Қазақстан материалдық емес мәдени мұраны ЮНЕСКО тізіміне енгізу жұмысын күшейтеді

Үш күндік семинар материалдық емес мәдени мұраны сақтау саласындағы қазақстандық мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруға, халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасуға және ЮНЕСКО-ның 2003 жылғы конвенциясын іске асыру шеңберіндегі жұмысты одан әрі жетілдіруге бағытталған

Астана қаласында «Жанды мұраны сақтау мен жеткізу тәжірибелері» тақырыбында материалдық емес мәдени мұраны сақтау бойынша үш күндік оқыту семинарының ресми ашылуы өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен ұйымдастырылған іс-шараны «Қазақстандық қоғамдық даму институты» КеАҚ ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі 2003 жылғы конвенциясын іске асыру аясында өткізуде.

Семинардың ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті, ҚР ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясы, ғылыми және сарапшылар қауымдастығының, музейлер мен білім беру ұйымдарының өкілдері, сондай-ақ Қазақстан өңірлерінен келген материалдық емес мәдени мұраны сақтау саласының мамандары қатысты.

Іс-шараға Таиланд  Корольдігі, Қырғызстан және Қазақстаннан сертификатталған халықаралық фасилитаторлар қатысып, материалдық емес мәдени мұраны сақтау және дамыту саласындағы халықаралық тәжірибелерімен бөлісті.

Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Сәбит Барлыбаев өз сөзінде осы бағытта сапалы ғылыми-зерттеулермен қатар, дәстүрді жеткізушілердің нақты қатысуы мен жергілікті қауымдастықтардың пікірі аса маңызды екенін айтты.

«Қазақстан ЮНЕСКО-ның 2003 жылғы Конвенциясы аясындағы жұмыстарды жүйелі түрде жүзеге асырып келеді. Өздеріңізге белгілі, бүгінде  Қазақстанға қатысты 14 элемент ЮНЕСКО-ның Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының Репрезентативтік тізіміне енгізіліп, тағы бірқатар элементтер бойынша номинациялық материалдарды дайындау жұмыстары жүргізілуде» – деді Сәбит Барлыбаев.

Қазақстан Республикасының ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссиясының Бас хатшысы Жанар Шайменова өз сөзінде Қазақстанның халықаралық мәдени ынтымақтастық аясындағы бастамаларына тоқталып, материалдық емес мәдени мұраны сақтау саласындағы халықаралық тәжірибе алмасудың маңыздылығын атап өтті.

«Бүгінгі семинардың ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі Конвенциясын іске асырудың практикалық мәселелеріне арналуы – мәдени мұраны сақтау мен халықаралық деңгейде ілгерілету үшін ерекше маңызды. Қазақстанның бай әрі алуан түрлі мәдени мұрасын сақтау, дамыту және әлемдік мәдени кеңістікте таныту – баршамызға ортақ жауапкершілік», – деді Жанар Шайменова.

ҚҚДИ Басқарма төрағасының орынбасары Жанар Боқанова өз сөзінде семинардың мақсатына тоқталып, материалдық емес мәдени мұраны сақтау бағытындағы ғылыми-әдістемелік және практикалық жұмыстың маңыздылығын атап өтті.

«Материалдық емес мәдени мұраны сақтау мәдениет саласының шеңберінен әлдеқайда кең мәнге ие. Бұл – қоғамның тұрақты әрі орнықты дамуының маңызды ресурсы. Өміршең дәстүрлер адамдардың белгілі бір ортаға тиесілілік сезімін қалыптастырып, ұрпақтар сабақтастығын нығайтады, өзара құрметке, қоғамдық келісімге және мәдени әралуандықты сақтауға ықпал етеді», – деді Басқарма төрағасының орынбасары.

Оқытудың маңызды бағыттарының бірі – материалдық емес мәдени мұра элементтерін ЮНЕСКО тізімдеріне енгізуге қажетті номинациялық досьелерді әзірлеу. Қатысушылар досьеге қойылатын халықаралық талаптарды зерделеп, номинацияларды дайындаудың практикалық тәсілдерімен танысты.

Бұл бағыт Қазақстан үшін де нақты практикалық маңызға ие. ҚҚДИ қазіргі уақытта ЮНЕСКО тізімдеріне енгізу үшін екі номинациялық досье және ИСЕСКО аясында екі номинациялық досье әзірлеу жұмыстарын жүргізуде. Семинар барысында жинақталған халықаралық тәжірибе осы жұмыстарды жетілдіруге және материалдық емес мәдени мұраны халықаралық деңгейде таныту тетіктерін дамытуға мүмкіндік береді.

Семинардың алғашқы күнінде қатысушылар халықаралық тәжірибемен танысып қана қоймай, номинациялық материалдармен жұмыс істеудің практикалық тәсілдерін талқылады. Оқыту жұмысы 25 қыркүйекке дейін жалғасады.

Үш күндік семинар материалдық емес мәдени мұраны сақтау саласындағы қазақстандық мамандардың кәсіби әлеуетін арттыруға, халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасуға және ЮНЕСКО-ның 2003 жылғы конвенциясын іске асыру шеңберіндегі жұмысты одан әрі жетілдіруге бағытталған.