаштың пайда болуы тек адамның жасына байланысты емес. Оған тұқым қуалаушылықтан бастап, темекі шегу мен ағзадағы кейбір витаминдер мен микроэлементтердің деңгейіне дейін әртүрлі фактор әсер етуі мүмкін.

Соңғы зерттеулер ғалымдарға шаштың ағару процесін жасушалық деңгейде тереңірек түсінуге мүмкіндік беріп отыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты. 

2025 жылы Nature Cell Biology журналында жарияланған зерттеуде ғалымдар шаштың түсіне жауап беретін меланоциттермен байланысты дің жасушаларының ДНҚ зақымына қалай жауап беретінін зерттеген.

Зерттеу тышқандарға жүргізілген. Ғалымдар ДНҚ-ның қос тізбекті үзілістері кезінде меланоциттердің дің жасушалары белгілі бір өзгеріске ұшырап, біртіндеп азаятынын анықтаған. Нәтижесінде, шашқа түс беретін жасушалардың қоры кеміп, шаш ағара бастайды.

Зерттеушілер бұл процесті ағзаның зақымдалған жасушаларға жауап беру механизмдерінің бірі ретінде қарастырады. Бірақ  зерттеу нәтижесін «ақ шаш қатерлі ісіктен қорғайды» деп тікелей түсіндіруге болмайды. Авторлар жасушалардың әртүрлі генотоксикалық әсерге түрліше жауап беретінін көрсеткен. Оның үстіне, тәжірибе жануарларға жүргізілгендіктен, нәтижені адам ағзасына тікелей қолдану үшін қосымша зерттеулер қажет.

Ақ шаштың ерте шығуына не әсер етеді?

2026 жылы жарияланған ғылыми шолуда шаштың ағаруына әкелетін барлық механизм әлі толық анықталмағаны айтылады. Қазіргі зерттеулер бұл процесті генетикалық факторлармен, тотығу стресімен, ультракүлгін сәулемен, темекі шегумен және тамақтану ерекшеліктерімен байланыстырады.

Шаштың түсін меланин пигменті анықтайды. Ол шаш фолликулындағы меланоциттер арқылы өндіріледі. Жас ұлғайған сайын немесе белгілі бір факторлардың әсерінен бұл жүйенің жұмысы бұзылып, меланин азаяды. Соның салдарынан шаш сұр немесе ақ түске өзгереді.

Биыл жарияланған тағы бір зерттеуде шашы ерте ағарған адамдардағы бірқатар көрсеткіш салыстырылған. Нәтижесінде, олардың ферритин, В12 және D3 витаминдерінің деңгейі бақылау тобындағы адамдарға қарағанда төмен болғаны анықталған. Сондай-ақ шаштың ерте ағаруы мен отбасылық бейімділік, темекі шегу арасында статистикалық байланыс байқалған.

Дегенмен зерттеушілер бұл нәтижелерді шаш ағаруының тікелей себебі ретінде қарастыруға болмайтынын ескертеді. Зерттеу бір орталықта жүргізілген және мұндай байланысты нақтылау үшін ауқымды зерттеулер қажет.

Сондықтан ақ шаштың пайда болуын тек витамин жетіспеушілігімен, күйзеліспен немесе басқа бір фактормен түсіндіру дұрыс емес. Мамандар оның пайда болуына бірнеше фактор қатар әсер етуі мүмкін екенін айтады.

Ақ шашты қайта қарайтуға бола ма?

Қазіргі уақытта ағарған шашты бұрынғы табиғи түсіне қайтаратын тиімділігі ғылыми тұрғыда толық дәлелденген әмбебап ем жоқ.

2026 жылы жарияланған ғылыми шолуда шаш ағаруының молекулалық механизмдері белсенді зерттеліп жатқаны, алайда оны кері қайтаратын емдеу әдістерінің тиімділігі жөніндегі дәлелдер әлі жеткіліксіз екені көрсетілген.

Сондықтан ақ шаштың ерте пайда болуы байқалған жағдайда оның нақты себебін өз бетінше анықтауға тырыспай, дәрігерге жүгінген жөн. Қажет болған жағдайда маман ағзадағы В12 витамині, темір қоры және басқа көрсеткіштерді тексеруді ұсынуы мүмкін.

Ал әзірге ғалымдар шаштың ағаруына жауап беретін жасушалық механизмдерді зерттеуді жалғастырып жатыр. Соңғы зерттеулер бұл процестің бұрын ойлағаннан күрделірек екенін және оған жас ерекшелігімен қатар генетикалық, жасушалық және сыртқы факторлар әсер ететінін көрсетеді.