Ерлі-зайыпты қаза тапқан үйді қасақана өртеді деген күдікпен 39 жастағы жергілікті тұрғын ұсталды. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу басталды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Ақмола облысы Полиция департаментінің мәліметінше, Щучинск қаласында болған өртке байланысты екі адамның қаза табу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалған.
- Тергеудің алдын ала деректеріне сәйкес, 39 жастағы жергілікті тұрғын жеке тұрғын үйге қасақана өрт қойды деген күдікке ілінді. Өрт салдарынан аталған үйде тұрған ерлі-зайыпты қаза тапқан. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды, - дейді Ақмол облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Қазір полиция оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр. Сотқа дейінгі тергеу барысында өрттің нақты қалай шыққаны, оған не себеп болғаны және оқиғаның өзге де мән-жайлары зерделенуде.
Айта кетейік, бұған дейін Щучинск қаласында жеке тұрғын үйден өрт шығып, екі адамның қаза тапқанын хабарлаған едік. Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, өрттің аумағы 90 шаршы метрді құраған. Оқиға орнына келген өрт сөндірушілер жалынды толықтай сөндірген. Өртті сөндіру барысында құтқарушылар үйдің ішінен 1968 жылы туған ер адам мен әйелдің денесін алып шыққан.
Бастапқыда өрттің шығу себебі анықталып жатқан еді. Кейін полиция жүргізген тексеру нәтижесінде оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды. Полиция қазіргі уақытта тергеу амалдарын жалғастырып жатыр. Қылмыстық іс бойынша түпкілікті шешім сотқа дейінгі тергеу нәтижесінде қабылданады.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ, Ақмола облысы