Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті iPhone 18 смартфонына алдын ала тапсырыс беруге байланысты жаңа алаяқтық схемалар туралы ескертті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Шетелдік дереккөздердің мәліметінше, алаяқтар жаңа смартфонға деген қызығушылықты пайдаланып, азаматтарға алдын ала тапсырыс туралы жалған хабарламалар мен ұсыныстар жібереді.
Бірінші жағдайда Apple компаниясының атынан iPhone 18-ге алдын ала тапсырыс берілгені туралы хабарлама келеді. Одан бас тарту үшін «қолдау қызметіне» қоңырау шалу ұсынылады. Алайда көрсетілген нөмір алаяқтарға тиесілі. Олар тапсырыстан бас тартуды сылтау етіп, адамның құпия деректерін алуға тырысады.
Екінші жағдайда смартфонды тиімді бағамен және жылдам жеткізу шартымен брондау ұсынылады. Тапсырысты рәсімдеуге арналған сілтеме банк картасының деректері, құпия сөздер және басқа да жеке ақпарат сұрайтын жалған сайтқа апарады.
Комитеттің мәліметінше, алаяқтар адамды асығыс әрекет етуге итермелейді: бейтаныс тапсырыстан қорқытады немесе тиімді ұсынысты жіберіп алатындай әсер қалдырады.
Осыған байланысты күмәнді хабарламалардағы сілтемелерге өтпеу, ондағы нөмірлерге қоңырау шалмау, құпия сөздерді, PIN-кодтарды, банк картасының CVV-кодын және SMS арқылы келген растау кодтарын ешкімге бермеу ұсынылады.
Тапсырыс туралы ақпаратты сатушының ресми сайты немесе қосымшасы арқылы тексерген жөн. Егер карта деректері беріліп қойса немесе күмәнді ақша есептен шығарылса, дереу банкке хабарласып, картаны бұғаттау және полицияға жүгіну қажет.