«Әділет» партиясының Орталық аппаратының Қоғамдық қабылдау бөлмесінде Құрылтай депутаты Айжан Аймағанова азаматтарды қабылдады. Қабылдауға еліміздің әр өңірінен келген 26 азамат қатысып, тұрғын үй, жеке сот орындаушыларының әрекеті, сот шешімдері және заңнамаға өзгерістер енгізуге қатысты мәселелерін жеткізді, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Қабылдау барысында азаматтар өз мәселелерін айтып қана қоймай, оларды жүйелі түрде шешуге мүмкіндік беретін тетіктерді де ұсынды. Бірқатар өтініш бойынша нақты заңнамалық реттеу қажет екені де айтылды.
Қабылдауға арнайы Шымкенттен келген көпбалалы ана Гүлбану Нұрлыбай бірнеше жылдан бері шешімін таппай келе жатқан жер дауын көтерді. Оның айтуынша, кезінде өзіне тиесілі болған 1,2 гектар жер учаскесінің кадастрлық базадағы деректері өзгеріп, кейін аумақтың бір бөлігі өзге тұлғалардың атына өткен. Қазір ол жерде заңдастырылған қоймалар орналасқан.
«1,2 гектар жердің қазір 28 сотығы ғана менде қалды. Қоймалардың астындағы жерді де өз атыма рәсімдегім келді. Ол үшін жерге орналастыру жобасын жасап, әкімдікке келісуге бердім. Бірақ әкімдік жобаны келісуден бас тартты, себебін де көрсетпеді. Кейін қоймалардың астындағы жерді басқа адамға беріп қойғанын айтты. Бұл мәселе бойынша сотқа да жүгіндім. Сот барысында әкімдік өкілдері жерге қатысты қаулының күші толық жойылған деп ақпарат берген. Бірақ шын мәнінде қаулының тек бір бөлігі ғана заңсыз деп танылған. Осы ақпаратқа байланысты бірінші сатыдағы сот менің талабымды қанағаттандырмады. Кейін қалалық сот істі қайта қарауға жіберді. Қазір өзімде қалған 28 сотық жерге де мемлекеттік акт ала алмай отырмын. Әртүрлі себеп айтылады. Осы мәселені шешуге көмектессеңіз», – деді Гүлбану Нұрлыбай.
Депутат мәселені өз бақылауына алатынын, бірақ алдымен істің барлық құжатын жан-жақты қарау керек екенін айтты. Айжан Аймағанованың сөзінше, жер учаскесінің кадастрлық базадан қандай негізде шығарылғанын және қазіргі құқықтық мәртебесін анықтау маңызды.
Кездесуде жол қозғалысы қауіпсіздігіне қатысты мәселелер де көтерілді. Атап айтқанда, қоғам белсендісі Гүлзат Алмажанова алкотестер көрсеткіштерінің дұрыстығына күмән туындаған жағдайда қан талдауын тапсыру мүмкіндігіне қатысты ұсынысын білдірді. Оның айтуынша, кей жағдайда құрылғының көрсеткішіне келіспеген азаматтарға балама медициналық тексеруден өту мүмкіндігі берілмеген.
Депутат бұл мәселені заңнамалық тұрғыдан қарастыруға болатынын айтты.
– Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске өзгерістер енгізіледі деп жатыр. Алкоголь мөлшеріне, яғни промиллеге қарай белгілі бір айырмашылық енгізу қажет шығар. Мен жұмыс істейтін комитетте қазір бірнеше заң жобасы бар, соның қайсысына осы ұсынысты енгізуге болатынын қарап шығамын, – деді Айжан Аймағанова.
Қабылдау кезінде азаматтардың заң шығару жұмысына сарапшылар мен қоғам өкілдерін тарту мәселесі де сөз болды. Депутат Айжан Аймағанова нақты ұсынысы мен тәжірибесі бар азаматтармен жұмыс істеуге дайын екенін жеткізді.
«Жұмыс топтарында мәселені әр қырынан қарау маңызды. Сырттан сарапшылардың, тәжірибесі бар адамдардың ұсыныс айтуы да пайдалы. Пікірталас арқылы мәселенің тиімді шешімін табуға болады», – деді депутат.
Қоғамдық қабылдаудың негізгі мақсаты – азаматтардың өтініштерін тыңдап қана қоймай, оларды шешудің нақты жолдарын іздеу. Кездесу барысында жеке мәселелермен қатар, бірнеше азаматқа ортақ проблемаларды заңнамалық деңгейде көтеру қажеттігіне де назар аударылды.