Әскери қызмет тәртіптен басталады

5573 әскери бөлімінің оқу пунктіндегі жас толымның алғашқы күндері.

Таңғы сағат. Казармадағы тыныштықты кезекті пәрмен бұзды. Бірнеше минут бұрын ғана мұнда әркім өз шаруасымен жүрген. Бірі төсегін жинап жатса, екіншісі әскери киімінің жағасын түзеп әлек. Бір сарбаз айна алдына тоқтап, сыртқы келбетін тексеріп тұр. Енді бірі берцінің шаңын сүртіп, сапқа шығуға дайындалуда.

— Сапқа тұр!

Бір сәтте қозғалыс өзгерді. Әркім өз орнына асықты. Енді жаңа толым сарбаздары сапта тұр. Олардың жүздерінен әлі де алғашқы күндердің әсері байқалады. Бірінің қимылы нық, енді бірінің жанарында толқу бар. Бірақ барлығын біріктіретін бір нәрсе — олардың әскери өмірдегі алғашқы қадамды бірге жасап келе жатқаны.

Биылғы күзгі шақырылым кезінде елордалық Ұлттық ұлан бригадасы 746 жас сарбазбен толықты. Қазақстанның әр өңірінен жиналған жастар үшін Астана енді қызмет өткеретін қала ғана емес, өмірлеріндегі жаңа кезеңнің басталған жері. Ал сол жаңа кезеңнің алғашқы аялдамасы — оқу пункті. Бірінші күннің өзі көп нәрсені үйретеді Мұнда уақыттың өзі басқаша өтетіндей. Күн тәртібі нақты. Әр істің өз уақыты бар. Сап, сабақ, тамақтану, жаттығу, демалыс — барлығы белгіленген тәртіппен жүреді.

Алғашқы күндері бұл ырғаққа үйрену оңай емес.

Кеше ғана өз үйінде еркін жүрген жас енді таңертең белгіленген уақытта тұрып, төсегін жинап, формасын киіп, сапқа дайын болуы керек. Форманың әр қатпарының өз тәртібі бар. Жаға қалай тұруы керек?

Киімді қалай дұрыс үтіктеген жөн? Берціні қалай күткен дұрыс? Жеке заттарды қайда және қалай орналастыру керек? Бұл сұрақтардың жауабы оқу пунктінде біртіндеп меңгеріледі.

Кейбір сарбаз үшін киім үтіктеу немесе киімнің жағасын тігу үйреншікті болуы мүмкін. Ал енді бірі үшін бұл — бұрын істеп көрмеген жұмыс. Сондықтан мұнда ешкімнен бірден бәрін білу талап етілмейді. Көрсетеді. Түсіндіреді. Қайта жасатады. Дұрысын бекітеді. Күн өткен сайын кеше қиын көрінген дүниелер қалыпты әдетке айналады.

«Тәртіп өзіңнен басталады»

Оқу пунктінің бастығы, полковник Медет Ертайлақов жас сарбаздардың алғашқы кезеңдегі дайындығына ерекше мән береді. Оның айтуынша, әскери қызметке бейімделу тек саптық немесе атыс дайындығымен шектелмейді.

«Жас сарбаз ең алдымен әскери ортаның тәртібіне үйренуі керек. Бұл — уақытты дұрыс пайдалану, өзіне бекітілген міндетті орындау, сыртқы келбетін ұқыпты ұстау, қару-жарақ пен мүлікке жауапкершілікпен қарау сияқты қарапайым талаптардан басталады. Біздің мақсатымыз — осы талаптарды саналы түрде орындауға үйрету. Себебі тәртіп адамның күнделікті әдетіне айналған кезде ғана оның қызметтік дағдысы қалыптасады».

Оқу пунктінде жас сарбаздар жалпы әскери жарғыларды зерделеп қана қоймайды. Саптық, атыс, тактикалық және дене даярлығы сабақтарына қатысады. Қауіпсіздік талаптарын үйреніп, әскери қызметтің негізгі тәртібімен танысады. Бірақ мұндағы ең маңызды сабақтардың бірі қағазға жазылмайды. Ол — өзіңе жауап бере білу.

746 сарбаз. 746 мінез

Оқу пунктіне Қазақстанның әр өңірінен келген 800-ге жуық жастың әрқайсысының өз тарихы бар. Бірі Астанаға алғаш рет келген. Бірі үйінен алғаш рет ұзап шыққан. Бірі әскери өмірді бала кезінен армандаған. Енді бірі үшін бұл — өміріндегі жаңа сынақ. Сондықтан алғашқы күндері олардың бәрі бірдей бола алмайды. Бірі тез тіл табысады. Екіншісі біраз уақыт бақылап жүреді. Бірі дене даярлығына жақсы бейімделеді. Екіншісіне көбірек жаттығу қажет. Бірақ ортақ күн тәртібі оларды біртіндеп жақындастырады. Бірге сапқа тұрады. Бірге сабаққа кіреді, жаттығады, казарманы жинайды. Осылайша, бейтаныстықтың орнын жолдастық баса бастайды. Әскери қызметтің мәні де осында. Жаңа ортаға бейімделу. Алайда жас сарбаз үшін ең күрделі нәрсе кейде саптық дайындық немесе физикалық норматив емес. Жаңа ортаға үйрену. Туған үйден жырақ болу. Күн тәртібін өзгерту. Жүздеген бейтаныс адамның арасында өз орныңды табу.

Осы кезеңде жас толыммен психологтер  де тұрақты жұмыс жүргізеді. Жеке әңгімелесу, топтық сабақтар, психологиялық диагностика — мұның барлығы сарбаздың жаңа ортаға бейімделуіне бағытталған.

Психологиялық қамтамасыз ету қызметінің бастығы подполковник Жанар Шакаева алғашқы кезеңдегі жұмыстың маңызын былай түсіндіреді:

«Жас сарбаз үшін алғашқы кезең — жаңа ортаға бейімделу уақыты. Оның күн тәртібі, жауапкершілігі, айналасындағы адамдардың бәрі өзгереді. Сондықтан біз әр сарбаздың бейімделуіне назар аударамыз. Жеке және топтық жұмыстар арқылы олардың көңіл күйін, ұжымдағы қарым-қатынасын бақылап, қажет болған жағдайда психологиялық қолдау көрсетеміз. Ең бастысы — сарбаз өзіне қиындық туындағанда көмек сұрауға болатынын білуі керек», — дейді.

Психолог мамандардың жұмысы көзге бірден байқала бермейді. Бірақ кейде уақытында айтылған бір ауыз сөз, қысқа әңгіме немесе жай ғана тыңдай білу жас сарбаз үшін үлкен қолдау болуы мүмкін

Тәртіпке бастар алғашқы қадам

Саптағы сарбаздардың арасынан Атырау өңірінен келген қатардағы жауынгер Талғат Ғаламатты да көруге болады. Кеше ғана туған жерінен жыраққа шыққан жас сарбаз үшін оқу пунктіндегі әр күн — әскери өмірдің жаңа қырын танытқан алғашқы тәжірибе.

— Алғашқыда бәрі өзгеше болды. Күн тәртібіне үйрену, форманы дұрыс ұстау, сапқа уақытында шығу, пәрмендерді дұрыс орындау — барлығына бірден бейімделу керек болды. Қазір үйреніп қалдық. Жігіттер де бір-біріне көмектеседі. Командирлер әр нәрсені түсіндіріп, бағыт көрсетеді.

Оқу пунктіндегі өзгеріс бір сәтте қалыптаспайды. Ол күн сайын қайталанатын қарапайым әрекеттерден басталады. Бүгін сарбаз уақытында төсегін жинап, заттарын ретке келтіреді. Ертең формасын өзі үтіктеп, жағасын түзеп, сапқа жинақы шығады. Кеше қиын көрінген талаптар уақыт өте келе күнделікті дағдыға айналады. Ал сол дағдылардың жиынтығы жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастырады. Кейін пәрменді тыңдап, ойланбастан дұрыс әрекет етуге дағдыланады. Одан соң жанындағы жолдасының жағдайына назар аудара бастайды. Сөйтіп, тәртіп біртіндеп әдетке айналады. Ал әдет — мінезді қалыптастырады.

Әскери қызметтің алғашқы кезеңі дәл осы тұрғыдан маңызды. Мұнда жас сарбаз тек әскери білім алып жатқан жоқ. Ол өзіне жауап беруді, уақытты бағалауды, қиындыққа төтеп беруді, ортақ міндетке үлес қосуды үйреніп жатыр. Үлкен жол осылай басталады.

Кешкі уақыт

Күн бойғы сабақ пен жаттығудан кейін казармада тағы да қозғалыс бар. Бірі формасын реттеп жатыр. Екіншісі ертеңгі күнге қажетті заттарын дайындауда. Тағы бірі жолдасымен әңгімелесіп отыр. Бір қарағанда, қарапайым көрініс. Бірақ осы сәттердің арасында үлкен өзгеріс жүріп жатыр. Кеше ғана әр өңірден келген 800-ге жуық жас бүгінде бір әскери ұжымның құрамына бейімделіп келеді. Олардың алдында әлі талай сабақ, талай сынақ, талай жауапты міндет бар. Бірақ алғашқы қадам жасалды.

Бұл жерде алғашқы әскери дағдылармен бірге мінез де қалыптасады. Әрбір сап, әрбір орындалған пәрмен, әрбір жинақы киім — жас сарбаз үшін жауапкершілікке бастар кезекті қадам. Ал ең бастысы — әрқайсысы әскери қызметтің жеке адамның ғана емес, тұтас ұжымның ортақ жауапкершілігі екенін түсіне бастайды. Өйткені әскери қызметке дайындық — қаруды меңгеруден бұрын өзіңді тәртіпке үйретуден басталады.