Құрылтай Бюросының отырысы Маңғыстау облысындағы әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілерді еске алу үшін бір минут үнсіздікпен басталды. Айбек Дәдебай барлық депутаттың атынан қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.
Құрылтайдың алдағы отырысының күн тәртібіне 2024 жылғы 29 қазанда Дохада жасалған Қазақстан мен Қатар Үкіметтері арасындағы Қылмысқа қарсы күрестегі ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы заң жобасы енгізілді. Оны депутаттар бірінші оқылымда қарастырады. Келісім ұйымдасқан қылмысқа, террористік және экстремистік қылмыстарға, есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен олардың прекурсорларының заңсыз айналымына, заңсыз көші-қон мен адам саудасына, сондай-ақ ақпараттық қауіпсіздік саласындағы мәселелерді шешу кезінде өзара іс-қимыл мәселелері бойынша қатынастарды реттеуге бағытталған. Құжатты ратификациялау тараптардың қылмысқа қарсы күрес саласындағы құзыретті органдарының өзара іс-қимылы үшін құқықтық негіз құруға мүмкіндік береді деп күтілуде.
Сондай-ақ депутаттар назарына 2010 жылғы 10 желтоқсандағы ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің адамдарды мемлекетаралық іздестіру туралы шартына өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы ұсынылады. Аталған заң жобасы ТМД тараптарының құзыретті органдары арасында электрондық форматта ақпарат алмасуды регламенттейтін шартқа өзгерістер енгізуді көздейді. Бұл қылмыстық қудалаудан жасырынған қылмыскерлерді анықтауға және ұстауға, сондай-ақ адамдарды іздеуге бағытталған бірлескен шаралардың тиімділігін едәуір арттыруға мүмкіндік беруге тиіс. Хаттаманы шартқа қатысушы барлық ел – Армения, Беларусь, Ресей, Қырғызстан, Өзбекстан, Әзербайжан және Тәжікстан ратификациялаған.
Компьютерлік қылмыстар туралы конвенцияны ратификациялау туралы заң жобасын да бірінші оқылымда қарау жоспарланып отыр. 2001 жылғы 23 қарашада Будапештте жасалған Конвенция – ақпараттық технологиялар саласындағы қылмыстармен күресуге бағытталған алғашқы халықаралық шарт. Бүгінде оның қатысушылары 80-нен астам елді құрайды, соның ішінде АҚШ, Канада, Аустралия, Жапония, Ұлыбритания елдері және бірқатар Еуропа мемлекеті бар.
Конвенцияға қатысу Қазақстанға, компьютерлік жүйелер мен желілердің, сондай-ақ компьютерлік деректердің құпиялылығын, тұтастығы мен қолжетімділігін бұзуға бағытталған қылмыстар бойынша ақпарат алмасу және тергеу, экстрадициялау бөлігінде осы елдермен бірлескен іс-қимыл жасауға құқық береді. Соның ішінде мемлекетішілік және халықаралық деңгейде компьютерлік қылмыстар жасағаны үшін сот қудалауын және жедел әрі сенімді халықаралық ынтымақтастыққа қатысты уағдаластықтар әзірлеуді көздейді.
Сонымен қатар 1994 жылғы 15 сәуірдегі Дүниежүзілік сауда ұйымын құру туралы Марракеш келісіміне Қазақстанның қосылуы туралы хаттамаға қосымша болып табылатын Көрсетілетін қызметтер бойынша Қазақстан Республикасының ерекше міндеттемелерінің тізбесіне өзгерістерді ратификациялау туралы заң жобасы екінші оқылымда қаралатын болады.