Қазақстанда кейінгі жылдары «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында табиғатқа жанашырлықпен қарау, қоршаған ортаның тазалығын сақтау және елді мекендерді абаттандыру бағытында ауқымды шаралар атқарылуда. Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан бұл республикалық акция аясында экологиялық мәдениет пен туған табиғатты қорғау түсінігін қалыптастыру шаралары және қалаларды абаттандыру мен көгалдандыру, аймақтар мен алыс елдімекендерді, өзен аңғарлары мен орман-тоғайларды қоқыстан тазарту жұмыстары қолға алынған.
Биыл еліміздің барлық өңірінде Дүниежүзілік тазалық күніне орай экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылды. Ресми ақпаратқа сәйкес, республиканың түкпір-түкпірінен аталған шараға 513 мыңнан астам адам қатысты. Акция барысында саябақтар мен қоғамдық орындар, орман алқаптары, өзен жағалаулары мен су қоймалары, қалалар мен ауылдардың шеткі аумақтары тазартылды.
Ақтөбе облысының тұрғындары да республикалық экологиялық шараға белсене қатысып, өңір табиғатының тазалығын сақтау жұмыстарына «бір кісідей» жұмылды. Ақтөбе өңірін көгалдандыру және қоршаған ортаны қоқыстардан тазарту, ағаш отырғызу секілді экологиялық шаралар Ақтөбе қаласында және облыстың барлық ауданында ұйымдастырылды. Мемлекеттік қызметшілер мен еңбек ұжымдарынан бөлек, жастар, еріктілер, белсенділер, өнер адамдары және қарапайым тұрғындар ортақ іске атсалысты.
Қазақ – «Жұмыла көтерген жүк жеңіл», «Бір тал кессең, он тал ек» деп өсиет еткен халық. Бұл тұрғыдан алғанда «Таза Қазақстан» – тазалықтан басталып, ортақ мәдениетке айналатын үлкен іс. Облыс әкімі Асхат Шахаров тұрғындармен бірге «Қоныс» спорт сарайының жанындағы жаңа саябақ аумағында ағаш отырғызды. Сондай-ақ облыс әкімі сенбілікке қатысқан барлық тұрғындарға алғыс білдіріп, дүниежүзілік тазалық күнінің маңызына тоқталды.
– Біз сүйікті қаламызды абаттандыруға өз үлесімізді қосу үшін жиналдық. Сенбілікке белсенділер, еріктілер, өнер саласының өкілдері және облыс тұрғындары – жалпы 12 мыңға жуық адам шықты.
Бұл шара Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының тапсырмасы аясында жүзеге асырылып жатқан республикалық «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық бағдарламасы аясында ұйымдастырылуда. Бағдарламаның мәні тек көшелерді тазалаумен шектелмейді, бұл – адамның қоршаған ортаға деген көзқарасын өзгерту, экологиялық мәдениетті қалыптастыру және әрбір азаматтың өз қаласына, ауылына, көшесіне деген жауапкершілігін арттыру, – деді Асхат Шахаров.
Облыс бойынша Дүниежүзілік тазалық күні аясында 7 200 түп ағаш отырғызылды. Оның ішінде мойыл, шетен, шаған, қарағай, сирень, тал, үйеңкі, шиыршықты тал, жеміс ағаштары, татар үйеңкісі және басқа да өсімдік түрлері бар. Мамандардың пікірінше, жабық тамыр жүйесі бар ағаштардың биіктігі шамамен екі-төрт метр аралығында, яғни агротехникалық талаптар сақталған және қазіргі ауа райына сай, бұл ағаштардың жерсіну мүмкіндігін арттырады. Облыстық Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Исатай Еспағанбетовтің айтуынша, күзгі алғашқы ағаш егу жұмысы басталды.
– Қазіргі уақытта ағаштарды жабық тамыр жүйесімен егіп жатырмыз. Ашық тамырлы көшеттерді қыркүйектің аяғы мен қазан айының басында егу жоспарланып отыр. Осындай көгалдандыру жұмыстары аудан орталықтары мен ауылдық округтерде де жалғасады. Осы саябақта қарағай, ирек тал және мойыл секілді 150-ден астам көшет егіледі, – деді ол.
Жалпы, кейінгі жылдары Ақтөбе өңірін жасыл желекпен көмкеру бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 2026 жылы Ақтөбе қаласы мен аудан орталықтарында 135 гектар аумақта жасыл белдеулер құру жоспарланды. Қазіргі уақытта 46 гектар алқапқа 154 мыңға жуық түп ағаш отырғызылды. Жұмыстарды биылғы жылдың қараша айына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр. Сонымен қатар облыста 12 қыркүйек пен 14 қараша аралығында екі айлық сенбілік өтіп жатыр. Оның аясында аумақтарды санитарлық тазарту, абаттандыру және көгалдандыру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
– Бүгін сенбілікке шығып, туған қаламыздың тазалығы мен абаттандырылуына үлес қосып жатқан Ақтөбе тұрғындарына алғысымды білдіремін. Бұл – біздің ортақ сүйікті қаламыз. Сондықтан оны таза әрі жайлы ету үшін бәріміз бірге атсалысуымыз қажет.
Егер біз тазалықты тек сенбілік кезінде ғана емес, күнделікті сақтайтын болсақ, қаламыз тұрғындар үшін де, туристер үшін де тартымды бола түседі. Сонда әрқайсымыз Ақтөбемізбен мақтана аламыз, – деді облыс әкімі.
Республика бойынша ауқымды шараға айналған «Таза Қазақстан» акциясы өңір тұрғындарын ортақ іске жұмылдырып, елді мекендерді көгалдандыруға, абаттандыруға және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Шара аясында елді мекендерді одан әрі көгалдандыру, қала және ауыл тұрғындары үшін қолайлы орта қалыптастыру, сондай-ақ қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәдениетін қалыптастыру жұмыстары жалғасады. Сонымен қатар Дүниежүзілік World Cleanup day акциясына қатысуымыз елімізді әлемдік экологиялық акцияға қатысушы ретінде «Жасыл экономика» қағидатын және 2030 тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізуді іске асыратын ел ретінде танытуға мүмкіндік береді десек болады.
Арай АСПАН