Газға қосылған үй иелеріне 500 заманауи смарт-есептегіш тегін беріліп, орнатылады. Ұйымдастырушылар тұрғындарға құрылғыны пайдалану және газды қауіпсіз қолдану ережелері бойынша кеңес беріп жатыр. Жоба Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған атаулы көмек қағидатына негізделген: «Мемлекеттік қолдау шын мәнінде мұқтаж адамдарға көрсетілуі қажет». Мемлекет басшысы атап өткендей, кез келген әлеуметтік көмек әділ, ашық және тиімді болуға тиіс.
Дәл осы бағдар «Әділет» партиясының қызметіне де негіз болып отыр. Партия тұрғындардың мүддесін қорғау мен олардың күнделікті тұрмыстық мәселелерін шешу ісін негізгі басымдық санайды. Ақылды есептегіштер газ шығынын нақты есепке алып қана қоймай, көгілдір отынды оны пайдалану барысындағы қауіпсіздікті арттырады.
Бұл акция – ауқымды газдандыру жұмысының заңды жалғасы. Жергілікті тұрғын, зейнеткер Ольга Рыжова ақпанның соңында үйіне газ тартылып, тұрмысы айтарлықтай жеңілдегенін және шығыны да азайғанын атап өтті.
– Газға қосылғаннан кейін шығындарымыз айтарлықтай азайды. Смарт-есептегішпен одан да ыңғайлы болады деген ойдамын. Себебі есептегіш көрсеткішін үнемі телефон арқылы хабарлап отырудың қажеті болмайды. Осы мәселе бойынша түрлі мекемеге өтініш жасалған еді. Ақыры ол оң шешімін тапты. Бұл іске «Әділет» партиясы үлкен үлес қосты, – деді Ольга Рыжова.
Жабдықтарды орнату жұмысы күн суығанға дейін жалғасып, ұйымдастырушылар осы әлеуметтік акция қорытындысы бойынша толық есеп ұсынады. Онда орнатылған есептегіштер мен қолдау көрсетілген отбасылар саны қамтылады.
Бекбол АМАНГЕЛДІ