Қарағанды облысында күзгі мал сою науқанына байланысты жолдардағы бақылау күшейтілді. 25 қыркүйектен бастап республикалық және облыстық маңызы бар жолдарда 19 жылжымалы блокбекет жұмыс істеп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
Блокбекеттер қыс түскенге дейін жұмыс істейді. Негізгі мақсат – күзгі мал сою кезеңінде мал ұрлығының алдын алу.
Полиция қызметкерлері мал немесе ет өнімдерін тасымалдаған көліктерді тоқтатып, жүктің құжаттарын тексереді. Жүргізуші малдың немесе еттің қайдан алынғанын және заңды түрде тасымалданып жатқанын растайтын құжаттарды көрсетуі тиіс.
Құжаттар болмаған немесе күмән тудырған жағдайда көлік аумақтық полиция бөліміне жеткізілуі мүмкін. Онда жүктің шығу тегі мен иесі анықталады.
– Құжаттар күмән тудырса немесе мүлде болмаса, жүктің шығу тегі мен иесі анықталғанға дейін тексеру жүргізіледі, – деді Қарағанды облысы Полиция департаменті криминалдық полиция басқармасы бастығының орынбасары Мейіржан Сламбеков.
Полиция мұндай бақылау бекеттері бұған дейін ұрланған малды анықтауға көмектескенін атап өтті. Былтыр Теміртау маңындағы блокбекеттердің бірінде Ақмола облысынан ұрланған 46 жылқы табылған.