Президент жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарауды тапсырды

Президент жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарап, құрылыс жұмыстарын басынан аяғына дейін қатаң бақылауды және осы салада түбегейлі реформа жүргізуді тапсырды.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Халық Кеңесінің бірінші сессиясында елдегі құрылыс пен жол сапасына қатысты мәселелерге тоқталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Президент жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарап, құрылыс жұмыстарын басынан аяғына дейін қатаң бақылауды және осы салада түбегейлі реформа жүргізуді тапсырды.

«Мемлекет аймақтарды дамытуға тұрақты түрде баса мән береді. Бұл – мемлекеттің басты міндетінің бірі.  

Соңғы жылдары осы бағытта ауқымды жұмыс атқарылды. Еліміздің әр аймағында тұрғын үйлер, әлеуметтік нысандар, жолдар қарқынды салынып жатыр.   

Қазақстан тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналып келеді. Мұны бәріңіз де көріп-біліп жүрсіздер.  

Ең бастысы, барлық құрылысты сапалы әрі уақытылы жүзеге асыру өте маңызды.  

Кейде жаңадан салынған кейбір нысандардың сапасы сын көтермейді, тіпті, қоғам талқысына түсіп жатады. Осындай салғырт жасалған жұмыстың кесірі қайғылы жағдайға әкеп соқтыруы да мүмкін.  

Бұл тұрғыдан алғанда, жол саласындағы ахуал да мәз емес. Мысалы, «Талдықорған – Өскемен» күре жолының ашылғанына көп уақыт өтпесе де, тоза бастаған.  

Сондықтан жол сапасын бағалау жүйесін қайта қарау керек. Құрылыс жұмысын басынан аяғына дейін қатаң қадағалау қажет.  

«Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мекемесінің қызметін күшейту керек.  

Жалпы, осы салаға түбегейлі реформа жасаған жөн. Қоғамдық бақылауды күшейту қажет», дейді Президент.