Аз ұйықтайтындар да, көп ұйықтайтындар да тезірек қартаюы мүмкін – зерттеу

Тәулігіне алты сағаттан аз немесе сегіз сағаттан көп ұйықтау ағзадағы бірқатар жүйенің биологиялық қартаю көрсеткіштерінің жоғары болуымен байланысты.

Мұндай қорытындыға ауқымды зерттеу жүргізген ғалымдар келді, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Зерттеу нәтижесі  Nature ғылыми журналында жарияланды.

Ғалымдар ұйқы ұзақтығы мен адамның биологиялық жасы арасындағы байланысты анықтау үшін ауқымды деректерді талдаған. Зерттеуге 37 мен 84 жас аралығындағы адамдардың мәліметтері пайдаланылды. Биологиялық жас адамның төлқұжаттағы жасынан өзгеше. Ол ағза мен оның жекелеген жүйелерінің қандай қарқынмен қартаюы мүмкін екенін көрсететін бірқатар биологиялық көрсеткішке негізделеді.

Зерттеушілер магниттік-резонанстық томография, қан плазмасындағы ақуыздар мен метаболиттер туралы мәліметтер негізінде жасалған 23 биологиялық қартаю көрсеткішін қарастырған. Нәтижесінде, ұйқы ұзақтығы мен биологиялық қартаю арасында U-тәрізді байланыс анықталды. Яғни, тым аз ұйықтайтындарда ғана емес, ұзақ ұйықтайтын адамдарда да кейбір биологиялық қартаю көрсеткіштері жоғары болған.

Зерттеу дерегіне сәйкес, ең төмен биологиялық жас көрсеткіштері ағза жүйесі мен адамның жынысына қарай тәулігіне шамамен 6,4-7,8 сағат ұйықтайтын адамдарда байқалған. Ал алты сағаттан аз және сегіз сағаттан көп ұйықтау жеті ағза жүйесіндегі биологиялық қартаю көрсеткіштерінің жоғарылауымен байланысты болған.

Ғалымдар мұндай байланыс тек миға қатысты емес екенін анықтады. Ұйқы ұзақтығы жүрек, өкпе, бауыр, иммундық және эндокриндік жүйе, тері, май тіні мен ұйқы безінің биологиялық жас көрсеткіштерімен де байланысты болған.

Дегенмен зерттеу нәтижесі аз немесе көп ұйықтау ағзаның қартаюына тікелей себеп болады дегенді білдірмейді. Зерттеудің негізгі бөлігі ұйқы ұзақтығы мен биологиялық жас арасындағы байланысты көрсетеді. Мысалы, денсаулықтағы белгілі бір өзгерістер адамның ұзақ ұйықтауына да, биологиялық қартаю көрсеткіштерінің жоғарылауына да әсер етуі мүмкін.

Сондықтан ғалымдар ұйқыны ағзадағы қартаю процестері туралы ақпарат бере алатын маңызды көрсеткіштердің бірі ретінде қарастырады. Зерттеу авторларының айтуынша, алынған нәтижелер ұйқы мен қартаю арасындағы байланысты тек ми деңгейінде емес, бүкіл ағза бойынша бағалауға мүмкіндік береді.