Президент журналистерге Ақ үйге кіруге тыйым салды

CNN, MS NOW және Politico журналистеріне Ақ үйге кіруге тыйым салынды. Бұған жауап ретінде америкалық ірі телеарналар президенттің қызметін жариялауды ішінара тоқтату туралы шешім қабылдады.

The Wall Street Journal басылымының екі материалына сүйенген Aikyn.kz Трамп әкімшілігі мен америкалық журналистер арасындағы қайшылықтың қалай өрбігенін және оның журналистердің Ақ үйдегі жұмысына әсерін талдайды.

Президент Трамп өткен жұмада (18 қыркүйек) Truth Social әлеуметтік желісінде CNN, MS NOW және Politico басылымдарын өз әкімшілігінің қызметін бұрмалап жариялады деп айыптады. Президенттің айтуынша, аталған ақпарат құралдарына Ақ үйге кіруге тыйым салу туралы шешім олардың материалдарына байланысты қабылданған.

«Медиа құралдары АҚШ президентінің, Трамп әкімшілігінің немесе Америка Құрама Штаттарының қызметін жариялаған кезде үнемі ойдан шығарылған ақпарат пен өтірік тарата бермеуі керек», – деп жазды ол Truth Social-да.

Ақ үйдегі Oval Office-те журналистер президенттен бұндай шешімнің себебін сұраған. Трамп бұл бір ғана материалға емес, ұзақ уақыт бойы жиналған наразылыққа байланысты екенін айтқан. Оның сөзінше, бұндай ақпарат ағынынан адам ақырында шаршайды.

Бұл шешім журналистердің Ақ үйдегі жұмысына тікелей әсер етті. Дүйсенбі күні (21 қыркүйек) президенттің Нью-Йоркке сапарын жариялауға тиіс журналистік пулдан CNN алынып тасталды. Осыдан кейін АҚШ-тың ірі телеарналары президент іс-шараларын бірлесіп түсіруді уақытша тоқтатуға келісті. 

Әдетте бұндай топқа әртүрлі медиа құралдарының тілшілері, операторлары мен фотографтары кезекпен қатысады. Олар президенттің сапарларын және барлық журналист бірдей кіре алмайтын кездесулерін жариялап, түсірілген материалдарды басқа редакцияларға таратады. Сондықтан бір телеарнаны топтан шеттету бүкіл жүйенің жұмысына әсер еткен.

Төмендегі CNN материалында айтылған ойлар да қазақ қоғамы үшін өзекті әрі назар аударуға тұрарлық:Fox News телеарнасының Вашингтондағы бюро жетекшісі әрі тележурналистер тобының төрағасы Брайан Боутон әріптестеріне жолдаған хатында шешімнің себебін түсіндірді.

«Бүгіннен бастап тележурналистер пулы президенттің осы топқа арналған іс-шараларын жарияламайды. Бұған Ақ үйдің CNN-ге өз міндетін орындауға мүмкіндік бермеуі себеп болды», – деп мәлімдеді ол. 

Fox News, ABC News, CBS News, CNN және NBC News бірлескен мәлімдеме жасап, қоғамның президент қызметі туралы тәуелсіз ақпарат алу құқығын атап өткен. CNN, MS NOW және Politico өкілдерінің Ақ үйге кіруіне қойылған шектеуге байланысты сотқа жүгіну де болған. Талап арызда президенттің шешімі АҚШ Конституциясының сөз және баспасөз бостандығын қорғайтын Бірінші түзетуіне қайшы екені айтылған. 

Бұл Трамп әкімшілігі мен журналистер арасындағы алғашқы дау емес. Бұған дейін Ақ үй Associated Press агенттігінің президент іс-шараларына қатысуын шектеген. 2018 жылы да Трамптың бірінші президенттік мерзімінде CNN тілшісі Джим Акостаның Ақ үйге кіру рұқсаты тоқтатылып, кейін сот араласқан соң қалпына келтірілген. 

Қазіргі дау жекелеген редакциялардың Ақ үйге кіру мәселесінен ауқымдырақ сипат алып отыр. Медиа құралдар президент қызметін жариялау мүмкіндігі журналистердің материалдарының мазмұнына тәуелді болмауы керек деген ұстаным білдірсе, Трамп әкімшілігі өз шешімін журналистер тарапынан жалған ақпарат таратылады деген айыптаумен негіздейді. Соңғы шектеулер АҚШ-та биліктің ашықтығы мен тәуелсіз баспасөздің құқықтарына қатысты пікірталасты қайта күшейтті.