Оған дәлел – Орал қаласындағы №29 кәріздік сорғы стансасы. 2009 жылы пайдалануға берілген бұл нысанның құрал-жабдығы 80 пайызға дейін ескіріп, құбырлары жиі істен шығып тұратын. Қазір мұнда қайта жаңғырту жұмыстары басталып, екі арнаулы техника, 20-ға жуық маман жұмылдырылған. Жобаның құны – 1,8 миллиард теңге. Жұмыс аяқталған соң стансаға жалпы қуаты 290 киловатт болатын, Швецияда жасалған үш жаңа сорғы агрегаты орнатылмақ.
«Жаңа құрал-жабдық бұрынғыдан екі еседей қуатты. Бұл стансаның өнімділігін арттырады», – дейді «Батыс су арнасы» ЖШС-ның бөлім басшысы Ғарифолла Кенжин.
Бір стансаны ретке келтіру – атқарылып жатқан қыруар шаруаның бір бөлігі ғана. Жалпы, облыста сумен қамту бағытында құны 15,5 миллиард теңгеге бағаланатын бес жоба қолға алынған.
Жылу желілерін жаңарту да басты назарда. Оралдағы №7 жылу магистралінде екі шақырымға жуық құбыр ауыстырылды. Сонымен қатар тағы екі жылу магистралі, Строитель шағынауданының ішкі желілері жаңартылып, жалпы ұзындығы 10 шақырымдай коммуникация қайта төселді.
«Жылумен қамту бойынша барлық жоба аяқталды. Оларды жүзеге асыруға 6,1 миллиард теңге бағытталды», – дейді БҚО Энергетика және ТКШ басқармасының басшысы Бейімбет Мусин.
Жылу маусымы басталар шақта бұл жұмыстың маңызы зор. Магистральдар қаншалықты сенімді болса, суық түскенде оқыс оқиғалар азаяды.
Инфрақұрылымды жаңғырту облыс орталығымен ғана шектелмейді. Өңірде электр желілеріне де ерекше көңіл бөлініп отыр. Ұлттық жоба шеңберінде 40 елді мекенді қамтитын 501 шақырым желі жөнделді.
2026-2027 жылдары жалпы құны 16,5 миллиард теңгені құрайтын тағы жеті жоба жүзеге асырылмақ. Биылдың өзінде тоғыз аудандағы 70-тен астам ауылда 380 шақырым электр желісі жаңартылмақ. Сонымен қатар екі қосалқы станса салынады. Ал Ақсай қаласында сумен қамтуға бағытталған төрт жоба басталады деп жоспарланып отыр.
БҚО – энергетика мен коммуналдық секторды жаңғырту жөніндегі Ұлттық жобаға алғашқылардың бірі болып кіріскен аймақ. Өңірде осы мақсаттарға 31,6 миллиард теңге тартылған. Қазір 11 жобаның жұмысы жүріп жатыр, тағы 11 жобаны биыл аяқтап, пайдалануға беру жоспарда бар.
Бағдарламаның ауқымы тек бөлінген қаржымен шектелмейді. Басты мақсат – апат болғанда ғана іске кірісіп, жыртықты жамайтын бұрынғы әдістен арылу. Сондықтан облыс мамандары тозығы жеткен жерлерді жартылай жөндеуді қойып, жүйелі түрде толық жаңартуға көшті.
Арнайы жоспар бойынша 2029 жылға қарай өңірдегі электр желілерінің тозуын 11 пайызға, су ағызу инфрақұрылымын 48 пайызға, су мен жылу жүйелерін 43 пайызға төмендету көзделген. Енді бұл көрсеткіштер қағаз бетінде қалмай, тұрғындардың тұрмысында көрініс табуы үшін қыста үй жылы болып, краннан тоқтаусыз су ағып, тозған сымдардың кесірінен себепсіз жарық өшпей, коммуналдық жүйелер үздіксіз жұмыс істеп тұруы керек.
Айдар ДӘУІТҰЛЫ