Ерлан Қарин: Мемлекет басшысының тапсырмасымен әскерді түбегейлі реформалау жұмыстары басталды

Бұл туралы Қазақстан Республикасының Вице-президенті Ерлан Қарин мәлімдеді.

Ерлан Қарин аз ғана уақыттың ішінде Мемлекет басшысы кадрлық тағайындаудан бастап әскерді түбегейлі реформалауға дейінгі барлық негізгі шешімдерді қабылдады деген пікір білдірді, – деп хабарлайды Aikyn.kz. 

Маңғыстау облысында оқу-жаттығу кезінде әскери қызметшілердің қаза табуы жалпыұлттық қасіретке айналды. Мемлекет басшысы осы оқиғаға қатысты барлық негізгі мәселені, яғни зардап шеккендерге көмек көрсету, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермес үшін оқиғаның мән-жайын жан-жақты әрі объективті тергеу жөніндегі жүйелі шараларды жедел түрде жеке бақылауына алды, - дейді Ерлан Қарин.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Жалпыұлттық аза тұту күнін жариялап, қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасыларына көңіл айту жеделхаттарын жолдап, олардың туған-туыстары мен жақындарына жеке өз атынан көңіл айтты. Мемлекет басшысының Жарлығымен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметші «Айбын» орденімен марапатталды.

Президенттің тапсырмасымен Үкіметтік комиссия құрылып, оқиға орнына шұғыл жіберілді. Мемлекет басшысы қайтыс болған әскери қызметшілердің отбасылары мен зардап шеккен жауынгерлерге қажетті барлық көмек пен қолдауды көрсетуді тапсырды.
Құқық қорғау органдары қайғылы оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтау үшін сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады. Алғашқы кезектегі тергеу және процессуалдық іс-әрекеттер жүргізілді. Қорғаныс министрлігінің бірқатар лауазымды тұлғасы күдікті ретінде ұсталды. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жалғасып жатыр және Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында.
Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері, Құрылтай депутаттары, саяси партиялардың өкілдері, кәсіпкерлер, меценаттар және басқа да азаматтар қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасына қолдау көрсетуге дайын екенін білдірді. Қысқа мерзім ішінде қаражат жинау ісінің жедел әрі ашық жүргізілуін қамтамасыз ететін арнайы қор құрылды. Сондай-ақ Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі Бекмұрат Жүсіпов басқаратын қоғамдық комиссия жасақталды. Комиссияның негізгі міндеті – жиналған қайырымдылық қаражатын әділ әрі ашық бөлуді қамтамасыз ету.
Жұртшылықтың алдағы уақытта да қабылданған барлық шаралар туралы уақытылы әрі ашық ақпарат алып отыруы қамтамасыз етілетін болады.
Ең бастысы, мемлекет тек жедел әрекет етіп қана қоймай, оқиғалардың түпкі себептерін жоюға бағытталған жүйелі әрі кешенді шешімдерді қабылдауда.
Президент Қорғаныс министрлігінің жаңа басшысын тағайындап, ведомствоның жұмысын кешенді тексеру жөнінде Комиссия құрды. Қаржы және әскери бөлімдердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілу жағдайына жүргізілген аудиттің алғашқы қорытындысы жеті күн ішінде баяндалуға тиіс.
Бұдан бөлек, Мемлекет басшысы он күн ішінде армияны реформалаудың арнайы жоспарын әзірлеуді тапсырды. Президент атап өткендей, реформаның басты міндеті – әскери қызметшілердің қауіпсіздігі мен өмірі негізгі басымдыққа айналатын жаңа үлгідегі армия құру.
Осылайша, аз ғана уақыттың ішінде Мемлекет басшысы кадрлық тағайындаудан бастап, әскерді түбегейлі реформалауға дейінгі барлық негізгі шешімдерді қабылдады, - деді Вице-президент.

Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның»  TELEGRAM  арнасынан табасыз.