Қазақстанда 1,37 миллион адамның несие төлемін кешіктіру мерзімі 90 күннен асып кеткен, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Олардың барлық кредитор алдындағы мерзімі өткен берешегі 2,5 триллион теңгеге жетті. Бірақ мамандарды алаңдатып отырған тағы бір көрсеткіш бар. Жыл басынан бері 1-30 күнге кешіктірілген қарыз көлемі 54 пайыз өсіп, 1 триллион теңгеге жуықтаған.
Бұл мәселе «Әділет» партиясының Орталық аппаратында өткен «Азаматтардың шамадан тыс кредиттік берешегі: мәселелері және шешу жолдары» атты дөңгелек үстелде талқыланды.
Кездесуде проблемалық берешекті азайту, жеке тұлғалардың банкроттығы, қарыз алушылардың құқықтарын қорғау және «Қарызсыз қоғам» жобасының жұмысын жетілдіру мәселелері қаралды.
«Қайтадан несие алады»
«Қарызсыз қоғам» жобасының атқарушы директоры Олжас Ордабаевтың мәліметінше, мәселенің ауқымын тек 90 күннен асқан қарызбен бағалау жеткіліксіз. 2026 жылғы мамырда жүргізілген сауалнамаға қатысқандардың 73 пайызында кредиттік міндеттеме бар, ал 47 пайызы ай сайынғы табысының жартысынан астамын қарыз төлеуге жұмсайды.
Жобаға жүгінген азаматтың орта есеппен алтыдан астам несиесі бар. Орташа қарыз сомасы – 2,2 миллион теңге. Өтініш білдіргендердің 55 пайызы – әйелдер, 45 пайызы – ерлер. Олардың арасында жұмыссыздар – 24,5 пайыз, жұмыс істейтін азаматтар – 22,8 пайыз, әлеуметтік осал санаттағы тұрғындар – 22,6 пайыз, көпбалалы отбасылар – 20,8 пайыз.
Бірақ қарызды бір рет қайта құрылымдау мәселені түбегейлі шеше бермейді. Жоба дерегіне сәйкес, міндеттемесі реттелген азаматтардың шамамен 40 пайызы кейін қайтадан несие алады.
– Реструктуризация жасалғаннан кейін де адамдардың шамамен 40 пайызы бізге қайта жүгінеді. Олар жаңа төлем кестесі бойынша да несиесін төлей алмай қалады. Бұған әртүрлі сыртқы факторлар себеп болуы мүмкін, – деді Олжас Ордабаев.
Оның айтуынша, қаржылық жағдайы қиындаған адам бірінші кезекте кредиторымен байланысуы керек. Жұмысынан айырылса немесе табысы азайса, банктен жасырынбай, төлемді кейінге шегеру немесе жаңа кесте жасау мүмкіндігін қарастырған жөн.
– Банктердің өздері де проблемалық портфельдің өсуіне мүдделі емес. Бұл олардың провизиясына әсер етеді. Демек, қаражатының айналымнан шығуына әкеледі. Сондықтан банк үшін де проблемалық қарызы бар азаматтың жағдайын одан әрі қиындатудың логикасы жоқ, – деді жоба жетекшісі.
Проблемалық қарызды 90 күн күтпей анықтау ұсынылды
«Қарызсыз қоғам» жобасының атқарушы директоры Олжас Ордабаев сонымен қатар проблемалық қарызбен жұмыс істеудің тәсілін өзгертуді ұсынып отыр. Қазір көптеген азамат көмекке бірнеше несиесі жиналып, атқарушылық іс жүргізу басталып, шоттарына бұғат қойылғаннан кейін ғана жүгінеді. Бұл кезде мәселені шешудің құқықтық мүмкіндіктері едәуір азаяды.
Сондықтан жобаның ұсыныстарының бірі – төлем 30 күнге кешіккен кезден бастап әрекет ету. Банк немесе микроқаржы ұйымы қарыз алушыға тегін көмек алу мүмкіндігін түсіндіріп, оның келісімімен істі әлеуметтік жоба операторына жолдайды. Осылайша, көмек атқарушылық іс қозғалып, шоттар бұғатталғаннан кейін емес, одан бұрын көрсетілуі мүмкін.
Тағы бір мәселе – бір адамның бірнеше кредитор алдында қарызы болған жағдайда әр ұйымның берешекті жеке өндіріп алуы. Жоба сараптамасында мұндай тәсілдің ақыр соңында қарыз алушыны тұрақты төлем қабілетсіздігіне әкелуі мүмкін екені көрсетілген. Осыған байланысты бірнеше кредитордың талабын бір жерде қарауға мүмкіндік беретін ұжымдық реттеу тетігі ұсынылып отыр.
Микрокредит кейде бұрынғы қарызды жабуға жұмсалады
Жоба сараптамасында микроқаржы секторына да жеке назар аударылған. 2026 жылғы 1 маусымдағы мәлімет бойынша, елімізде 211 микроқаржы ұйымы жұмыс істеген. Олардың халыққа берген қарызы 1,4 триллион теңгеге жеткен. Бұл сектордың несие портфелінің 45,3 пайызына тең.
О.Ордабаев лэд-экран арқылы баяндаған деректерде микроқаржы ұйымдарындағы барлық мерзімі өткен қарыздың үлесі шамамен 24 пайыз болғанымен, 90 күннен асқан берешек 5 пайыз екені көрсетілген. Жоба сарапшылары мұндай айырмашылықты кей жағдайда бұрынғы міндеттемені жаңа қарыз есебінен өтеумен байланыстырады. Яғни, 90 күннен асқан проблемалық қарыздың салыстырмалы түрде төмен болуы қарыз алушының жағдайы жақсарды дегенді білдірмеуі мүмкін.
Жобаға биыл 529 мыңнан астам адам қамтылған
«Қарызсыз қоғамның» 1 қыркүйектегі дерегі бойынша, 2026 жылы жоба 529 165 адамды қамтыған. 214 519 азамат консультация алса, 143 044 адамға нақты қызмет көрсетілген. Тағы 71 475 адамның өтініші сол кезде қаралып жатқан.
Жоба аясында қарызды қайта құрылымдау, шот пен мүліктен бұғатты алу, соттан тыс және сот арқылы банкроттық, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру бойынша көмек көрсетіледі. 2026 жылы азаматтар үшін 132 206 құжат әзірленген. Қаңтар-тамыз аралығында call-орталық 656 176 қоңырауды өңдесе, WhatsApp арқылы 260 587 диалог жүргізілген.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Қизатовтың айтуынша, қазір жобаға 11 мемлекеттік орган мен оны қаржыландыратын 13 банк қатысып отыр. 2026 жылғы Жол картасында борыштық жүктемені төмендету, қаржылық сауаттылық, алаяқтықпен күрес, жұмыспен қамту және консультациялық көмек бағыттары бойынша 20 іс-шара қарастырылған.
– Біздің міндетіміз азаматтарға қолда бар қарыздарын реттеуге көмектесу ғана емес. Сонымен қатар шамадан тыс кредит алудың алдын алу да – басты мақсаттардың бірі. Сондықтан соңғы үш жылда агенттік Ұлттық банкпен және депутаттық корпуспен бірлесіп, несиенің барлық «өмірлік» циклін – оны беруден бастап проблемалық берешекті реттеуге дейін қамтитын кешенді шаралар жүйесін қалыптастырды, – деді Олжас Қизатов.
Ол 2024 жылы кепілсіз тұтынушылық қарыздар бойынша шекті сыйақы мөлшерлемесі 56 пайыздан 46 пайызға дейін төмендетілгенін айтты. Кепілді қарыздар бойынша шекті мөлшерлеме 35 пайыз, ал ипотекалық қарыздар бойынша 25 пайыз болып белгіленген.
Сонымен қатар қысқамерзімді микрокредиттерге тәулігіне 0,3 пайыз, жылына 179 пайыз мөлшерінде шектеу енгізілген. Кепілсіз қарыздардың ең жоғары сомасы белгіленіп, мұндай кредиттерді 5 жылдан астам мерзімге беруге тыйым салынған.
Банкроттық рәсімі жеңілдеді
Аталған іс-шараға қатысып, сөз алған Құрылтай Төрағасының орынбасары Дания Еспаева жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заңды қолдану барысында бірқатар кедергі анықталғанын айтты.
Бастапқыда соттан тыс банкроттыққа өтініш беру үшін қарыз алушы қаржы ұйымымен берешегін реттеуге әрекет жасағанын растайтын құжат ұсынуға міндетті болған. Десе де, өңірлердегі кездесулер кезінде банкроттықтың басқа талаптарына сай келетін азаматтардың дәл осы құжаттың жоқтығынан рәсімнен өте алмай жүргені анықталған.
– Өңірлерге барған кезде көптеген азаматтың соттан тыс банкроттыққа қойылатын барлық талапқа сай келетінін көрдік. Бірақ олардың қолында банкпен жазысқан хат-хабар немесе берешекті реттеу туралы бір ғана құжат болмайтын. Кей жағдайда ондай құжат болғанымен, уақыт өте жоғалып кеткен. Соның салдарынан азаматтар заңда көзделген рәсімнен өте алмай жүрді, – деді Дания Еспаева.
Оның айтуынша, кейін бұл талапқа өзгеріс енгізілген. 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған кредиттік шарттар бойынша берешегі бар азаматтардан мұндай анықтаманы талап етпеу ұсынылған. Сонымен қатар берешекті реттеу рәсімінің мерзімі 18 айдан 12 айға дейін қысқартылған.
2026 жылғы наурыздан бастап соттан тыс банкроттық рәсімі бір айға дейін жеделдетілген. Бұл берешегі 1600 АЕК-ке дейін және төлем мерзімі бес жылдан астам кешіктірілген азаматтарға қатысты.
– Егер қарыз бес жылдан бері өндірілмесе, банк пен микроқаржы ұйымдары осы уақыт ішінде барлық мүмкін тетікті пайдаланып үлгерген деген сөз. Мұндай жағдайда рәсімді созып, азаматтан қосымша құжат талап етудің қажеті жоқ, – деді Дания Еспаева.
Банктер не дейді?
Nur Bank АҚ басқарма төрағасының орынбасары Нұрбек Толымбековтің айтуынша, қазір тұтынушылық несиенің көлемі өткен жылмен салыстырғанда азайып отыр. Ол бұған елдегі жалпы экономикалық жағдаймен қатар азаматтардың қаржылық сауаттылығының артуы және несие алуға деген көзқарастың өзгеруі ықпал етіп отырғанын айтты.
– «Қарызсыз қоғам» жобасының негізгі мақсаты – азаматтарға тек қарызын өтеуге көмектесу емес, сонымен қатар олардың қаржылық мәселесін дұрыс шешуіне, алдағы уақытта шамадан тыс несие алмауына ықпал ету, – деді ол.
Н. Толымбековтің айтуынша, азаматтардың қарыз алуына қатысты талаптар заңнамалық деңгейде қатаң реттеліп, несие беру процесіне бақылау күшейтілген. Оның пікірінше, бұл жайт – халықтың шамадан тыс борыштық жүктемесін болдырмауға бағытталған шаралардың бірі.
– Қарызы басқарылатын, қаржылық мүмкіндігін дұрыс бағалайтын азамат – тұрақты қаржы жүйесінің де маңызды бөлігі, – деді банк өкілі.
Жоба ұсынған өзгерістер де проблемалық берешекті оның бастапқы кезеңінде анықтауға бағытталған. Оның ішінде 30 күндік кешігуден кейін ерте әрекет ету, бірнеше кредитор алдындағы қарызды бірлесіп реттеу, микроқаржы ұйымдарына қойылатын талаптарды қайта қарау, алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттер бойынша азаматтарды сүйемелдеу және банкроттық рәсімдерін жетілдіру бар.
«Қарызсыз қоғам» жобасы банктер мен микроқаржы ұйымдарына проблемалық берешек 90 күнге жеткенін күтпей, алғашқы 30 күндік кешігуден бастап, қарыз алушымен тікелей жұмыс істеуді ұсынып отыр.