Сонымен қатар Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкімен әріптестік туралы негіздемелік келісім және Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропа конвенциясы бойынша екі ратификациялық заң қабылданды.
Мемлекет басшысы ұсынған Конституциялық Сот судьяларының, сондай-ақ Орталық сайлау комиссиясы мен Жоғары аудиторлық палата мүшелерінің кандидатураларын Президент Әкімшілігінің Басшысы Роман Скляр таныстырды. Ол Қазақстан Республикасы Конституциясының 6-бабының 2-тармағына сәйкес, аталған лауазымдарға тағайындау Құрылтайдың келісімімен жүзеге асырылатынын атап өтті.
Қарастыра келе, депутаттар Конституциялық Соттың он судьясын тағайындауға келісім берді. Олар – Сәкен Абдолла, Қайрат Жақыпбаев, Ләйла Жақаева, Айжан Жатқанбаева, Айгүл Қыдырбаева, Қанат Мусин, Бақыт Нұрмұханов, Сергей Скрябин, Аслан Тукиев және Сергей Ударцев.
Сонымен қатар Құрылтай Орталық сайлау комиссиясының алты мүшесін тағайындауға келісім берді. Олар – Азамат Айманакумов, Михаил Бортник, Мұхтар Ерман, Әсел Жанәбілова, Ләззат Сүйіндік және Шавхат Өтемісов.
Сондай-ақ депутаттар Жоғары аудиторлық палатаның мүшелері қызметіне тағайындау үшін ұсынылған Бақыт Әбілдинов, Рахымжан Ділдаев, Амангелді Есенов, Ғабиден Жақсылықов, Руслан Мелдебеков, Нұрлан Нұржанов, Ардақ Теңгебаев және Юлия Энгельдің кандидатураларына келісім берді.
Құрылтай депутаттары «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкі арасындағы әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау туралы» заңды екі оқылымда қабылдады. Құжатты Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин таныстырды.
– Келісімде мемлекеттік кепілдікпен қарыздар мен гранттық жобаларды іске асыру кезінде Банктің Саясаттары мен Ережелерін қолдануға байланысты ұлттық заңнамадан өзгеше нормалар белгіленеді. Атап айтқанда, тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді сатып алу қағидаларын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы, экологиялық, әлеуметтік стандарттарды, еңбек стандарттарын және АИИБ-тің ақпаратты көрсету нормаларын қолдану көзделеді, – деп түсіндірді ол.
Серік Жұманғарин Негіздемелік келісім ратификацияланғаннан кейінгі алғашқы бес жылда ел экономикасына жеңілдетілген шарт бойынша шамамен 6 млрд доллар көлемінде қосымша «ұзақ мерзімді ақша» тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Құрылтай депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Қайрат Айтуғановтың айтуынша, қаржы көлік логистикасы, «жасыл» энергетика, цифрландыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және инженерлік коммуникацияларды жаңғырту сияқты салалардағы ауқымды жобаларды іске асыруға бағытталады.
Атап айтқанда, жақын арада «Жезқазған – Қарағанды», «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын», «Атырау – Доссор» және «Мойынты – Қызылжар» бағыттарындағы автомобиль жолдары мен теміржолдарды қайта жаңарту бойынша жұмыс басталады. Бұл жобаларды іске асыру Мемлекет басшысының көлік инфрақұрылымын жан-жақты дамыту жөніндегі тапсырмасына тікелей сәйкес келеді. Ұзақмерзімді перспективада Банк жобаларын іске асыру жалпы ішкі өнімнің өсуіне, жұмыс орындарын құруға, жеке сектор мен шағын және орта бизнесті дамытуға, инновацияларды ынталандыруға, инвестициялық ахуалды және елдің кредиттік рейтингін жақсартуға ықпал етеді.
Депутат Тәттігүл Талаеваның АИИБ жобаларын қаржыландыру шарттары туралы сұрағына жауап берген Серік Жұманғарин қаржыландыру валютасына қарай қарызды өтеу мерзімі жылдық 1%-дан 1,5%-ға дейінгі мөлшерлемемен 35 жылға дейін болуы мүмкін екенін айтты. Сондай-ақ келісім жасалғаннан кейін Қазақстан мемлекеттік кепілдікпен қаражат тарту мүмкіндігіне ие болады. Бұл мемлекеттік борышты ұлғайтпайды, ал қаражатқа қызмет көрсету және оны қайтару іске асырылатын жобалардан түсетін кіріс есебінен жүзеге асырылады.
Депутаттар сондай-ақ АИИБ талаптары мен Қазақстанның қолданыстағы құқықтық нормалары арасындағы айырмашылықтар, Үкіметтің Құрылтайда ратификациялау рәсімінен өтпей қарыз тарту шарттары және өңірлерге арналған инфрақұрылымдық жобаларды іріктеу критерийлері туралы сұрақтар қойды.
Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропа конвенциясын ратификациялау туралы заң да екі оқылымда қабылданды. Құжаттың нормаларын депутаттарға Бас прокурордың орынбасары Ғалымжан Қойгелдиев таныстырды.
Ескертпелер мен мәлімдемелерге сәйкес, Қазақстан іс-әрекет екі тарапта да қылмыстық тұрғыдан жазаланатын және қазақстандық заңнамаға сәйкес келген жағдайда ғана мүлікті іздестіру немесе оған тыйым салу туралы сұрау салуларды орындауға құқылы. Сондай-ақ шетелдік азамат талап еткен жағдайда оның қамауға алынғаны, түрмеге қамалғаны, күзетпен ұсталғаны немесе ұстап алынғаны туралы консулдық мекемелерге хабарлау мүмкіндігі қарастырылған.
Бұдан бөлек, адамның қатысуы туралы шақыру қағазын табыстау жөніндегі тапсырма адамның қатысуы белгіленген күннен кемінде 50 күн бұрын берілуге тиіс. Қазақстанға келіп түсетін сұраулар қазақ немесе орыс тілдеріндегі аудармаларымен қоса берілуге тиіс.
Қазақстанда құқықтық көмек туралы сұрау салуларды жіберуге және алуға уәкілетті орталық органдар ретінде Жоғарғы Сот пен Бас прокуратура айқындалды.
Қосымша баяндама жасаған Құрылтай депутаты, жұмыс тобының жетекшісі Айжан Аймағанова Конвенцияны ратификациялау Қазақстанның Еуропа мемлекеттерімен құқықтық ынтымақтастығын жаңа деңгейге көтеруге, сондай-ақ жаңа Конституцияда бекітілген заң үстемдігі, адам құқықтарын қорғау және қылмыстық істер бойынша халықаралық ынтымақтастық қағидаттарын іске асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Құжат нормаларымен танысқан депутаттар Қылмыстық істер бойынша өзара құқықтық көмек туралы Еуропа конвенциясына қосымша хаттамалар, сондай-ақ Қазақстанның қылмыстық істер бойынша халықаралық ынтымақтастық саласындағы Еуропа Кеңесінің төрт конвенциясына қосылу жоспары туралы сұрақтар қойды. Бұдан бөлек, басқа мемлекеттің аумағында мүлікке тыйым салу немесе оны тәркілеу мүмкіндігі, құқықтық көмек көрсету кезінде жалпы қылмыс пен әскери қылмыстарды ажырату және басқа да мәселелер көтерілді.
Отырыс соңында Құрылтай депутаттары мемлекеттік органдарға өзекті әлеуметтік және экономикалық мәселелер бойынша 18 депутаттық сауал жолдады. Олардың барлығы Құрылтайдың ресми сайты мен Telegram арнасында жарияланды.
Отырыс қорытындысы бойынша Азия Инфрақұрылымдық Инвестициялар Банкімен әріптестік туралы негіздемелік келісімді ратификациялау мәселелері бойынша БАҚ өкілдеріне арналған брифинг өтті. Журналистердің сұрағына Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин, сондай-ақ Құрылтай депутаттары Қайрат Айтуғанов пен Гүлназ Атамқұлова жауап берді.