Құрылтай Бюросының отырысы Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алу үшін бір минут үнсіздікпен басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Құрылтай Төрағасы Айбек Дәдебай қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
– Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қаза болуы – бүкіл халқымыз үшін үлкен қайғы. Осыған байланысты Мемлекет басшысы 25 қыркүйекті жалпыұлттық аза тұту күні деп жариялады. Барлық депутаттардың атынан қаза тапқан азаматтардың отбасыларына көңіл айтамын. Бұл бәріміз үшін орны толмас қасірет, – деді Айбек Дәдебай.
Құрылтай Төрағасы мен депутаттары қаза тапқан және зардап шеккен әскери қызметшілердің отбасыларына көмек көрсету үшін ерікті түрде қаражат жинауды қолдады. Қазіргі уақытта жеке қаражат есебінен 146 млн 650 мың теңге жиналды. Қаражат «Ұлттық рух» қорына аударылады. Қаражат жинау жалғасып жатыр. Депутаттар Айдарбек Қожаназаров, Руслан Идрисов, Мейірхат Қасымбаев, Бекжан Айтқұлов, Махамбет Хасенов әрқайсысы 20 млн теңгеден, Дана Медеуова, Айжан Наимбекова және Бауыржан Жамалов әрқайсысы 10 млн теңгеден, Тұрарбек Тілемісов, Мұратбек Мұхамбедиев, Мұса Хайруллиев әрқайсысы 5 млн теңгеден, Бегалы Ералиев 500 мың теңге және басқалары қаражат бөлді.