Әскери реформа жоспарын әзірлеуді тапсырды

Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ведомствосының басшылық құрамымен кеңес өткізді.

Мемлекет басшысы ұжымға жаңа Қор­ғаныс министрі Айдос Мырзах­метов­ті таныстырды. Жиын Маңғыстау об­лысында өткен оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан 14 әскери қызметшіні бір ми­нут үнсіздікпен еске алудан бас­тал­ды.

– Мен қаза болған әрбір әскери қыз­мет­шінің ата-анасына көңіл ай­тып, ар­найы жеделхатымды жолдадым. Қай­тыс болған азаматтардың отба­сы­ларына бар­лық қажетті көмек көр­се­тіледі. Олар­дың ешқайсысы қолдау­сыз, көмек­сіз қалмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы болған оқиғаға қа­таң баға берді. Президенттің айтуын­ша, бейбіт күнде сарбаздардың өмірін жал­маған бұл қайғылы жағдайға бірінші ке­зекте офицерлердің, соның ішінде ге­нералдардың салғырттығы және кәсі­би біліксіздігі себеп болды.

Қасым-Жомарт Тоқаев қайғылы оқи­ғаның мән-жайын ғана емес, мұндай оқу-жаттығуды жоспарлауға не түрткі бол­ғанын және қойылған міндеттің қа­зіргі қауіп-қатерлерге қаншалықты сай келетінін анықтауды талап етті.

– Қарулы Күштер басшылығы қор­да­ланған түйткілдерді жылдар бойы ше­ше алмай келеді. Бұл еліміздің қор­ға­ныс қабілетіне нұқсан келтіреді. Өт­кен қайғылы оқиғалардан сабақ алма­дыңыз­дар. Аталған оқу-жаттығу жиы­ны­ның мәні де, мақсаты да түсініксіз. Оны кім әзірлеп, бекітті? Бас штабтың рө­лі қандай? Үйлестіру жұмыстарына неге мән бермеген? Неліктен оқу-жат­тығу жиынында Әскери-теңіз күшт­ері­нің бас қолбасшысы болмаған? Жауап­сыз­дық, салғырттық, көзбояушылық бе­лең алған. Жүйелі жұмыс жоқ. Дағ­да­рыс жағдайындағы іс-қимыл жоспары сын көтермейді. Мұның бәрі – әскери ве­домство басшылығының немқұрай­ды­лығының салдары, – деді Мемлекет бас­шысы.

Президент оқу-жаттығу жиынына қатысқан әскери қызметшілер тиісті жабдықтармен, соның ішінде арнайы құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегенін айтты.

Мемлекет басшысы жеке құрамның қауіпсіздігіне айрықша назар аударды. Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, Үкіметтік комиссия оқу-жаттығуды әзір­­леу мен өткізуге, әскерді қажетті жаб­­дықтармен қамтамасыз етуге және қауіп­сіздік талаптардың сақталуына жа­уапты барлық лауазымды тұлғаның әрекетіне баға беруге тиіс.

Бұдан бөлек, Президенттің өкіміне сәйкес Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру басталды. Тексеру барысында әскери қызметті ұйымдастыру, әскерді жаб­дықтау, сондай-ақ оның материалдық және қаржылық тұрғыдан қамтамасыз етілуі жан-жақты зерделенеді. Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева басқаратын комиссия жүйе­лі сипат алған заңбұзушылықтарды анық­тап, кімдердің жауапқа тартылатынын айқындауы қажет.

Мемлекет басшысы әскери қызмет­шілер лауазымына, шеніне қарамастан жауапқа тартылатынын, заң бойынша қатаң жазасын алатынын ескертті. Атал­ған мәселе Президенттің жеке бақы­лауында.

– Бұл оқиға армияда олқылықтар өте көп екенін және кәсібилік жетіспейтінін анық көрсетті. Әскерді түбегейлі рефор­малауды іске асыратын уақыт келді. Бұл – кезек күттірмейтін мәселе. Мен осыған байланысты кадрлық шешім­дер қабылдадым. Сіздерге Қазақстан Республикасының жаңа Қорғаныс ми­нистрі Мырзахметов Айдос Сәкенұлын та­ныстырғым келеді. Айдос Сәкенұлы күр­делі кезеңде қызметке кірісіп жатыр. Жауапкершілік – өте жоғары, алдағы міндеттер – аса күрделі. Батыл шешімдер қабылдануға тиіс, – деді Мемлекет бас­шысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев қорғаныс ве­дом­ствосының жұмысын түбегейлі транс­формациялау мәселесіне тоқталды.

– Жақында Қауіпсіздік Кеңесі Аппаратымен өткен жиында әскери са­ла­да атқарылатын басым міндеттерді айқындадым. Біздің армия өткен ға­сырда қалып қойған. Сонымен қатар қолбасшылық жүйесін халықаралық үздік тәжірибеге сай қайта құру керек. Кешенді тәсіл қолдану қажет. Ал ол үшін бағыт-бағдарымыз анық болғаны жөн. Бұл дүниетанымы кең, сауатты офи­церлердің ғана қолынан келеді. Рефор­маның мақсаты – жаңа үлгідегі әскер жасақтау, – деді Мемлекет басшысы.

Президент армияда цифрлық транс­фор­мация жүргізуді, мүмкіндігінше адам­ды технологиямен алмастыруды тап­сырды.

– Әскерді дамытудың жаңаша тә­сіл­дері қажет. Таптаурын шешімдер, алдамшы амалдар, қағаз жүзінде бәрін керемет етіп көрсететін өтірік есептер ешкімге қажет емес, – деді Президент.

Қорғаныс министріне бірқатар кезек күттірмейтін міндет жүктелді. Бірінші міндет – бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету.

– Бөлінген қаржы мемлекеттің қор­ғаныс қабілетін арттырып, барынша нә­тиже беруге тиіс. Мақсатсыз шығынға, талан-таражға жол берілмейді. Мұндай әрекеті әшкереленгендердің бірде-біреуі жауапкершіліктен құтылмайды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Екінші міндет – қазіргі заманғы қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы Күштерді реформалау. Қауіпсіздік Кеңесі­нің Аппараты Қорғаныс министр­лігімен бірлесіп, он күн ішінде әскерді реформалау жөнінде арнайы жоспар әзірлеуге тиіс.

Сондай-ақ Мемлекет басшысы ма­мандарды іріктеу мен бағалаудың ашық критерийлерін енгізген жөн деп санайды.

– Әскери лауазымдарға басшының «өз адамдары» емес, тәжірибелі және білік­ті кадрлар ұсынылуға тиіс, – деді Пре­зидент.

Үшінші міндет – әскер қатарындағы идеология және тәрбие жұмысын кү­шей­ту. Бұл іс Конституцияның басты қағидаттары мен құндылықтарына сәй­­кес жүргізілуге тиіс. Сондай-ақ әлем­­нің әскери тарихы, ұлтымыз бен жаһан елдерінің озық рухани-мәдени же­тістіктері кеңінен дәріптелуі керек. Армия кәсіби даярлық пен білімді шың­дап, отаншылдыққа баулитын мек­теп болғаны жөн. Онда әрбір әскери қыз­метшінің өмірі мен қауіпсіздігі бәрінен жоғары тұруы қажет.

– Отан қорғау – әр азаматтың қастерлі борышы, қасиетті парызы. Әскери қызметке өмірін арнаған әр азамат мемлекеттің қамқорлығы мен қолдауын айқын сезінуі керек. Әскер – қорқыныш пен үрейге толы жер болмауы керек. Әскер – жас сарбаздарды, еліміздің нағыз отаншыл азаматтарын тәрбиелеудің бұрынғы және қазіргі озық үлгілері ұштасқан кәсіби деңгейі жоғары институт болуға тиіс, – деді Мемлекет басшысы.

Президенттің пайымдауынша, БАҚ әскери қызмет, әсіресе басшылықтың жоғары бағасы мен қолдауына ие болған әскери қызметшілер туралы объективті ақпарат таратқаны жөн.

Жоғарғы Бас Қолбасшы нақты әрі түсінікті, кезең-кезеңімен реформалау жоспарын әзірлеу маңызды екеніне назар аударды. Оны көлемді тұжырымдамаға немесе жол картасына айналдыруға бол­майды. Реформа жоспары қазан айының екінші жартысында өтетін Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында қаралады.

Президент Қауіпсіздік Кеңесінің Аппаратына әскерді реформалау үдерісін үйлестіруді тапсырды.