Қорғалжын тасжолында көлік жолдан шығып, төрт адам ауруханаға түсті

Жол-көлік оқиғасы 27 қыркүйекте аталған автожолдың 28-шақырымында болған.

Ақмола облысында «Астана – Қорғалжын» автожолында жол-көлік оқиғасы болып, төрт адам түрлі дене жарақаттарымен ауруханаға жеткізілді,- деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.

Жол-көлік оқиғасы 27 қыркүйекте аталған автожолдың 28-шақырымында болған.

Ақмола облысының Полиция департаментінің мәліметінше, жол апатына Nissan Sentra және Toyota Land Cruiser автокөліктері қатысқан.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиға салдарынан Nissan Sentra көлігінің төрт жолаушысы түрлі дене жарақатын алған. Зардап шеккендердің барлығы медициналық мекемеге жеткізіліп, ауруханаға жатқызылған. Оқиға куәгерлерінің бастапқы болжамы бойынша, көлік жол жиегіне шығып кетіп аударылған. Алайда апаттың нақты қалай болғаны әзірге белгісіз. Оның ішінде көліктердің бүйірден соқтығысуы туралы нұсқа да айтылуда. Бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.

Қазіргі уақытта полиция аталған жол-көлік оқиғасына қатысты тексеру жүргізіп, болған жағдайдың барлық мән-жайын анықтап жатыр.

– Қазіргі уақытта осы факт бойынша тексеру жүргізілуде, оқиғаның барлық мән-жайы анықталуда. Тексеру нәтижесі бойынша қолданыстағы заңнамаға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады, – деп хабарлады Ақмола облысының Полиция департаменті.

Полиция жол қозғалысына қатысушыларды жолдағы қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырды. Әсіресе, көлік жүргізушілеріне жылдамдық режимін бұзбау және жолда барынша мұқият болу қажеттігі ескертілді.

Төрт адамның ауруханаға түсуіне себеп болған апаттың нақты себептері полиция тексеруінен кейін белгілі болмақ.

 

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, 

Ақмола облысы