Орындық кездессе отыра кетеді. Сол отырғаннан мол отыра бергісі келеді. Бірақ үшінші қабаттағы пәтеріне жетіп алғанша тағаты қалмайды. Дүкеннен алған айранын ішіп, төсегіне қисая кеткісі бар.
Кейуана орындықта ұзақ отырды. Өткен-кеткен оқиғаларды есіне алды. Шіркін-ай, ол да бір кездері толықсыған бойжеткен еді. Жігіт-желең жолына жығылып, соңынан жалт қарайтын. Бұл болса толқынды шаштарын сіркіп тастап, сылқ-сылқ күлетін. Оның күлкісі де сиқырлы еді, талайлар талып қала жаздамаса да, жығылып барып әзер дегенде түзелуші еді.
Шалы, ол кезде зіңгіттей жігіт қой, соңынан біраз жүгірді. Ыңтықтырып, зарықтырып барып қолын зорға ұстатып еді. Жарықтық жақсы жан болып жолықты. Бетіне жел болып тимепті.
Алланың бергеніне шүкір деп жүріп жатты олар. Қайдары айбарлы кісі еді ғой. Тұрмыстары тәуір болды. Мұны ешкімнен кем еткен жоқ. Бұл балаларын туып бергенді ғана біліпті. Сөйткен шалы мұны жалғыздықтың тұманына қалдырып кете береді деп кім ойлаған?
Қыздарынан қайран болмады. Тұрмысқа шығып алған соң жай-жайына кетті. Алғашқы жылдары тапқан бөпелерін әкеліп тастап, бақтырушы еді, кейін мұны да қойды. Ал балалары... бала емес, бақа болып шықты. Әкелері өлген соң кең сарайдай үйді саттырып, бөлісіп алды. Кемпірге тигені құрқылтайдың ұясындай ғана пәтер.
– Сізге әзірге осы да жарай тұрады. Кейін кеңірегін сатып әпереміз, – деп жұбатты үлкен ұлы.
Бірақ сол кеткеннен мол кетті. Содан бері Балқия кемпір көзіне күн салып жолға қарағыштаумен келеді. Алайда босағасын аттаған бір ұлы не қызы жоқ. Бар алданышы көршілерінің қара домалақ балалары ғана болып қалды. Олардың өздері кейде мұны адам ғұрлы көрмей кетеді.
Балқия осыларды ойлап ауыр күрсінді. Әрі отырып, бері отырып ұйқысы келді. Орындыққа қисайғаны сол екен, көзі ілініп кетіпті.
Кейуана күбір-сыбырдан оянып кетті. Қасында шаштары добыраған, көздері шапыраштанған екі қыз отыр екен. Алға-шында сайтан екен деп шошы-нып, орнынан тұрып кете жаздады. Бірақ екі қыз екі иығынан басып, тырп еткізбеді. Балқия шалқақтап құлап барып түзелді.
– Жаналғыш сияқты жағадан ала түскендерің не? Өздерің кімсіңдер? Сайтансыңдар ма, сайқалсыңдар ма?
– Ойбай, апа! Сайтан да емеспіз, сайқал да емеспіз. Қазақтың қара домалақ қара қыздарымыз.
– Қайдам? Қазақтың қыздары бүйтіп бас салмайтын еді. Ибалы болатын. Сыпайы еді. Осы сендер қайдан шыққан пәлесіңдер?
– Қайдан шыққаны несі? Біз қайырымдылық ұйымының өкілдеріміз. Сізді көптен бері білеміз. Бір бөлмелі шағын пәтерде тұрасыз. Жағдайыңыз мәз емес. Сізге ешкім қараспайды. Сондықтан сізге қамқоршы болып келдік.
– Тамағыңызға дейін жасап беріп тұрамыз.
– Әй, бұл неткен батпан құйрық?..
– Әже, мемлекетіміздің осындай бағдарламасы бар. Қарт кісілерге көмек көрсетеміз.
Екі қыз кейуананы қолтықтап үшінші қабаттағы пәтеріне алып келді. Біреуі үй ішін жинастырған болды. Екіншісі асханада әлденені қиюластырған болды. Балқия әжеге үйіне адам кіріп, шүйіркелесіп сөйлесуге мүмкіндік табылғаны үлкен қуаныш еді. Қамқоршы екі қыз сөзге келгенде енді алдарына жан салмайды екен. Ананы айтты, мынаны айтты, кемпірді күлдірді. Өздерінің шынайы жанашыр екенін осылай білдірді.
Сәния мен Жұпаркүл күн аралатпай келіп тұрды. Екеуі әжелеріне қолында барын беріп тұрды. Балқияға бұл көктен түсе қалған бақыт сияқтанды. Екі қызы бар. Кірі жуулы, төсегі салулы. Тамағы пісіп тұр. Екі қыз қайда жұмсаса да құстай ұшып тұр. Қарт кісіге бұдан артық қандай жағдай керек?
Бір күні Сәния әжесіне сыр ақтарды. Оның айтқан сөзі періштенің сөзі сияқтанды.
– Әже! Жұпаркүл екеуіміз көптен бері ойластырып жүрміз. Сізге мына бір бөлмелі пәтер тым тар. Сондықтан құжаттарыңызды әзірлеп, сізге екі бөлмелі пәтер алып беруіміз керек. Бұған сізді қолдайтын бағдарлама бар. Көп кешікпей жаңа пәтер аласыз. Балаларыңыз, немерелеріңіз келгенде қуанып қалады, – деп Сәния сызылғанда кемпір сары майдай еріп қоя берді.
Сол күннен бастап Сәния мен Жұпаркүл кейуананы ұршықша шыр айналдырды. Шыр айналған бас пыр етіп құлап түсті. Екі қызға пәтерінің құжаттарын қалай ұстатқаны есінде жоқ. Екі бойжеткен сол кеткеннен мол кетті. Балқияның жолға қарай-қарай көзі талды. Көшеге шығып та қарайды, пәтерінің қылтимасында отырып та қарайды, екі қыз жоқ.
Бір күні есік қоңырауы сыңғыр ете қалды. Әншейінде құлағы ауырлау Балқия бұл жолы селк етіп оянды. Есікті ашып қараса... Сұмдық! Бір қора адам келіп тұр. «Пәтерді босатыңыз, бұл біздікі!» деп бұйрық беріп тұр.
Балқия былқ етіп барып сылқ құлап түсті. Оған қарайтын кім бар, пәтерге баса-көктеп кіріп алғандар әр бұрышты тінтіп жүр. Екі әйел Балқияның аяқ-қолынан ұстап көтеріп, аулаға апарып тастады. Артынша құрылысшылар келіп, үйдегі артық заттарды сыртқа шығарып, пәтерді жөндеуге кірісті.
Балқия көшеде жатып есін жиды. Сүйретіліп үшінші қабаттағы пәтеріне келді. Үй іші астан-кестең. Шаң, топырақ! Құрылысшылар жұмысқа қызу кірісіпті. Есік алдында тұрған жуан әйел Балқияны кеудесімен итеріп, сыртқа шығарып жіберді.
Содан бері Балқия аулада түнеп жүр. Айнала кең жазира жазық. Кейде гүлзар арасына барып та қисая кетеді. «Сайтандар кең үй алып береміз деп еді. Кең үйі осы екен ғой» деп күбірлейді.
Бір өкініштісі, кейуана далада тентіреп қалыпты деп үкімет адамдары да, перзенттері де іздеп келген жоқ.
Сабырбек ОЛЖАБАЙ