JOLTAP жобасы республикалық деңгейге көтерілді

Халыққа қолдау мен кәсіпке баулу: Елорданың JOLTAP жобасы еліміздің барлық өңіріне тарайды.

Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram парақшасында JOLTAP жобасының маңызы туралы жазды, – деп хабарлайды Aikyn.kz.

«Үш жыл бұрын біз азаматтарға жаңа мамандықтарды тегін меңгеруге, өз кәсібін ашуға, жұмыс табуға және мемлекеттік қолдау шаралары бойынша кеңес алуға мүмкіндік жасайтын JOLTAP жобасын қолға алдық.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша іске асып жатқан бұл бастама осы уақыт ішінде білікті мамандар даярлауда өзінің жоғары тиімділігін көрсетті.

Жоба ашылғаннан бері 22 мың адам оқуын аяқтады. Бүгінде түлектердің 60%-ы жұмысқа орналасқан, 17%-ы фриланс форматында жұмыс істеп жүр, ал 2 мыңға жуық адам өзінің шағын кәсібін ашты.

JOLTAP жобасы аясында 30 авторлық бағдарлама әзірленді: 19-ы жұмысшы мамандықтарға (тігінші, наубайшы, электргазбен дәнекерлеуші, аяқкиім жөндеуші, жиһаз құрастырушы және т.б.), 11-і цифрлық бағыттарға (SMM, таргет, графикалық дизайн, мобилография, базалық цифрлық дағдылар және т.б.) арналған. Цифрлық курстардың маңызды ерекшелігі – ЖИ құралдарының енгізілуі.

Курстарда оқу толықтай тегін. Оқуға қатысу үшін «Баршаға мүмкіндік» мобильді пункттері, сондай-ақ аудан әкімдіктері мен елорданың Жұмыспен қамту басқармасының мансап орталықтары арқылы жазылуға болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, жоба еліміздің барлық өңіріне тарайтын болады», – деп жазды Жеңіс Қасымбек.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.