«Қара алтынның» құтты қамбасы

Жер астының ырыс-несібесі мен байлығы мол Қазақстан кейінгі жылдары кен орындарындағы жұмыстарды автоматтандыруға ерекше ден қоя бастады.

Оның ішінде көмір өндіру саласы да бар. Әрине, шахталар дегенде көптің көз алдына ауыр еңбек пен қараңғы шахта елестеп жататыны жасырын емес. Дегенмен бұл ауыр еңбектің орнын қазір заманауи технологиялар алмастырып жатыр. Қуатты экскаваторлар дейсіз бе, цифрлы бақылау жүйелері, бірнеше шақырымға созылған конвейерлік жүйелер – бәрі бар. Осы даму үдерісінің нышанын Екібастұздағы «Богатырь» көмір кенішінен байқадық. 

Жалпы, «Богатырь» көмір кеніші әлем­дегі ең ірі кен орындарының бірі са­на­лады. Сонау 1985 жылы 56,8 млн тонна кө­мір өндіре алатын өндірістік қуатқа ие бо­лып, Гиннестің рекордтар кітабына ен­ді. Бүгінде кәсіпорын елдің энергетика са­ласы үшін стратегиялық маңызын әлі сақ­тап отыр. 2025 жылы компания 45,25 млн тонна көмір өндірді. Бұл дегеніңіз Қа­зақстанның барлық көмір өндірісінің 39 пайызын құрайды. Қазір кеншілер 200 метр тереңдіктен көмір өндіріп жатыр, ке­лешекте 400 метрге дейін тереңдетіл-мек. 

Осынша көлемдегі өндірісті, тау-кен мас­сасын тасымалдау оңай емес. Сон­дық­тан кенішке жаңа технологиялар керегі айт­паса да белгілі. Алдымен жер астынан алын­ған көмір автоматтандырылған кон­вейерлік желіге түседі екен. 

«Бұл желіде жұмыс істейтін адам саны әл­деқайда аз, сондықтан конвейер қауіп­сіз әрі өнімдірек қызмет етеді», – дейді «Бо­гатырь Көмір» ЖШС бас директоры Ев­гений Мастернак.

Ашық кеніш тереңдей берген сайын тау жыныстары, теміржол мен автомобиль кө­лігі өтетін аумақ тарыла береді. Ал кон­вейер осы тасымалды оңтайлы етіп оты­ға­нын айта кеткен жөн. Қанша жерден тех­нологиялар дамыды десек те, тау-кен өндірісінде адам еңбегін толықтай алып тас­тау әзірге мүмкін емес. Сондықтан ке­ніш басшылығы технологияларды екі ба­ғытта дамытуды жөн деп шешіпті. Бі­ріншісі, өндірістік процестерді авто­мат­тандыру болса, екіншісі, қызметкерлердің қауіп­сіздігін қамтамасыз ету. 

Мысалы, самосвал жүргізушісі әлі де рөл­де отыр делік, ақылды жүйелер оның жай-күйін толық бақылап отырады. Ал­дымен жүргізушінің шаршау белгілерін анықтайды. Бірнеше тонна салмақты кө­лік­тің айналасындағы жағдайды көріп, қатер төнген кезде ескерту береді. 

Елдің еңбек нарығында «Богатырь» кө­мір кенішінің рөлі орасан. Бүгінде мұн­да 6500 адам жұмыс істейді: шамамен 1800 қызметкер тікелей разрезде еңбек етсе, 2000-ға жуық адам технологиялық темір­жол көлігінің жұмысын қамтамасыз етеді. Дегенмен автоматтандыру қауіпті аймақ­тарда жұмыс істейтін азаматтардың санын айтарлықтай қысқартыпты. «Богатырь Көмір» ЖШС бас директоры Евгений Мас­тернактың сөзінше, еңбек күші азай­ғанымен, цифрлы жүйелерді басқарып, жаңа технологиялардың тілін білетін м­а­мандарға сұраныс арта бермек. Яғни жаңа технологиялар азаматтарды жұмысынан айырады деп шешім айту негізсіз. 

Шахтадағы жұмыс қалай алғанда да ауыр болатыны даусыз. Физикалық тұр­ғыда кеншілерге түсетін салмақ бар. Кә­сіп­орын жаңа технологиялар арқылы бұл жүк­темені біршама азайтыпты. Соның ар­қасында қазір кәсіпорын ұжымының 30 пайызын әйелдер құрап отыр. Олар кө­біне кеңсе және әкімшілік қыз­мет­тері­мен айналысады, сонымен қатар өндіріс­тің өзінде геолог немесе технолог болып табысты еңбек етіп жүргендері бар.

Роботтар мен автоматтандырылған жүйе­лерге қарамастан, тау-кен өндірісі әлі де қауіп деңгейі жоғары сала болып қа­ла береді. Кәсіпорынның әзірге қай­ғы­лы жағдайлардың алдын алуды толық қамтамасыз ете алмай отырғанын бас­шы­лық та растайды. Компания басшылығы әрбір оқиғаны егжей-тегжейлі талдайты­нын атап өтті, өйткені әдетте жарақат алу­ға бір емес, бірнеше себеп ықпал етеді екен.

«Біздің басты мақсатымыз – адам­дар­дың қауіпсіздігі және әрбір қызметкердің үйіне аман-есен, дені сау күйінде бар­ға­ны», – деп нақтылады кәсіпорын бас­шы­лы­ғы.

Заманауи көмір өндірісі бұрынғыдай бі­лік­тілікке емес, қол күшіне сенгенді ке­шірмейді. Күрек пен қайла ұстаған кен­ші бейнесі біртіндеп өткеннің еншісінде қа­лып барады. Бүгінгі разрез қызмет-

кері – күрделі техниканы басқара алатын оператор, бақылаушы һәм диспетчер ретінде суреттелсе жарасады. Оның мы­салы жетерлік, кеніште жабдықталған тех­нологияларды көрсеңіз көз тояды. ЭКГ-15 экскаваторы мен жүк көтергіші 180 тоннаны арта алатын Hitachi аудар­ғы­шын тамашалаудың өзі ерекше. Адамзат өнертабысының жемісі – осы.

«Богатырь» кенішіндегі жаңғырту жұ­мыстарына қарап, адам еңбегі әр кез ба­ғалана беретінін түсіндік. Алайда Қазақ­стан­ның көмір өнеркәсібі қарқынды түр­де ілгері басып келеді, сондықтан өмі­рін шахтамен байланыстырған маман­дарға жаңа технологияның тілін білу маңыз­ды бола бермек.

Мадияр ТӨЛЕУ