Құрылтай депутаты азаматтардың өтінішіне құлақ түрді

Құрылтай депутаты Гүлзира Атабаева «Әділет» партиясының республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде азаматтарды қабылдады. Депутатқа онлайн және офлайн форматта оннан астам қазақ­­стандық сауалдары мен ұсыныстарын жеткізді.

Қабылдау барысында білім беру, еңбек қатынастары және несие алу мәселелері көтерілді. Атап айтқанда, мектептегі білім сапасын арттыру, педагогтерге психологиялық қолдау көрсету және несие алуды қолжетімді ету жөнінде ұсыныстар айтыл­ды. Сонымен қатар азаматтар сот шешімдерін орындау, мем­лекеттік органдардың жұмысы және әлеуметтік қолдау көрсету мәселелері бойынша са­уалын ортаға салды.

Елорда тұрғыны Айдын Тұр­лыбеков депутатқа бала күтіміне байланысты демалыс алу мә­селесі бойынша жүгінді. Оның айтуынша, жұмыс берушілер жа­лақысы жұбайының табы­сынан жоғары болғанын алға тартып, демалыс беруден бас тарт­қан. Азамат мұндай шешім­нің заңдылығына күмән келті­ріп, ер адамның бала күтіміне байланысты демалыс алуға құқығы бар-жоғын анықтап беруді сұрады.

– Мен Адам құқықтары жөніндегі уәкілге де жүгіндім. Олар маған бұл мәселені қара­майтынын, себебі мен ер адам екенімді айтты. Сондықтан ер адамның бала күтімі үшін дема­лыс алу құқығына қатысты мә­селені заң тұрғысынан анық­тауды сұраймын, – деді Айдын Тұрлыбеков.

Гүлзира Атабаева мәселені толық қарау үшін азаматтан қажетті құжаттарды жолдауын өтінді. Депутат тиісті мемлекет­тік органдарға ресми сауал жол­дап, алынған жауаптар негізінде жағдайды жан-жақты қарайты­нын айтты. Сондай-ақ мәселе­нің оң шешімін табуы үшін қажетті қолдау көрсетуге бар күшін салатынын жеткізді.

– Азаматтардан әртүрлі си­паттағы ұсыныстар түсті. Біз олардың әрқайсысын қарап, талдап, жүйелейміз. Мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік ор­гандарға сұрау жолдап, ба­қы­лауға аламыз, – деді Гүлзира Атабаева.

Айта кетейік, азаматтар «Әді­лет» партиясының қо­ғам­дық қабылдауында көтерген өтініштері мен ұсыныстарын e-Otinish жүйесі немесе пар­тияның цифрлық платформасы арқылы жолдай алады.