Қазақстан даласында дүниеге келген алғашқы кертағы (Пржевальский жылқысы) құлындары енді Ботай және Тұмар деп аталады, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
Олар биыл жазда «Алтын Дала» мемлекеттік табиғи резерваты аумағындағы «Алиби» жабайы тұяқтыларды реинтродукциялау орталығында дүниеге келді. Бүгінде құлындар бір айдан асты. Күн өткен сайын белсенді болып, айналаны зерттеп, өз үйірімен бірге жүруге біртіндеп бейімделіп келеді.
Ботай — Тесса биенің құлыны, ал Тұмар — Умбраның төлі. Екі бие де Қазақстанға 2024 жылы Берлин Тирпаркінен әкелінген және алғаш рет ана атанды. Құлындардың есімінде де ерекше мән бар. Ботай атауы адам мен жылқы арасындағы қарым-қатынас тарихында маңызды із қалдырған Ботай археологиялық мәдениетімен байланысты. Ал Тұмар — қазақ танымындағы қорғаныш пен амандықтың нышаны.
Ботай мен Тұмардың дүниеге келуі — «Жабайы жылқыларды қайтару» жобасындағы жаңа кезең. Алғашқы кертағылардың Қазақстанға келуі олардың тарихи мекеніне оралуының бастамасы болса, енді қазақ даласында туған төлдер жаңа ұрпақтың қалыптаса бастағанын білдіреді. Қазір Ботай мен Тұмар мамандардың тұрақты бақылауында өсіп келеді. Алда оларды кең дала, үйірдегі өмір және өздігінен тіршілік етуге үйренетін ұзақ жол күтіп тұр.
Ботай мен Тұмар — Қазақстан даласында басталған жаңа ұрпақтың алғашқы өкілдері.
Сараптама, зерттеу мақала, күнделікті өзекті ақпаратты «Айқынның» TELEGRAM арнасынан табасыз.