Қатысушылар қатарында мектеп оқушылары мен студенттерден бастап педагогтер, мемлекеттік қызметшілер, отбасылар және өңірдің өзге де тұрғындары бар, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Ұлттық марафон Ақмола облысында тамыз айында басталған. Ал қыркүйек айынан бері өңірдің барлық 20 ауданы мен қаласында қатысушыларды белсенді тіркеу жұмыстары жүргізіліп келеді.
Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаев, Мәдениет басқармасының басшысы Нұрғиса Дауешов мәлімдеді.
Жоба жеті негізгі бағытты қамтымақ. Олардың қатарында «Оқитын мектеп», «Оқитын университет», «Оқитын отбасы», «Кітап оқитын зияткер» секілді бастамалар бар.
Марафонға қатысушылар арнайы тізімге енгізілген отандық және әлем әдебиетінің 330 кітабының ішінен 15 шығарманы оқуы тиіс. Оқу кезеңінен кейін олар тестілеу мен зияткерлік квиздерге қатысады.
Облыс әкімінің орынбасары Досұлан Айтбаевтың айтуынша, марафонның мәні тек кітап санын көбейтумен шектелмейді. Ең бастысы, тұрғындардың тұрақты оқу мәдениетін қалыптастыруға бағытталып отыр.
«Кітап оқу – жаңа білім алудың ғана емес, ой-өрісті кеңейтудің, талдау жасауды және өз бетінше қорытынды шығаруды үйренудің де мүмкіндігі. Сондықтан марафонға әр жастағы және әртүрлі салада еңбек ететін адамдардың қатысқаны біз үшін маңызды», – дейді Досұлан Айтбаев.
288 «Зерделі ұлт» бұрышы ашылды
Марафонды ілгерілетуде өңір кітапханаларына да үлкен міндет жүктеліп отыр. Аудандық және ауылдық кітапханаларда қатысушыларға қажетті кітап қоры жасақталған.
Сонымен қатар облыстағы барлық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінде «Зерделі ұлт» атты 288 арнайы бұрыш ашылды. Мұнда тұрғындардың кітап оқып, әдеби шығармаларды талқылауына мүмкіндік жасалған.
Кітап оқуға қызығушылықты арттыру мақсатында кітапханалар жанынан арнайы клубтар да жұмыс істеп жатыр. Бүгінде олардың 35 отырысы өткізілген.
Спикерлердің айтуына қарағанда, кітап оқу мәдениетін әлеуметтік желілер арқылы насихаттауға да басымдық берілген. Осы бағытта өңірге танымал тұрғындардың сүйікті кітаптары мен оқу мәдениетінің маңызы туралы айтатын 200-ге жуық бейнесұхбат жарияланған.
Мәдениет басқармасының басшысы Нұрғиса Дауешовтің пікірінше, қазіргі кітапхана дәстүрлі кітап беретін орыннан әлдеқайда кең ұғымға айналуы керек.
– Бүгінде кітапхана кітап алатын орын ғана емес, адамдардың пікір алмасып, әдебиетті талқылайтын және жаңа оқырмандық бастамаларға жол ашатын кеңістік болуы керек. Біз мұндай мүмкіндіктерді облыстың қалалары мен аудандарында да қалыптастыруға тырысып жатырмыз, – дейді Нұрғиса Дауешов.
Өңірдегі марафон жұмысын арнайы құрылған жобалық кеңсе үйлестіреді. Оның құрамына мемлекеттік органдардың, білім және мәдениет салаларының, сондай-ақ жоғары оқу орындарының өкілдері кірген.
Аудандарда ақпараттық кездесулер мен түрлі іс-шаралар ұйымдастырылып, жобаны кеңінен насихаттауға жазушылар, қоғам белсенділері және өңірдің басқа да өкілдері тартылуда.
Жобалық кеңсе жетекшісі Жанар Жүнісованың айтуынша, қазіргі міндет – марафонға мүмкіндігінше көп адам тіркеу ғана емес, қатысушылардың кітап оқуға деген қызығушылығын бүкіл жоба барысында сақтап қалу.
– Біздің міндетіміз – жобаға қатысуды тек тіркелумен шектемеу. Адамның кітапты шынымен оқып, алған әсерімен бөлісіп, айналасындағыларды да осы үдеріске тартқаны маңызды. Сондықтан кездесулер өткізуді, клубтардың жұмысын дамытуды және оқырман мәдениетін насихаттау үшін әлеуметтік желілерді пайдалануды жалғастырамыз, – деді Жанар Жүнісова.
Марафонның финалы Астанада өтеді
«Кітап оқитын ұлт» марафонының негізгі кезеңі 2027 жылдың наурызына дейін жалғасады. Одан кейін қатысушылар қорытынды тестілеу мен зияткерлік квиздерден өткізілмек.
Өңірлік кезеңнің жеңімпаздары Ақмола облысын республикалық деңгейде таныстыру мүмкіндігіне ие болады.
Ал ұлттық марафонның финалы 23 сәуір – Ұлттық кітап күні Астана қаласында өтеді. Қорытынды кезеңде еліміздің үздік он оқырманы анықталады.
Осылайша, Ақмолада басталған 35 мыңға жуық адамның кітап оқу марафоны өңір көлеміндегі жобамен шектелмей, Ұлттық кітап күні өтетін республикалық финалға ұласпақ. Басты нәтиже байқау жеңімпаздарын анықтаумен ғана емес, кітапты күнделікті өмірінің бір бөлігіне айналдырған жаңа оқырмандарды қалыптастыру көзделген.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы