Аруларымыз шахмат Олимпиадасында ТОП-3-те келе жатыр

Шешуші ойын екінші тақтада өтіп, кездесудің соңғы бөлігінде Алуа Нұрман тең матчты өз пайдасына шешіп кетті.

Шахматтан Самарқанд қаласында өтіп жатқан 46-шы Олимпиаданың тоғызыншы турында аруларымыз осы жарыстың басты сенсацияларының бірі саналып келе жатқан Моңғолиямен ұпай бөлісті, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

ҚР Туризм және спорт министрлігі Спортты дамыту дирекциясы баспасөз қызметі мәліметінше, алдымен үшінші тақтадағы Меруерт Камалиденова қарсыласына жол берсе, артынша Бибісара Асаубаева есепті теңестірді.

Одан кейін үзілістен шыққан Зарина Нұрғалиева тәжірибелі, 38 жастағы Батхуягийн Монгонтуулға төтеп бере алмады. Шешуші ойын екінші тақтада өтіп, кездесудің соңғы бөлігінде Алуа Нұрман тең матчты өз пайдасына шешіп кетті. Қорытынды есеп: 2:2. 

Ерлер арасында Өзбекстан қайта көш басына шықса, Өзбекстанның екінші командасы үздік үштікке еніп кетті. Қазақстан құрамасы бастапқы рейтингіде 16-орында тұрған Польшамен тең тарқасты. 

Ертең 10-тур ойындары өтеді. 11 турдан тұратын жарыс 27 қыркүйек күні мәресіне жетеді.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM арнасынан табасыз.