Қазақстандықтардың 31,2%-ы өзі тұратын елді мекендегі әлеуметтік маңызы бар мәселелерді шешуге қатысады, – деп хабарлайды Aikyn.kz сайты Қазақстандық қоғамдық даму институтына сілтеме жасап.
Зерттеу нәтижесіне сәйкес, азаматтардың қоғамдық мәселелерге араласу тәсілдері әртүрлі. Респонденттердің 15,5%-ы маңызды мәселелер бойынша өткен жиналыстарға немесе дауыс беруге қатысатынын айтқан.
Тағы 9,9%-ы өз үйіне, ауласына немесе көшесіне қатысты мәселелерді шешуге тікелей араласады. Ал сауалнамаға қатысқандардың 5,8%-ы тұрғындарды өздері ұйымдастырып, түрлі бастамаларды қолға алады.
Сонымен қатар респонденттердің 10,1%-ы қоғамдық мәселелерді шешуге атсалысқысы келетінін, алайда ол үшін қайда жүгіну керегін білмейтінін көрсеткен.
Деректер «Қазақстан Республикасындағы қоғамдық кеңестер туралы Ұлттық баяндамадан» алынған. 2026 жылы жүргізілген зерттеуге 1 200 респондент қатысқан.