Өскеменде суға батқан қызды құтқарған әскери қызметші оқушылармен кездесті

Екі жыл бұрын Үлбі өзеніне батып бара жатқан қызды құтқарып, батылдығымен көзге түскен әскери қызметші жасөспірімдерге ерлік пен азаматтық жауапкершіліктің мәнін түсіндірді.

Өскемен қаласында Ұлттық ұланның 6699 әскери бөлімінің әскери қызметшісі, ефрейтор Жанасбек Пермабек №23 орта мектептің «Жас бүркіт» сыныптарының оқушыларымен кездесті, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

Кездесуге әскери қызметшінің ерлігіне қызығушылық танытқан оқушылар белсенді қатысты. Олар көктемгі су тасқыны кезінде болған оқиғаның жай-жапсарын сұрап, өздерін толғандырған сауалдарын қойды.

Жанасбек Пермабек өз сөзінде әскери қызметтің тек қару ұстап, Отан қорғаумен шектелмейтінін атап өтті. Оның айтуынша, нағыз азамат кез келген қиын жағдайда айналасына қолдау көрсетіп, адам өміріне бейжай қарамауы керек.

     – Қандай да бір төтенше жағдайға тап болған кезде, ең алдымен адамның өмірін сақтау маңызды. Әрине, мұндай сәтте батылдықпен қатар шапшаңдық, физикалық дайындық пен сабырлылық қажет. Сондықтан жас кезден бастап спортпен шұғылданып, өзіңді кез келген жағдайға дайындау керек, – деді ефрейтор.

Кездесуге қатысқан оқушылар да әскери қызметшінің ерлігін өздеріне үлгі санайтынын жеткізді.

       – Айналамда біреуге көмек қажет болып жатса, бейжай қарап тұрмай, қол ұшын беруге дайын болу керек деп ойлаймын. Біздің мектепке келген қонақ көктемде тасыған өзенге секіріп, қыздың өмірін сақтап қалған екен. Мұндай ерлік физикалық дайындықты да қажет етеді. Сондықтан мен де спортпен көбірек айналысып, шапшаң әрі мықты болуға тырысамын, – деді мектеп оқушысы Надир Асхатұлы.

Кездесу барысында оқушылар әскери қызметшінің ерлігі туралы кеңірек мағлұмат алып, бейбіт күннің батырымен естелік суретке түсті. Мектеп басшылығы мұндай тағылымды кездесулердің оқушыларға ел қорғаудың жауапкершілігін тереңірек түсінуге, әскери өмірмен жақынырақ танысуға және кез келген қиын жағдайда адамға қолдау көрсетуге дайын болуына ықпал ететінін атап өтті. Айта кетейік, Ұлттық ұлан жауынгері екі жыл бұрын Үлбі өзеніне батып бара жатқан қызды құтқарған болатын. Өскемендіктер әскери қызметшінің ерлігі күні кеше ғана  болғандай естен шығармай,  құрмет көрсетіп, тағылымды іс-шаралардың арнайы қонағы ретінде шақыруда.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.