Қазақстан тұтастай үлкен құрылыс алаңына айналып келеді – Мемлекет басшысы

Президенттің сөзінше, 2035 жылға дейін елге 2,9 миллион маман қажет болады, оның 1,8 миллионы – жұмысшы мамандар.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанда алдағы жылдары жұмысшы мамандарға сұраныс арта түсетінін айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.

Президенттің сөзінше, 2035 жылға дейін елге 2,9 миллион маман қажет болады, оның 1,8 миллионы – жұмысшы мамандар.

«Инфрақұрылымды ауқымды жаңғырту аясында ондаған мың жаңа жұмыс орны ашылады.  

Болжам бойынша 2035 жылға дейін елімізге 2,9 миллион маман, соның ішінде 1,8 миллион жұмысшы маман қажет. Кадр тапшылығы, әсіресе, өнеркәсіп, құрылыс, ауыл шаруашылығы және ІТ саласында байқалмақ.  

Қазіргі уақытта еліміздегі 763 колледжде 500 мыңнан аса студент оқиды. Ерте бастан кәсіптік бағдарлауға және дуальді оқытуға ерекше назар аударылып отыр.  

Қажетті машықтарды меңгерген, алайда салалық дипломы жоқ адамдар кәсіби біліктілікті тануға арналған 22 орталықта өз құзыретін растай алады.  

Астанада жүзеге асырылып жатқан «Joltap» жобасын айрықша атап өткім келеді. Бұл – бизнестің тікелей қатысуымен жұмысшы және цифрлық сала мамандарын, атап айтқанда, тігінші мен дәнекерлеушіден бастап веб-әзірлеуші мен дизайнерге дейін даярлайтын қысқамерзімді оқыту моделі.  

Үш жыл ішінде 22 мыңнан аса адам білім алып, 60 пайызы жұмысқа орналасты, 2 мыңға жуық жан жеке кәсібін ашты. Осы табысты тәжірибені барлық өңірге тарату қажет.  

Әр азаматтың өмірде өз орнын тауып, отбасын адал еңбекпен асырауына және Отанына пайдасын тигізуге жағдай жасау – ортақ міндетіміз», деді Қасым-Жомарт Тоқаев.