Қазақстандағы стадиондар футболшылар үшін қауіпті екенін айтты
Қазақстандағы стадиондар футболшылар үшін қауіпті екенін айтты
Фото: Интернеттен алынды
Қазақстанда сапалы стадиондар жеткіліксіз. Жыл сайын ішкі біріншілік  басталған тұста жасанды алаңдар ойын өткізуге жарамай, командаларымыз жан-жаққа тентіреп, өзге аймақтардадоп тебуге мәжбүр болады. Тек мамыр келіп, жер аяғы кеңіген тұста ғана командаларымыз сүйікті стадиондарына оралады.Бұл еліміздегі спорттық инфрақұрлым мәселесі дұрыс жолға қойылмағанының анық дәлелі. Стадиондарымыздың заман талабына сай болмауы футболымыздың кежегесін кейін тартып жүр. Облыс орталықтарына халықарылық стандартқа сай келетін стадиондарды неге сала алмай отырмыз?! Еуропаның кейбір кішкене қалаларында 8000 адамдық стадиондар бар. Ал жарты миллионнан астам халқы бар облыстарда 15-20 мыңдық орындық заманауи стадион салу әзірге арман болып тұр.  width= «Қайраттың» бұрынғы бас бапкері Владимир Вайсс бірде тілшілерге берген сұхбатында: «Сіздер менен «қазақстандық клубтар қашан Чемпиондар лигасының топтық кезеңінде ойнайды?» деп жиі сұрайсыздар. Егер команданың Чемпиондар лигасында ойнауын қаласаңыздар, ойынды Теміртаудағы алаң секілді жерлерде өткізуге болмайды. Бұл – ойыншылар үшін қауіпті. Теміртаудың стадионы ХІІІ ғасырды еске салады» деп жауап берген еді. Міне, ХХІ ғасырдағы қазақ футболының көрінісі. Жасыл алаңдардың сапасы туралы бұдан артық қандай сын керек?! Ал Қазақстанды «екінші Отаны» санайтын Станимир Стойлов қазақ футболында шешімін таппаған мәселелер әлі де көп екенін айтады. Білікті бапкер әсіресе стадион, жасыл алаң, балалар бапкерлері, жалпы инфраструктураның елімізде дұрыс жолға қойылғанын қалайды.Осы мәселе туралы ол бірнеше прессконференцияларда айтқан болатын.
Қазақстанда ұлттық құрама ойынын қабылдауға лайық 2 стадион ғана бар. «Астана Арена» мен Алматының «Орталық стадионы». Қалған стадиондар ФИФА мен УЕФА талаптарының ең төменгісіне де сай келмейді. Еліміздегі ең ірі, заман талабына сай жалғыз стадион «Астана Арена» 2009 жылы пайдалануға берілді. Одан кейін стадион салуды доғардық. Енді міне, ұзақ жылғы үзілістен соң Түркістанда жаңа стадион бой көтеретінін естіп қуанғанымызды несін жасырайық. Қазіргі кезде аталған өңірде УЕФА-ның халықаралық талаптарына сай орталық стадионның құрылысы басталыпты. Нысан құрылысын «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры жүргізуде. Стадион мамыр айында пайдалануға беріледі екен. Не де болса жақсы стадион бой көтереріне сенеміз.
7000 адам сыятын стадионда 2 спорт залы, табиғи футбол алаңы, әкімшілік бөлмелер болады. Спорт кешені пайдалануға берілген соң бұл жерде футболдан Қазақстан Республикасы чемпионатының Прьемер-Лига, Бірінші және Екінші Лига командаларының ойындары өтеді.Осы бастаманы өзге аймақтар да қолға алса, ел футболының еңсесі көтеріліп, ел қатарлы біз де жақсы алаңда футбол ойынын тамашалар едік. Әзірге күрделі жөндеу жұмыстарынан босай алмай жатырмыз.    width= Қызылордадағы Ғани Мұратбаев атындағы «Орталық» стадионы маусымның ортасында күрделі жөндеуден өтті. Алайда қызылордалықтар стадионның қазіргі жағдайына риза емес. Жүгіру жолағы мен трибуна үстіне шатыр қойылып, жарықтандыру жұмыстары біткен бойдаспорттық кешен пайдалануға берілді. «Қайсар» футбол клубының ойындарын көруге келген жанкүйерлер трибуна ортасында тұрған тірек балкаларының тым үлкен диаметрлі екенін айтып шағымдануда. Футбол көруге кедергі келтіретін мұндай балкалардың адам өміріне қауіпі болғандықтан, УЕФА оны трибуна ортасына салуға рұқсат бермеген.Бірақ оны ескерген ешкім жоқ. 4 миллион еуро көлемінде қаржы жұмсалып, қайта жөндеу көрген бұл стадионда «Қайсар» командасына жаңа маусымда Еуропа лигасының ойындарын өткізу қиындық тудыруы мүмкін. Шымкенттегі Қажымұқан атындағы орталық стадионы да жаңартылмақшы. Күрделі жөндеу жұмыстарына жұмсалатын қаржы белгілі болған соң спорт комментаторы Ермұхамед Мәулен оған жұмсалатын соманың тым жоғары екенін айтып, мұндай ақшаға екі су жаңа екі стадион салуға болатынын айтып, басшылықты сынға алды.
Ермұхамед Мәулен: – Егер спортты дамытамыз десек, біз спорттық инфрақұрылымды стадионнан бастап жаңартуымыз керек. Ресей Әлем чемпионатын өткізер кезде8 жаңа стадион салды. Олардың үш-төртеуі ультразаманауи, қалғаны жалпылама еуростандарттарға сәйкес келетін стадиондар. Ал Түркияда стадион мәселесі соңғы 10-15 жыл ішінде толықтай шешілді. Аз ғана уақыттың ішінде түріктер бірнеше стадион салды. Бір ғана Стамбұлдың өзінде 4 стадион бар. Осыдан 10 жыл бұрын салынған «Сиваспор» клубының «Сивас» атты стадионы 27 млн еуроға салынған. 25 мың адам сияды. Ал Чехиядағы «Виктория Пльзень» командасының 10 мың адам сиятын керемет стадионының құрылысына 16 млн еуро жұмсалған. Шағын әрі еуропалық стандартқа сай. Бізде Шымкенттегі Қажымұқан Мұңайтпасов атындағы стадионды 44 млн еуроға жөндейміз деп отыр. Ол ақылға сыймайтын нәрсе екенін айттым. Сол сыннан кейін жөндеуге жұмсайтын қаржыны 3 есеге дейін азайтқанын естідім. Бірақ ақпараттың нақты не нақты емес екенін білмеймін.
Ол сондай-ақ, Қазақстан 2002 жылы АФК құрамынан шығып, УЕФА-ға өткенде ең алдымен спорттық инфрақұрлым мәселесін шешіп ала алмағанын айтып, қолда бар ақшаны оңтайлы жұмсай алмай отырғанымызды жеткізді. – Бір ғана «Астана Аренамен» ұзаққа бармаймыз. Сапалы ойын алаңдары керек бізге. Ескі стадиондарымыз көп. Оралдың, Атыраудың стадиондарының жағдайы мәз емес. «Шахтер», «Оқжетпес» клубтары да көшіп-қонып жүреді. Оған біраз шығындалады. Ақтаудың «Каспий»командасы да биыл Премьер лигаға жолдама алды. Бірақ қай жерде ойнайтыны нақты белгісіз секілді. Өйткені жергілікті клубтың да стадионы ескі, тозығы жеткен. Біздегі жергілікті облыс әкімшілігі әр облыста стадиондарын 5 жыл сайын қайтадан күрделі жөндеуден өткізе береді. Кейбіреуіне 6 млн еуроға дейін ақша жұмсалған. Елдер 16 млн еуроға жаңа стадион соғып жатыр. Бізде стадион салу мәселесі неге қиын екенін әлі күнге дейін түсінбей-ақ қойдық, – дейді Ермұхамед Мәулен. Біз де түсіне алмай далмыз... Абылайхан ЖҰМАШ