Цифрлық кеніштің қазынасы

Қазақстанда цифрлық активтер нарығы біртіндеп жаңа экономикалық бағыт ретінде қалыптасып келеді. Бұған дейін криптовалюта көбіне майнинг пен сауда алаңдары тұрғысынан қарастырылса, қазір мемлекет бұл саланы қаржы нарығы, инвестиция, төлем жүйелері және жаңа технологиялармен байланыстыра отырып дамытуға кірісті. Соңғы жылдары майнингтен бюджетке түсетін түсім де артып, цифрлық активтер нарығындағы операциялар көлемі бірнеше есеге өсті.

Бүгінде Қазақстанда шамамен 3,5 мың бит­коин өндірілген. Ал цифрлық май­нинг­­тен бюджетке түсетін салық түсімі 2025 жылы 22,4 млрд теңгеге жетті. Бұл 2024 жылғы 9,9 млрд теңгемен салыстырғанда екі еседен астам көп. Майнерлер тұтынған электр энергиясының әр киловатт-сағатына 2 теңге мөлшерінде арнайы төлем жасайды.

Алайда саланың мемлекетке берері тек са­лықпен шектелмейді. Үкімет цифрлық май­нингті экономиканың басқа секторларымен байланыстырып, одан әрі инвес­тиция тарту, энергетикалық ресурстарды тиімді пайдалану және цифрлық активтер нарығын заңдастыруға басымдық беріп отыр.

Биыл цифрлық майнинг саласында жаңа механизм іске қосылды. Мысалы, шіл­деде Үкімет стратегиялық цифрлық май­нинг жүргізу қағидаларын бекіткен бо­латын. Оның негізгі ерекшелігі – ст­рате­гиялық жобаларға қатысатын майнерлер өндірген цифрлық активтердің 10 пайызын мемлекеттік криптовалюта резервіне беруі. Дегенмен10 пайыздық талап барлық майнинг компанияларына бірдей қолданылатын жалпы салық емес. Ол стратегиялық цифрлық майнинг жобаларының арнайы механизмі аясында белгіленген.

Майнингтің жаңа мүмкіндіктері

Бірінші стратегиялық жоба 12 қыркүйекте 90 МВт қуатпен іске қосылды. Жал­пы, мұндай жобалардың жоспарлан­ған қуаты 300 МВт болады. Инвестор май­нинг жабдығын өз қаражатына әкеліп, дерек­терді өңдеу орталығын салады және электр энергиясын стансадан қолданыс­тағы тариф бойынша тікелей сатып алады. Жобаға электр стансасы тарапынан қосымша субсидия немесе жеңілдік қарас­тырылмаған.

Үкіметтің есебінше, қуаты 90 МВт бо­латын алғашқы жобаның жеті жылдағы жиын­тық экономикалық әсері 156 млн дол­лар болады деп күтіледі. Яғни жаңа мо­­­дельдің мақсаты – цифрлық актив өн­дірудің өзін ғана емес, оның айналасындағы экономикалық белсенділікті де арт­тыру.

Цифрлық майнинг электр энергиясын көп қажет ететін сала болғандықтан, оның да­муы энергетика жүйесіне де тікелей байланысты. Осыған байланысты Үкімет майнинг орталықтарын қамтамасыз ету үшін газ және көмір генерациясын пайдалану тетігін қарастырып жатыр.

Сонымен бірге «70/30» бағдарламасы ар­қылы жаңа электр қуатын салуға жеке инвестиция тарту көзделген. Оның аясында инвестор жаңа станса салуы немесе қолданыстағы электр стансасының қуа­тын арттыруы мүмкін. Өндірілетін жаңа қуаттың 70 пайызы майнерлер мен ірі тұтынушылардың қажеттілігіне бағытталса, қалған бөлігі ұлттық энергетикалық жүйе­ге беріледі.

Нарықтың көлемі артып келеді

Цифрлық активтердің экономикалық әлеуетін тек майнинг көлемінен емес, со­лар арқылы жасалатын операциялардан да байқауға болады.

АХҚО Қаржылық қызметтерді реттеу комитетінің Лицензиялау және қаржы тех­нологиялары кеңсесінің басқарушы ди­ректоры Еркеғали Еденбаевтың айтуынша, қазақстандықтардың әлем бойынша шамамен 1 млн криптоәмияны бар. Бұл операциялардың белгілі бір бөлігі шет­елдік платформаларда жүргі­зі­летінін көрсетеді.

– Қазақстандықтарға әлем бойынша шамамен 1 миллион криптоәмиян тиесілі. Бұл операциялардың едәуір бөлігі әлі де шетелдік платформаларда жүргізілетінін көрсетеді. Алдағы кезеңдегі негізгі міндеттердің бірі – осы клиенттерді АХҚО-ның реттелетін ортасына тарту, – деді Еркеғали Еденбаев.

Қазір АХҚО-да цифрлық активтер саласында 35 провайдер жұмыс істейді. Оның ішінде 11 цифрлық активтер бир­жа­сы, 16 инвестициялық қызметтер про­вай­дері және сегіз төлем ұйымы бар. Олар­дың қатарында Binance және Bybit сияқты халықаралық криптоплатформалар да бар.

Реттелетін нарықтағы операциялардың көлемі де айтарлықтай өскен. Егер 2023 жылы лицензияланған ортадағы цифр­лық активтер операцияларының кө­лемі 320 млн доллар болса, 2025 жылдың қорытындысында бұл көрсеткіш 10,5 млрд долларға жетті. 2026 жылдың ал­ғаш­қы жартысында операциялар көлемі тағы 5,5 млрд долларға жуықтады.

Клиенттер саны да өскен. 2023 жылы ли­цензияланған ортада 53 мың клиент бол­са, қазір олардың саны 270 мың адамға жетті.

Еденбаевтың айтуынша, нарықтағы көр­сеткіштер реттелетін ортаның қалыптасып келе жатқанын көрсетеді.

«Егер 2023 жылы лицензияланған ор­та­дағы операциялардың көлемі 320 миллион АҚШ долларын құраса, былтырғы жылда бұл көрсеткіш 10,5 миллиард АҚШ дол­лары болды. Биылғы жылдың бірінші жартысының ішінде операциялар көлемі 5,5 миллиард АҚШ долларына жетті. Осы­лайша, қысқа уақыт ішінде реттелетін на­р­ық отыз есеге өсті», – деді ол.

Мемлекет үшін келесі міндет – май­нинг­ті жеке тұрған сала ретінде қалдырмай, толық цифрлық қаржы экожүйесінің бір бөлігіне айналдыру.

Үкімет бекіткен цифрлық активтер са­ласын дамыту жоспары 65 іс-шараны қам­тиды. Оның ішінде цифрлық актив­тер­ді төлемдерде пайдалану, инвестиция­лық құралдарды дамыту, токенизация, активтерді сақтау және цифрлық қаржы­лық қызметтерді кеңейту бағыттары бар.

Мәселен, қазір Қазақстандағы 5 мың­нан астам сауда нүктесінде цифрлық ак­тив­тер арқылы QR-кодпен төлем жасау мүм­кіндігі іске асырылған. Төлем кезінде са­тушы теңгемен қаражат алады. Ал тұр­ғын үй саласында Baspana Hub платформасы арқылы жылжымайтын мүлікті токенизациялау мүмкіндігі қарастырылып жатыр. Бұл инвесторға пәтерді толық са­тып алмай-ақ, оның цифрлық үлесіне ин­вестиция жасауға мүмкіндік беруді көз­дейді.

Осылайша, майнингтің экономикалық мәні өндірілген биткоин көлемімен ғана өлшенбейді. Сала бюджетке салық тү­сіріп, мемлекеттік крипторезервті то­лық­тырумен қатар, энергетикаға инвес­тиция тартуға, цифрлық қаржы инфра­құрылымын дамытуға және жаңа технологиялық нарық қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ендігі міндет – осы әлеуетті эко­номиканың басқа секторларымен тиім­ді байланыстыру.

Кәмила ДҮЙСЕН