Global Quality Infrastructure Index (GQII) 2025 Жаһандық сапа инфрақұрылымы индексіне сәйкес, Қазақстан аккредиттеуді дамыту деңгейі бойынша әлемде 32-орынға тұрақтады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты.
GQII 2025 жалпы рейтингінде Қазақстан 185 мемлекеттің ішінде 48-орынға жайғасты. Елдің көрсеткіштері ұлттық сапа инфрақұрылымының үш негізгі құрамдас бөлігі – аккредиттеу, метрология және стандарттау бойынша бағаланады. Қазақстан ең жоғары позицияны дәл осы аккредиттеу саласында иеленді – 32-орын. Метрология саласында еліміз 43-орында, ал стандарттау саласында 70-орында орналасты.
Аккредиттеу сапа инфрақұрылымының негізгі элементтерінің бірі саналады. Ол сәйкестікті бағалау жөніндегі органдардың – сынақ және калибрлеу зертханаларының, сертификаттау жөніндегі органдар мен инспекциялық органдардың құзыреттілігін ресми түрде тануды қамтамасыз етеді. Тиімді жұмыс істейтін аккредиттеу жүйесі сынақ, өлшеу және сертификаттау нәтижелеріне деген сенімді арттыруға ықпал етеді, сондай-ақ олардың нәтижелерін халықаралық деңгейде тану үшін жағдай жасайды.
GQII сапа инфрақұрылымының жаһандық индексі әлемнің түрлі мемлекеттерінің сапа жүйелерінің даму деңгейін салыстыруға мүмкіндік береді. Рейтингті қалыптастыру кезінде аккредиттеу, стандарттау және метрология саласындағы деректер талданады.
GQII ақпаратына сәйкес, индекс сапа инфрақұрылымының ресми институттарының ашық деректері негізінде қалыптастырылады. Атап айтқанда, метрология, стандарттау және аккредиттеу саласындағы халықаралық ұйымдар мен ұлттық органдардың мәліметтері пайдаланылады.
GQII нәтижелері ұлттық сапа инфрақұрылымының жай-күйін бағалауға және оның дамуын халықаралық салыстыруда қадағалауға мүмкіндік береді. Дамыған сапа инфрақұрылымы өнімдер мен қызметтерге деген сенімді қамтамасыз етуде, халықаралық сауданы дамытуда және экономиканың бәсекеге қабілеттілігін арттыруда маңызды рөл атқарады.
Жаһандық сапа инфрақұрылымы индексі (GQII) Mesopartner бастамасы және Германияның Ұлттық метрологиялық институтының (PTB) және Германияның Экономикалық ынтымақтастық және даму федералды министрлігінің (BMZ) көпжылдық қаржылық әрі мазмұндық қолдауымен, ұлттық сапа инфрақұрылымы органдары мен халықаралық сарапшылардың қатысуымен іске асырылады. 2023 жылдан бастап жоба БҰҰӨДҰ (ЮНИДО) және INetQI серіктестерімен тығыз ынтымақтастықта жұмыс істейді.