Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданындағы Іле Қазақ автономиялық облысының Хочэн уезі лаванда алқаптарымен танымал. Мұнда өсірілетін хош иісті өсімдік ауыл шаруашылығы өнімі ғана емес, туризм мен өңдеу өнеркәсібінің бір бөлігіне айналған. Соның бір мысалы – Циншуйхэ кентіндегі «Цзею Гунчжу» лаванда саябағы. Саябақ аумағында мұражай, гүл алқабы, өндірістік цехтар, зертхана, туристік нысандармен қатар осында өсетін өсімдіктерден дайындалған өнімдерді сататын дүкен де орналасқан, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Біз барған «Цзею Гунчжу» лаванда саябағы Қытайдағы ұлттық деңгейдегі AAAA санатындағы туристік нысандардың қатарында. Саябақ Іле аңғарының солтүстік бөлігінде, Сайрам көлі мен Қорғас портына баратын бағыттардың арасындағы туристік маршрутта орналасқан.
Мұнда лаванда маусымы кезінде айнала күлгін түске боялады. Алайда саябақтың ерекшелігі тек әдемі гүл алқабымен шектелмейді. Мұнда келушілер лаванда өсіруден бастап, оны жинау, кептіру, эфир майын алу, сапасын бақылау және дайын өнім шығаруға дейінгі өндіріс процесін өз көзімен көре алады.
Саябақтағы музей экспозициясының негізгі бөлігі Іле аңғарындағы лаванда өндірісіне арналған. Музей қызметкерінің айтуынша, өңірдің табиғи жағдайы Францияның Провансына ұқсас.
Қытайдағы лаванда өндірісінде Хочэннің орны ерекше. Мұнда лаванда өсірумен қатар, одан эфир майы, гүл суы, құрғақ гүл және түрлі хош иісті бұйымдар өндіріледі.
Лаванда мұражайы төрт негізгі бөлімнен тұрады: негізгі зал, эфир майлары залы, өсімдік үлгілері қойылған бөлме және мәдени зал.
Негізгі залда өсімдіктің биологиялық ерекшеліктері, өсу кезеңдері, оны өсіру технологиясы, жинау және кептіру тәсілдері көрсетілген. Ал эфир майлары бөлімінде әлемнің әр түкпірінен жиналған өсімдік майлары қойылған.
Экспозициялар қатарындағы қызық нысандардың бірі – француз үлгісіндегі айдау қондырғысының 1:1 көлемде жасалған көшірмесі. Оның көмегімен өсімдік шикізатынан эфир майы мен гүл суын алу технологиясы көрсетіледі. Лаванда қызған бу арқылы өңделген кезде эфир майы мен су буы бөлініп, кейін конденсация нәтижесінде бір-бірінен ажыратылады.
Музейге келушілер лаванда алқабынан алынған өсімдіктің қандай өндірістік кезеңдерден өтетінін көзбен көріп, түсіне алады.
Мұражайдан шыққаннан кейін туристер хош иісті өсімдіктер бағы, түрлі түсті гүл алқабы, жел диірмені, лаванда теңізі, «43-параллель» пошта бөлімшесі және мәдени галерея арқылы өтіп, соңында лаванда алқабына шығады.
Хош иісті өсімдіктер бағында лавандадан бөлек раушан, жалбыз, тасшөп, түймедақ және басқа да өсімдіктердің түрлері өсіріледі.
Ал саябақтың «Күлгін теңіз» деп аталатын бөлігі осы жердің ең танымал жерлерінің бірі. Бұл аумақ лаванда гүлдеген кезде жерді тұтас жауып жатқан күлгін кілемге ұқсайды.
Саябақта туристер лаванда жайлы ақпарат алып қана қоймай, уақытын қызықты өткізе алады. «43-параллель» пошта бөлімшесінде лаванда тақырыбындағы ашықхат жіберуге, хош иісті сабын жасауға, кептірілген гүлдерден бұйым жасап, басқа да қолөнер түрлерімен айналысып көруге болады.
Мұндағы тағы бір ерекшелік гүл алқаптарының барлығы дерлік қол еңбегін қажет етеді. Саябақ қызметкерлері өсімдіктерді күтіп-баптау, арамшөптерден тазарту және жинау жұмыстарын өз қолымен жасайды.
Саябақта туристік орындардан бөлек, өндірістік аймақ бар. Мәдени галереядағы әйнек қабырғалар арқылы келушілер өндірістік цехтардың жұмысын сырттай бақылай алады.
Мұнда лавандадан эфир майын алу үшін бірнеше технология қолданылады. Соның бірі – субкритикалық және суперкритикалық экстракция қондырғылары. Компания өкілдерінің айтуынша, төмен температурада жүргізілетін бұл технология өсімдіктің хош иісті компоненттерін барынша сақтауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, саябақта жиналған лаванда шикізатын арнайы микротолқынды технология арқылы кептіретін цех бар. Қызметкерлердің айтуынша, бұл әдіс кептіру кезінде шикізаттың шаң-тозаңмен және сыртқы ортамен жанасуын азайтуға мүмкіндік береді.
Өндірістегі маңызды орындардың бірі – сапаны бақылау зертханасы. Мұнда дайын өнім арнайы жабдықтардың көмегімен тексеріледі. Зертханада газды хроматография-масс-спектрометрі, рефрактометр және поляриметр сияқты құралдар бар.
Ал шикізатты бастапқы өңдеу цехында жиналған лаванда арнайы тот баспайтын болаттан жасалған қазандықтарға салынып, одан эфир майы алынады. Мұнда мұражайда көрсетілген дәстүрлі француз тәсілінің негізгі принципі өндірістік жағдайда қолданылады.
Саябақтың соңғы нүктелерінің бірі – «Лаванда көшесі». Мұнда «Цзею Гунчжу» брендімен шығарылатын өнімдер сатылады.
Дүкенде эфир майлары, гүл суы мен гидролаттар, кептірілген өсімдіктер, хош иісті үй бұйымдары, жеке күтімге арналған өнімдері және басқа да тауарларды таба аласыз. Жалпы жеті санат бойынша 300-ден астам өнім бар.
Эфир майлары қатарында лавандадан бөлек раушан, жалбыз, түймедақ, розмарин, тасшөп және шалфей сияқты өсімдіктерден алынған өнімдер бар.
Мұнда косметикалық өнімдермен қатар тағамдық қоспалар да сатылады.
«Цзею Гунчжу» саябағының басты ерекшелігі – мұнда лаванда өсіру, оны өңдеу, ғылыми зерттеу және туризм өзара байланыстырылған. Сондықтан туристер мұнда тек гүл алқабын тамашалап қоймайды. Музейден лаванда туралы мәлімет алып, оның әртүрлі сорттарымен танысады, эфир майының қалай алынатынын көреді, өндіріс цехтарының жұмысымен танысып, лавандадан жасалған дайын өнімдерді ала алады.
Маусым айында лаванда гүлдеген кезде саябаққа келетіндердің қарасы көбейеді. Дәл осы кезеңде мұнда жыл сайын лаванда фестивалі мен карнавалы өтеді.
Бірнеше сағатқа созылған экскурсиядан кейін аңғарғанымыз – бұл жердің құндылығы көз тартар күлгін алқабымен ғана шектелмейді. «Цзею Гунчжу» саябағының тәжірибесі ауыл шаруашылығы мен өңдеу өндірісін туризммен ұштастырудың үздік үлгісін көрсетіп отыр.