Жемісті жеті жыл

Экономикадағы соңғы жеті жылға жіті көз жіберсек, сандардың артында сапалық жаңғыру жатқанын байқаймыз. Елдің бақуатын бағалайтын ең басты индикатор – жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім.

2019 жылдың алғашқы үш айында осы көрсеткіш 715,5 мың теңге болса, 2026 жылдың бірінші тоқсанында 1 млн 661,6 мың теңгеге жетті. Яғни 2,3 есе өсті. Халықаралық валютамен есептесек, 2 005,1 доллардан 3 338,3 долларға бір-ақ секіріп, шамамен 1,7 есе шарықтады. Бұл – өз-өзінен орнай салған өзгеріс емес, Мемлекет басшысы жүргізіп отырған жүйелі реформалардың жемісі.

Дағдарыстан – дамуға

Мойындау керек, 2019-2026 жылдар аралығы Қазақстан экономикасы үшін оңай соқпады. Пандемия қыспаққа алды, геосаяси ахуал ушығып, жаһандық тасымал тізбегі бұзылды, мұнай құны мың құбылды. Соған қарамастан, даму қарқыны бәсеңдеген жоқ.

2020 жылы коронавирус кезінде Президент пәрменімен дағдарысқа қарсы ауқымды пакет іске қосылды. Төтенше жағдай режимінде табысынан айырылған 4,6 млн азаматқа 42 500 тең­геден ай сайынғы төлемдер аударылды. Шағын және орта бизнеске 6-8%-бен жеңілдетілген несиелер қарастырылды. 700 мыңнан астам кәсіпкер үш жылға табыс салығынан босатылды. Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында инфра­құрылымдық, әлеуметтік жобалар қар­жыландырылып, жүздеген мың жұмыс орны құрылды.

2022 жылы басталған геосаяси те­ке­тірес жағдайында Үкімет сыртқы сау­даны қайта бағыттаудың жедел ша­­ра­­­ларын қабылдады. Сонымен қа­­тар Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей на­ры­­ғынан кеткен халықаралық ком­панияларды Қазақстанға тартып, олар­ды отандық өндіріс тізбектеріне кіріктіру мәселесін шешті.

2022-2024 жылдары әлемдік ин­фляция кесірінен азық-түлік қым­баттап, тұтыну тауарларының бағасы аспанға ұшқанда мемлекет қолда бар тетіктердің бәрін қолданды. Не­гізгі тамақ өнімдеріне шекті баға белгілеп, жергілікті шаруаларға жанар-жағармайды арзандатып, субси­дия­лар бөліп, экспорттық квоталар ен­гізіп, тапшылыққа тосқауыл қойды.

Өңдеу өнеркәсібіндегі өрлеу

Ең бастысы, экономиканың құ­ры­лымы өзгерді. Бұрын шикізат экспортына сүйенсек, бертінгі жылдары өңдеу өнеркәсібіне түбегейлі бет бұрдық. Президенттің индустрияландыру жөнін­дегі тапсырмаларынан кейін өңдеу сала­сының үлесі жалпы өндірісте 45%-дан асты. Қазір шикізаттық емес сектор ЖІӨ өсімінің қомақты бөлігін құрайды.

Осы мақсатта 2023-2028 жылдарға арналған өңдеу өнеркәсібін дамыту тұжырымдамасы жарияланды. Үкімет «Өнеркәсіпті дамыту қоры» арқылы өңдеу жобаларын төмен пайыздық ставкамен несиелеуге кірісті. Отандық өндірушілерге 5 жылға дейін салық жеңілдіктері жасалды. Алюминий, мыс сияқты шикізатты ішкі өңдеушілерге арзандатып сату туралы міндетті келісім­шарттар жүйесі бекітілді. Аталмыш қадамдардың арқасында өңдеу өнер­кәсібі өсім қарқыны жағынан шикізат шығарудан озып кетті. Әсіресе машина жасау, автомобиль құрастыру, көлік өндірісін жерсіндіру нәтижесі біршама көңіл көншітеді.

Инвестиция тарту және бизнесті қолдау

Инвестиция тарту тәсілі де жаңарды. Президент Жарлығымен Премьер-министр басқаратын Инвестициялық штаб ашылып, бұл ұйымға бұрын-соңды болмаған өкілеттік берілді. Мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектор штаб қабылдаған шешімдерді мүлтіксіз орындауға міндеттелді. Заңнамалық кепілдіктер күшейтілді. Инвесторларға бір терезе қағидатымен көмек көрсе­тіліп, дайын инфрақұрылымы бар Greenfield және Brownfield алаңдары ұсынылды. Сөйтіп, енді машина жасау, логистика, энергетика сынды салаларға көбірек қаржы құйыла бастады.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың эко­номика­ны монополиядан арылту жайлы бастамасы шағын және орта бизнестің тамырына қан жүгіртті. Мысалы, ШОБ-тың ЖІӨ-дегі үлесі биыл 38-40%-ға жуықтады. Кәсіпкерлер жөн-жосықсыз тексеруден құтылып, мемлекет «Таза парақтан реттеу» саясаты шеңберінде 10 мыңдай артық талаптан бас тартты.

Жалпы сомасы 1 трлн теңгеден аса қайтарылған заңсыз активтер мемле­кеттік қорға жинақталып, маңызды ны­сан­дардың құрылысына бағытталды.

Бюджет пен Салық кодекстерін реформалау, мемлекеттік сатып алу са­ласын реттеу де қаржының тиімді жұм­салуына септігін тигізді.

Инфрақұрылым мен логистика

Тұрғын үй, әлеуметтік нысандар салу, ірі логистикалық дәліздерді кеңейту жобалары құрылыс секторына жан бітірді. Ал IT-қызметтер экспорты, қаржылық онлайн-сервистердің даму қарқыны мақтаулы державалардың өзін шаң қаптырды.

ТХКБ, «Солтүстік – Оңтүстік» секілді транзит жолдары, жаңарған порт, жаңғырған теміржол магистральдары («Достық – Мойынты», «Бақты – Аягөз» бағыттары) экспортқа да, импортқа да игі әсер етті. Осылайша, геосаяси оқшаулану қаупі жойылды.

Инфрақұрылым да назардан тыс қалған жоқ. Жылыту жүйесінің тозуын тоқтату үшін «Тарифті инвестицияға алмастыру» бағдарламасы басталды. Инвесторлар ұзақмерзімді тарифтік кепілдіктерге ие болды.

Қарыз жүгі жеңілдеді

2019 жылы Қасым-Жомарт Тоқаев фискалдық тәртіпті қатайтып, квази­мемлекеттік сектордың борышын қа­таң қадағалауды тапсырған. Содан бері Қазақстанның таза сыртқы қа­ры­­зы 51 млрд доллардан 35,1 млрд дол­­ларға дейін 31%-ға қысқарды. Бұл – мемлекеттің қаржылық тәуелсіздігі нығайғанын дәлелдейтін көрсеткіш.

Бюджет кодексіне мемлекеттік қа­рыз­дың ЖІӨ-ге арақатынасын белгі­лейтін нормалар жазылып, шеттен бақы­лаусыз ақша алуға тыйым салын­ды. Квазимемлекеттік сектордың сырт­қы қарызын шектеу Бюджет ко­дексінде шегеленді. Президенттің бұй­ры­ғымен «Самұрық-Қазына» қоры, «ҚазМұнайГаз», т.б. ірі субъектілер сыртқы облигациялар мен заемдарды мерзімінен бұрын қайтарып жатыр.

Жалпы, жеті жылда мемлекеттік бас­қару органдарының сыртқы қа­ры­зы ЖІӨ-нің 20%-ынан төмен, қауіпсіз дәрежеде сақталды. Жаңа сырт­қы заемдар тек өзін-өзі өтейтін инфрақұрылымдық жобаларға ғана тартылды.

Қаржы саласында активтер сапасын бағалау, долларсыздану шаралары жүзеге асып, екінші деңгейлі банктер халықаралық ұйымдарға алақан жаюын азайтты.

Қор жиналып, алтын көбейді

Қазақстанның халықаралық резерв­тері жеті жылда 27 млрд доллардан 66,8 млрд долларға дейін, 2,5 еседей көбейді. Өз кезегінде монетарлық алтын құны 15 млрд доллардан 51,8 млрд долларға жетіп, 3,45 есе ұлғайды.

2019-2026 жылдардағы қаржылық саясаттың нәтижесін аңғартатын мұн­дай өсім макроэкономикалық қауіп­сіздікті жаңа деңгейге көтерді.

Мұның өз себебі бар. Ұлттық банк «Бағалы металдар мен бағалы тастар туралы» заң бойынша «Тау-Кен Самұ­рық», «Казцинк», «Қазақмыс» тәрізді отандық аффинаж зауыттарынан саф ал­тынды кезексіз сатып алу құқы­ғын ие­ленді. Бұл шешім өндірілген ши­кі­затты сыртқа шығармай, ұлттық бай­лықты ел ішінде жинақтауға мүмкіндік туғызды. 

Сондай-ақ кепілдендірілген транс­ферттерді шектеу саясаты Ұлттық қор­дың валюталық активтерін қорғауға сеп­тесті.

Халықаралық нарықта алтынның рекордтық қымбаттауы да монетарлық алтын құнының 51,8 млрд долларға дейін баруына қосымша көмектесті.

Алтын – шетелдік эмитенттердің міндеттемелеріне байланбаған және басқа мемлекеттер бұғаттай алмайтын бірден-бір актив. Сондықтан 51,8 млрд долларға парапар алтынның қордалануы Қазақстанды халықаралық қаржы жүйесінде мығым орнықтырып, сыртқы санкциялық, валюталық шоктардан қорғайды.

Қаржылық тұрақтылықты сақтауда Ұлттық банк пен Үкіметтің бірлескен саясаты шешуші рөл атқарды. Теңгенің еркін жүзу режимі сыртқы шоктарды жұмсартуға мүмкіндік берді. Халықтың теңгелей депозиттері көбейіп, сыртқы валюталық қарызға сұраныс төмендеді.

Осы жұмыстардың нәтижесінде S&P, Moody's, Fitch сияқты халықаралық агенттіктер Қазақстанның кредиттік рейтингін жоғары бағалап отыр.

Әл-ауқат және әлеуметтік саясат

Экономикалық дамудың дәмін тұрғындар сезінбесе, бәрі бекершілік. Президент реформаларының түпкі мақсаты да – халықтың әл-ауқатын жақсарту. Осы орайда жеті жыл ішінде елдегі нақты жалақы инфляциядан озып, азаматтардың сатып алу қабілеті сақталып қалды.

Бұған сандар дәлел: 2019 жылы ең төменгі зейнетақы 36 108 теңге болса, 2026 жылы 69 049 теңгеге жетіп, шамамен 1,9 есе өсті.

Зейнетақы төлемінің артуы Қазақ­станның жалпы дамуымен тікелей бай­ланысты. Бюджет түсімінің көбеюі әлеуметтік міндеттемелерді уақытылы әрі толық көлемде индекстеуге жәр­демдесті.

2023 жылы тұңғыш рет Әлеуметтік кодекс күшіне енді. Онда азаматтарды туған кезінен бастап еңбек жолы мен зейнет жасына дейін қолдаудың соны стандарты сараланды. Президент ше­шімімен ең төменгі базалық зейнетақы төлемі күнкөріс деңгейінің 54%-нан 70%-ға дейін, ал ең жоғары шегі 120%-ға дейін кезең-кезеңмен ұлғайды. Бұл әсіресе еңбек өтілі аз немесе табысы төмен зейнеткерлерге үлкен демеу болды.

Тағы бір елеулі реформа – Мемлекет басшысының бастамасымен 2021 жылы мақұлданған зейнетақы жинағын мер­зімінен бұрын пайдалану құқығы. Ай­рық­ша мүмкіндікті 1 млн-нан ас­там азамат пайдаланып, БЖЗҚ-да жеткіліктілік шегінен асқан қаржысын баспана жағдайын жақсартуға немесе емделуге жұмсады.

Еңбекке қабілетті тұрғындардың да табысын өсіру бағытында нақты қадам­дар жасалды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен ең төменгі жалақы екі еседен астам көбейіп, 85 000 теңгеге жетті. Осының арқасында 1,8 млн-нан астам адамның табысы артты.

Бюджет саласы қызметкерлеріне қатысты «Педагог мәртебесі туралы» заң қабылданып, тапсырмаға сай мұға­лімдердің жалақысы 4 жылда 2 есе өсті. Дәрігерлердің айлығына жылына 30%-дан қосылып, 2 еседен артық көтерілді. Орта медициналық персоналдың жа­лақысы жыл сайын 20%-ға өсіп отырды.

Атаулы әлеуметтік көмек төлеу тәртібі оңтайланды. Отбасының цифр­лық картасы түзілді. Нәтижесінде, геосаяси дағдарыстар алқымнан алса да, кедейлік деңгейі 4,5-5% аралығындағы қауіпсіз шекте тұрақты сақталып тұр.

Еркебұлан НҰРЕКЕШ