Сәтбаев университетінде көрнекті ғалым, академик, Қазақстандағы химия ғылымының қалыптасуы мен дамуына өлшеусіз үлес қосқан Әбікен Бектұрұлы Бектұровтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Химия және химиялық технологияны дамытудың перспективалық бағыттары» атты халықаралық ғылыми конференцияның ашылу салтанаты өтті, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Ғылымның сабақтастығы – ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын баға жетпес құндылық. Осы тұрғыдан алғанда, академик Әбікен Бектұровтың 125 жылдығына арналған халықаралық конференция – ғалымның мол мұрасын ұлықтап қана қоймай, оның ғылыми мектебінің дәстүрін бүгінгі зерттеулермен сабақтастыратын маңызды ғылыми алаңға айналды. Басқосу химия және химиялық технология саласындағы отандық және шетелдік ғалымдарды, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім алушыларын, ғылыми-зерттеу ұйымдарының мамандарын, өндіріс өкілдері мен жас зерттеушілерді бір арнаға тоғыстырды.
Конференцияның басты мақсаты – заманауи химия ғылымының өзекті мәселелерін талқылау, жаңа ғылыми бағыттарды айқындау, ғылым, білім мен өндіріс арасындағы байланысты нығайту, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты кеңейту және академик Ә.Б.Бектұров қалыптастырған ғылыми мектептің тағылымды дәстүрлерін жалғастыру. Өйткені ғылымның шынайы күші – тек жаңалық ашуда ғана емес, сол жаңалықты кейінгі буынға аманат етіп, жаңа ізденістерге жол ашуда.
Конференцияның салтанатты ашылуында Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев, Ә.Б.Бектұров атындағы Химия ғылымдары институтының бас директоры Ренат Бейсенов, сондай-ақ белгілі ғалымдар мен арнайы шақырылған қонақтар сөз сөйлеп, академиктің ғылыми мұрасы мен отандық ғылымның дамуындағы орнына тоқталды.
Сәтбаев университетінің ректоры Мейрам Бегентаев өз сөзінде ұлы ғалымның өмір жолы мен ғылыми мұрасының жас ұрпақ үшін айрықша маңызын атап өтті.
«Әбікен Бектұровтың ғылыми жолы – білім мен табандылықтың, ізденіс пен елге қызмет етудің жарқын үлгісі. Ғалымның еңбегі бір дәуірдің жетістігімен ғана шектелмейді. Оның қалыптастырған ғылыми мектебі бүгінде жаңа буын зерттеушілерінің ізденістерінде жалғасын тауып келеді. Бүгінгі жас ғалымдар мен білім алушылар үшін академиктің өмірі – ғылымға адалдықтың, үздіксіз ізденістің және өз ісіне жауапкершілікпен қараудың тағылымды үлгісі. Ғылымға қызығушылық танытқан әрбір жас өз еңбегі арқылы жаңа мүмкіндіктерге жол аша алады. Сондықтан біз ғылыми дәстүрді сақтай отырып, жаңа идеяларға, тың зерттеулерге және халықаралық деңгейдегі ғылыми ынтымақтастыққа кең жол ашуымыз керек», – деді Мейрам Бегентаев.
Конференцияның алғашқы күні академик Ә.Б.Бектұровтың өмірі мен ғылыми қызметіне арналған музей экспозициясының таныстырылымымен жалғасты. Қатысушылар ғалымның мұрағаттық құжаттарын, сирек фотосуреттерін, ғылыми еңбектерін және оның Қазақстандағы химия ғылымының қалыптасуына қосқан зор үлесін айшықтайтын тарихи материалдарды тамашалады. Экспозиция ғалымның тек ғылыми жетістіктерін ғана емес, оның ел ғылымын дамытуға арнаған ғұмыр жолын кейінгі ұрпаққа жақындата түсті.
Пленарлық отырыста академик Ә.Б.Бектұровтың ғылыми мұрасы, Қазақстандағы химия ғылымының даму кезеңдері, заманауи материалдар, ионалмастырғыш жүйелер және химиялық технологиялардың перспективалық бағыттары кеңінен талқыланды. Ғылыми бағдарламаға қазақстандық ғалымдармен қатар шетелдік зерттеушілер де қатысып, өздерінің ғылыми ізденістері мен жаңа нәтижелерін ортаға салды. Атап айтқанда, Каунас технологиялық университетінің профессоры Juozas Vidas Gražulevičius органикалық электрондық-белсенді молекулалық шынылар және олардың электролюминесценттік құрылғылар мен оптикалық сенсорларда қолданылуы жөнінде баяндама жасап, заманауи химияның инновациялық технологиялармен тоғысуының жаңа мүмкіндіктерін таныстырды.
Конференция аясында ғылыми әзірлемелер мен коммерцияландыру жобаларының көрмесі де ұйымдастырылды. Көрмеде ғалымдар мен зерттеушілердің инновациялық технологиялары, ғылыми жобалары және практикалық маңызы бар әзірлемелері таныстырылып, ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығын арттыруға бағытталған жаңа мүмкіндіктер көрсетілді. Бұл өз кезегінде ғылыми идеяның зертхана қабырғасынан шығып, нақты технологиялық шешімге айналуына жол ашатын маңызды қадамдардың бірі болды.
Академик Әбікен Бектұровтың 125 жылдығына арналған халықаралық ғылыми конференция – өткенге тағзым мен бүгінгі ғылымның мүмкіндіктерін тоғыстырған маңызды басқосу. Ғалымның есімімен байланысты ғылыми дәстүрдің жалғасуы, жас зерттеушілердің халықаралық ғылыми ортаға тартылуы және ғылым мен өндіріс арасындағы байланыстың нығаюы – конференцияның мазмұндық маңызын айқындай түсті.
Әбікен Бектұровтың ғибратты ғұмыры мен ғылыми мұрасы бүгінгі ұрпаққа бір маңызды ойды ұқтырады: ғылымда үлкен нәтижеге жету үшін терең біліммен қатар, үздіксіз ізденіс, табандылық және өз ісіне деген адалдық қажет. Бүгінгі білім алушылар мен жас ғалымдардың ғылыми жолға нық қадам басуы осындай көрнекті тұлғалардың өнегесін зерделеуден басталады. Ал олардың жаңа идеялары мен тың зерттеулері Қазақстан ғылымының келешегін қалыптастыратын маңызды күшке айналмақ.