Бишілік өнер адамзат мәдениетіндегі көне әрі кең таралған өнер түрлерінің бірі. Оның классикалық сахналық үлгілері де, белгілі бір халықтың тарихы мен тұрмысынан қалыптасқан ұлттық түрлері де бар. Сонымен қатар уақыт өте музыкамен, жастар мәдениетімен және бұқаралық мәдениетпен бірге жаңа би бағыттары пайда болды. Олардың әрқайсысының өз орындаушылары, көрермендері және қозғалыс тілі қалыптасқан. Бүгінде әлемге кең тараған билерді шартты түрде бірнеше топқа бөлуге болады. Бұл мақалада соның біреуіне тоқталамыз.
ХХ ғасырдың екінші жартысында АҚШ-та жастардың көше мәдениетімен бірге бидің жаңа түрлері қалыптаса бастады. Нью-Йорк пен Калифорнияда туған бағыттар кейін музыка индустриясына, теледидар мен киноға еніп, бүкіл әлемге тарады. Олардың бірқатары бүгін «хип-хоп биі» деген ортақ атаумен аталғанымен, тарихы мен техникасы бірдей емес.
Хип-хоп (Hip-hop). Хип-хоп биі 1970-жылдардың соңы мен 1980-жылдары АҚШ-тағы хип-хоп мәдениеті аясында дамыған көше биінің бағыты. Оның қалыптасуына клубтардағы және көшедегі әлеуметтік билер, кейін party dances деп аталған қозғалыстар ықпал етті. Уақыт өте hip-hop dance өзіндік қозғалыс мәнері бар бағыт ретінде орнықты. Оның басты ерекшелігі — groove, яғни музыканың ырғағын бүкіл денемен үздіксіз сезініп қозғалу, bounce (дененің ырғақпен жоғары-төмен серпілуі) және еркін импровизация. Сондықтан хип-хопта дайын қимылдарды дәл қайталаудан гөрі бишінің музыканы өзінше сезінуі мен жеке мәнері маңызды. Қазіргі сахналық және коммерциялық хореографияда хип-хоп техникасы кеңінен қолданылады.
Брейкинг (Breaking). Брейкинг немесе b-boying/b-girling, 1970-жылдардың басында Нью-Йорктің Бронкс ауданында афроамерикалық және латино жастар ортасында қалыптасты. Оның алғашқы дамуы хип-хоп мәдениетінің бастауында тұрған DJ Kool Herc ұйымдастырған кештермен байланысты. Ол музыкалық шығармалардың соқпалы аспаптар айқын естілетін break бөліктерін ұзартып ойнатқан, ал бишілер сол бөліктерде ортаға шығып билеген. Осы ортадан b-boy және b-girl атаулары тарады. Кейін battle, яғни бишілердің бір-бірімен кезектесіп шеберлік сынасуы, брейкинг мәдениетінің маңызды бөлігіне айналды. Брейкингті бірден танытатын ерекшелік — еденде орындалатын қозғалыстардың көп болуы: toprock тік тұрып орындалады, footwork кезінде биші қолына сүйеніп аяқтарымен жылдам қозғалады, freeze кезінде денесін күрделі қалыпта қозғалтпай ұстайды, ал power moves айналу мен күшті қажет ететін қозғалыстардан тұрады. 2024 жылы брейкинг Париж Олимпиадасының бағдарламасына енгізілді.
Поппинг (Popping). Поппинг 1970-жылдары Калифорнияда қалыптасқан көше биі. Оның тарихында Фресно қаласының бишісі Сэм Соломон, яғни Boogaloo Sam, және кейін құрылған Electric Boogaloos тобы ерекше аталады. Дегенмен поппингті бір ғана адамның бір күнде ойлап тапқан биі деуге болмайды: оның алдында Калифорнияда boogaloo және басқа да көше би дәстүрлері болған, ал стиль бірнеше бишінің ықпалымен дамыған. Поппингті танудың ең оңай жолы — биші бұлшықетін өте тез жиырып, қайта босатады. Соның нәтижесінде денеге қысқа электр импульсі жүргендей «соққы» (pop немесе hit) пайда болады. Бұл әрекет музыканың ырғағымен қайталанады. Оған robot, waving, gliding секілді визуалды иллюзияға негізделген техникалар жиі қосылғандықтан, поппинг сырт көзге кейде механикалық немесе робот тәрізді көрінеді.
Локинг (Locking). Локингтің тарихы басқа бағыттарға қарағанда нақтырақ құжатталған. Оны америкалық биші Don Campbell 1970 жылы Лос-Анджелестегі Los Angeles Trade Technical College-де қалыптастырған. Campbell бастапқыда Robot Shuffle қимылын үйренбек болғанда қозғалысты дұрыс орындай алмай, арасында кенет тоқтап қалатын. Осы ерекшелік бірте-бірте оның жеке мәнеріне айналып, бастапқыда Campbellock деп аталды. Кейін ол Soul Train телебағдарламасына шығып, би кең аудиторияға тарады; The Lockers тобы да стильдің танылуына үлкен үлес қосты. Локингтің негізгі белгісі — жылдам әрі еркін қозғалыстың кенет үзіліп, дененің анық бір қалыпта «құлыпталып» қалуы, содан кейін қозғалыстың қайта жалғасуы. Қимылдар көбіне көңілді және көрерменмен тікелей қарым-қатынасқа құрылған. Сондықтан поппингтегі қысқа бұлшықет «соққысы» мен локингтегі денені тұтас тоқтатып қалуды шатастырмаған жөн.
K-pop dance. Қазіргі K-pop хореографиясының қалыптасуында 1980-жылдардағы корей dance-pop орындаушыларының тәжірибесі болғанымен, үлкен бетбұрыс 1990-жылдары жасалды. 1992 жылы Seo Taiji and Boys тобының шығуы корей поп-музыкасындағы музыка, сән және бидің арақатынасын айтарлықтай өзгертті: топ рэп, рок және хип-хоп элементтерін синхронды сахналық қимылдармен біріктірді. Кейін бұл тәсіл корей idol-индустриясының негізгі ерекшеліктерінің біріне айналды.
K-pop dance-тің басты ерекшелігі — белгілі бір ән үшін арнайы жасалған, көбіне бірнеше орындаушы бір мезгілде өте дәл орындайтын синхронды хореография. Оның ішінде хип-хоп, брейкинг және басқа да би бағыттарының элементтері араласа алады. Сонымен бірге әннің есте қалатын бөлігіне көрермен оңай танитын ерекше қимыл — point choreography жасалуы мүмкін. Сондықтан K-pop dance-ті бір қозғалыс техникасынан гөрі музыка, хореография, орындаушының бейнесі және топтық синхрондылық бірігетін заманауи сахналық би формасы ретінде түсінген дұрысырақ. Қазіргі K-pop би мәдениетін әлемдік деңгейде BTS, BLACKPINK, SEVENTEEN, TWICE, EXO секілді топтардың хореографияларынан көруге болады.
Билерді қалай ажыратуға болады?
Хип-хопта биші музыка ырғағына еркін қозғалып, өз мәнерін көрсетуге тырысады.
Брейкингте қимылдың едәуір бөлігі жерде орындалады: биші қолына сүйенеді, айналады, күрделі қалыпта қимылсыз тұрып қалады.
Поппингте дене бір сәт селк еткендей әсер береді. Бұл бұлшықетті тез жиырып-босату арқылы жасалады.
Локингте биші шапшаң қимылдап келе жатып, кенет тоқтап, белгілі бір қалыпты көрсетеді де, қайта қозғалады.
K-pop-та бірнеше адамның қимылды бір мезетте, біркелкі орындауы ерекше көзге түседі. Мұнда түрлі би бағыттарының қимылдары қатар қолданылуы мүмкін.
Қарапайым айтқанда: хип-хоп — еркін қимыл, брейкинг — жердегі қимыл, поппинг — дененің селк етуі, локинг — кенет тоқтау, K-pop — топтық үйлесім.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.