«Қайран әкеден» басталған күй-ғұмыр: Нұрымбай Сүлейменұлының күйшілік жолы

Әкеден жалғасқан күйшілік дәстүр

Қазақтың күйшілік дәстүрі көбіне ұстаздан шәкіртке, әкеден балаға жалғасып отырған. Бір әулетте  сақталған сарындар келесі буынның қолында жаңаша жалғасып, жаңа туындыларға ұласатын жағдайлар аз емес. Іле аймағында қазақ күйшілік ортасында қалыптасқан Нұрымбай Сүлейменұлының өнер жолынан да осындай сабақтастықты көруге болады.

Нұрымбай Сүлейменұлы 1956 жылдың ақпан айында Текес ауданы Қарадала ауылының Қапсалаң қыстағында дүниеге келген. 2025 жылы туған жерінде қайтыс болды. Қолдағы өмірбаяндық деректерде ол күйші, композитор, фольклорлық мұраларды жинаушы және мәдениет саласының қызметкері ретінде таныстырылады. Ел ішінде оның 80-нен астам ән-күй шығарғаны айтылады.

Нұрымбайдың музыкаға келуіне тікелей ықпал еткен адам – әкесі Сүлеймен. Деректерде Сүлейменнің ел ішінде танылған сыбызғышы болғаны айтылады. Баласына домбыраны алғаш үйреткен де – әкесі.

Нұрымбай жеті-сегіз жасынан әкесі сыбызғыда орындайтын күйлерді домбыраға салып тарта бастаған. Солардың қатарында «Ала айғырдың азынауы», «Жетім қыздың зары», «Аққу», «Бұғының шақыруы» аталады. 

Болашақ күйшінің әкесі 1972 жылы қайтыс болады. Қолдағы өмірбаяндық материалда оның Мәдениет төңкерісі жылдарында қуғын-сүргін көргені де айтылады. Әке қазасы кейін Нұрымбайдың шығармашылығынан орын алып, «Қайран әке» күйінің дүниеге келуіне негіз болған.

Нұрымбайдың күйшілік ортасы әкесінің өнерімен ғана шектелмеген. Ол Қарадала өңіріндегі Мұхаметжан, Жабықпай, Шамұғын секілді  күйшілерден тәлім алған. Сол ортада «Аңшының зары», «Сал күрең», «Күйген шапан», «Қара жорға», «Сары өзен», «Аққу», «Төрт жаяу», «Бес ұры» секілді күйлерді үйренген екен. Кейін оның музыкалық қоры өзге күйшілердің мұрасымен толыға түседі. Нұрысбай күйші Қожеке Назарұлы, Бейсенбі Дөненбайұлы, Қайрақбай Шәлекенұлы, Әшім Дүңшіұлының күйшілік дәстүрлері жетік меңгергені,  радио арқылы Тайыр Белгібайұлы, Әлппек Мәлікұлы, Қасымбай Құсайынұлы, Дәулет Мазақұлы, Камал Мақайұлы, Дәулет Халықұлы, Қизат Сейітқазыұлы сияқты өнерпаздардың орындауларын тыңдаған дейді.

Нұрымбай Сүлейменұлының шығармалары арасында «Қайран әкенің» орны бөлек. Бұл күйге оның әкесінің тағдыры тікелей арқау болғаны бірнеше материалда айтылады.

Күйшінің  шығармашылығын арнайы қарастырған Серік Әбілұлы «Қайран әкеге» кеңірек тоқталады. Автор күйдің мазмұнын өмірбаяндық оқиғамен байланыстырып қана қоймай, оның музыкалық құрылымы мен орындалуына да назар аударады. Күйдегі перне басу, саусақ қозғалысы мен қағыс тәсілдері шығарманың ішкі мазмұнын жеткізуге қызмет ететіні сөз болады.

Бұл жағынан «Қайран әке» туындысы Нұрымбайдың жеке өміріндегі оқиғаның күй тіліне көшкен мысалдарының бірі ретінде қарастыруға болады. Жалпы, бұл қазақ күйшілік өнерінде жиі кездеседі. Көп күйшілердің алғашқы туындысы өз өмірімен қатысты. Балалық шағында әкесінен күй үйренген Нұрымбай да кейін сол әкенің тағдырын өз күйінің тақырыбына айналдырды.

Нұрымбайдың шығармашылығы бір «Қайран әкемен» шектелмейді. Қолдағы материалдарда оның 80-нен астам ән-күй шығарғаны көрсетілген. Олардың арасында «Қарт толғауы», «Атамекен», «Құстар салтанаты», «Дала сыры», «Керуен», «Ғасыр аунаған», «Әлди бөпе», «Жерұйық», «Сайран өмір», «Шашу», «Сырласу», «Ыстық ұя» сияқты көптеген туындылар бар.

Соның ішінде «Қарт толғауы» туралы мәліметтер қызықты. Деректер бойынша, Нұрымбай бұл күйді 1998 жылы Іле өңірінде өткен ақындар айтысында өзі орындаған. Кейін Құрманжан Зікірияұлы «Қарт толғауын» жеке домбырада орындап, орындаушылық-композиторлық байқауда II дәрежелі жүлдеге ие болған.

Нұрымбайдың шығармаларын тек олардың шығу тарихымен таныстыру жеткіліксіз. Серік Әбілұлының талдауы күйшінің өзіндік орындаушылық және композициялық белгілерін де байқауға мүмкіндік береді.

Мақалада оның күйлерінде қос ішекті қатар пайдалану мен жекелеген тұстарда бір ішекке ауысу, түрлі қағыс үлгілерін қолдану сияқты ерекшеліктер көрсетілген. Күй әуені бас буыннан басталып, біртіндеп ортаңғы, одан үлкен сағаға қарай дамып, кейін бастапқы арнасына оралатын құрылымдар кездеседі. Мұндай өрістеу күйге кең тыныс пен тұтастық береді.

Сәрік Әбілұлы «Қарт толғауын» «Қайран әкемен» салыстыра отырып, оның ырғақтық және әуендік ерекшеліктеріне назар аударады. Кей тұстарынан төкпе күйге жақындайтын сипаттардың байқалатынын да жазады. Демек, Нұрымбайдың авторлық қолтаңбасын бір ғана белгімен сипаттау қиын. Қолдағы талдауларда қағыс, ырғақ, ішектерді пайдалану тәсілі және күйдің бас буыннан сағаға дейінгі дамуы қатар қарастырылады.

Нұрымбай Сүлейменұлының қызметінің тағы бір қыры – халық мұрасын жинау. Қолда бар материалдарды сараласақ, оның Текес өңіріндегі ауыз әдебиеті үлгілерін жинау және реттеу жұмыстарына қатысқаны көрсетілген. Жиналған материалдардың төрт томдық кітап болып жарық көруіне үлес қосқаны, ал 1992 жылы Шыңжаңдағы фольклор қоғамы тарапынан еңбегі бағаланғаны айтылады. Оның қаламынан халық мәдениетіне қатысты түрлі материалдар да туған. Атап айтқанда, «Домбырашы қыздың жар таңдауы», «Ақ сүйекке аялдағанда», «Халық ағартушысы Тоғжан», «Тойекеңнің асы және ондағы мәдениет» атты жазбалары аталады. Сонымен бірге домбыра, күйші, сыбызғы және халық композиторларына қатысты материалдар дайындаған екен.

Нұрымбай күйлері біртіндеп өзі өмір сүрген ортаның шеңберінен шығып, оркестрлік үлгіде де орындала басталды. Оның орындаулары мен шығармалары Қытай орталық халық радиосының, Шыңжаң халық радиосы мен телевидениесінің қорларына жазылған.

2004 жылы Нұрымбайдың «Қайран әке» атты ән-күй жинағы CD-дискімен бірге жарық көрді. Ал 2011 жылы Қазақстанда шыққан «Алыстағы шұғыла» жинағына күйшінің өмірбаянымен бірге «Қайран әке», «Шашу», «Сырласу», «Ыстық ұя», «Дала сыры» атты бес күйі енгізілген.

Осылайша, бастапқыда отбасында және жергілікті күй ортасында қалыптасқан репертуар кейін жазба, радио, сахна және жинақтар арқылы кеңірек тараған екен. 

Нұрымбай Сүлейменұлының күйшілік жолына қарағанда бір сабақтастық анық байқалады. Бала кезінде құлағына жеткен күй, көп ұзамай жалпы халықтық сазға айналады. Тіпті, шекарадан да асып, Қазақстан Республикасына да кең таралады. Бұл феноменді қолдан жасау қиын, тек шын өнер, шынайы күй ғана барша қазақты тербеткен әуенге ғана айнала алады. Нұрымбай күйшінің күйлері солардың қатарында. 

Нұрымбай Сүлейменұлының күйшілік мұрасымен жақынырақ танысқысы келетін тыңдарман үшін 27 қыркүйекте Астанадағы «Қазақконцерт» залында күйшінің шығармашылығына арналған концерт өтеді. Кеш барысында Нұрымбайдың күйлері орындалып, көрермен оның шығармашылық мұрасымен кеңінен танысуға мүмкіндік алады

Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына  белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.