Мемлекет басшысы іскерлік ортаның 500-ден астам өкілі, соның ішінде 300-ге жуық қытай кәсіпкерлері бас қосқан Алматыдағы «Қазақстан – Қытай» инвестициялық форумын ұйымдастыруға Цай Гуаньшэньнің қосқан үлесін жоғары бағалады.
Президент форумды екі елдің мемлекеттік органдары, қаржы институттары мен бизнес өкілдері арасында тікелей байланыс орнататын тұрақты алаңға айналдыру маңызды екеніне назар аударды. Мемлекет басшысының айтуынша, негізгі міндет – қол жеткізілген уағдаластықтарды іске асыру, инвестициялық ықпалдастықты кеңейту және бірлескен жаңа өндіріс орындарын құру.
Бұдан кейін Президент Fufeng Group компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Ли Сюэчуньді қабылдады. Қасым-Жомарт Тоқаев Ли Сюэчуньді Жамбыл облысында ауқымды инвестициялық жобаны іске қосуымен құттықтады.
Мемлекет басшысының айтуынша, бұл кәсіпорын еліміздің индустриялық дамуы және агроөнеркәсіп биотехнологиясы сияқты жаңа бағытты қалыптастыру тұрғысынан стратегиялық мәнге ие.
Осыдан соң Қасым-Жомарт Тоқаев Xinfa Group компаниясының президенті Чжан Гуйчунды қабылдады. Кездесуде Мемлекет басшысы еліміздің ұзақмерзімді ынтымақтастыққа, Қазақстанда заманауи технологияларды енгізуге және өндірісті дамытуға бейіл ірі инвесторлармен жұмыс істеуге қызығушылық танытатынын жеткізді.
Осы орайда, Президент металлургия және көмір химиясы салаларында толық өндірістік тізбекке ие Xinfa компаниясымен ықпалдастыққа әзір екенін растады.
Қасым-Жомарт Тоқаев YTO Express атқарушы директоры Чжоу Цзянь мен Pinduoduo компаниясының халықаралық бизнес жөніндегі жетекшісі Вэн Пэйчэнді қабылдады.
Әңгімелесу барысында логистика және электронды коммерция саласында, соның ішінде «Бір белдеу, бір жол» бастамасын іске асыру аясында өзара тиімді ынтымақтастық құруға мүмкіндік мол екені атап өтілді.
Президенттің айтуынша, еліміз 2030 жылға қарай жалпы саудадағы электронды коммерцияның үлесін 20 пайызға дейін жеткізуді көздеп отыр.
Бұдан соң Мемлекет басшысы UBTECH Robotics Corp компаниясының аға президенті Чжун Юнмен кездесті. Қасым-Жомарт Тоқаев корпорацияның Алматыда білім беруге және қызмет көрсетуге арналған роботты техникалар шығаратын зауыт ашу жоспарына қолдау білдірді.
Президент еліміз аталған компанияның Қытайдан тысқары жердегі алғашқы өндіріс алаңы болатынын айтты.
Кездесуде білім саласындағы серіктестік перспективасы талқыланды. Атап айтқанда, UBTECH пен Қазақстанның техникалық жоғары оқу орындары және колледждері арасында жүйелі ықпалдастық орнату мүмкіндігі қаралды.