CNBC материалы мен мемлекеттік сапардың қорытындысы бойынша Aikyn.kz Вашингтон мен Бейжіңнің ЖИ қауіпсіздігі мен жалпы технологиялық бәсеке бойынша шешілмей қалған мәселелердә талдайды.
Әлемдегі ЖИ саласындағы екі бәсекелес технологияны дамыту қарқынын бәсеңдетуге келісе алмады. Оған қарамастан автономды жүйелерден туындайтын қауіптерді бірлесіп басқару қажеттігін мойындай бастады. Дональд Трамп пен Си Цзиньпин Вашингтондағы келіссөздерде ЖИ-ға қатысты қауіптер мен дағдарыстар кезінде жедел ақпарат алмасатын байланыс арнасын құруға келісті.
Бұл механизм ұлттық қауіпсіздікке әсер ететін ЖИ инциденттерін талқылау үшін керек. Қараша айында екі ел талқылауды жалғастыруды жоспарлап қойды.
Бұндай келісімнің қажеттілігі соңғы уақытта автономды ЖИ жүйелерінің мүмкіндігінің күрт өсуімен байланысты. Соңғы айларда OpenAI зерттеу моделі Hugging Face платформасының рұқсатсыз кіргені, ал Anthropic жасанды интеллект басқа ресурстарға кибершабуыл жасағаны белгілі болды. Сарапшылар автономды ЖИ агенттері күрделенген сайын кибершабуылдардың жылдамдығы мен ауқымы артады деп алаңдайды.
Вашингтон мен Бейжіңнің қауіпсіздік жөніндегі диалогы екі елдің ЖИ саласындағы стратегиялық бәсекесін тоқтата алмайды. Трамп бұған дейін АҚШ үшін басты мақсат Қытайды жасанды интеллект жарысында басып озу екенін бірнеше рет мәлімдеген.
«Егер біз жасанды интеллект үшін күресте жеңбесек, өте қиын жағдайда қаламыз», – деген еді Трамп саммит алдында.
Си Цзиньпин болса, Вашингтондағы кездесуде ЖИ-ді дамыту керектігіне, ол үшін халықаралық ынтымақтастық қажеттігіне назар аударды. Екі елдің ұстанымдары технологияның дамуын тоқтатпау бойынша жақын болғанымен, оны басқарудың жолдары бойынша айырмашылық сақталып отыр.
Ең күрделі мәселелердің бірі – озық жартылай өткізгіштер. АҚШ Қытайдың Nvidia шығаратын ең қуатты ЖИ чиптеріне қолжетімділігін шектеуді жалғастырып отыр. Бейжің бұл экспорттық бақылауды бірнеше рет сынап, технологиялық шектеулерді жеңілдетуге ұмтылған. Мемлекеттік сапар бұл негізгі қайшылықты шеше алмады. Озық чиптерге қолжетімділік пен технологиялық шектеулер бойынша келісім жасалған жоқ.
Жалпы Си Цзиньпиннің мемлекеттік сапары ірі келісімдерден гөрі екі державаның арасындағы тұрақты диалогты сақтауға бағытталды. Екі ел басшылары сауданы жеңілдететін келісімді ұзартты, сезімтал емес тауарлардың бір бөлігіне тарифтерді төмендетуге келісті.
Сонымен бірге әскери дағдарыстар кезінде байланысты күшейтуге уағдаласты және ЖИ қауіпсіздігі бойынша жаңа байланыс механизмін құрды. Бірақ сирек кездесетін металдар, Тайвань, технологиялық шектеулер және ЖИ саласындағы стратегиялық бәсеке секілді негізгі мәселелер ашық күйінде қалды. Вашингтондағы кездесудің басты нәтижесі технологиялық жарысты тоқтату емес, оның қауіпті салдарын бақылауға арналған механизм қалыптастыру болды. АҚШ пен Қытай ЖИ саласындағы көшбасшылық үшін бәсекесін жалғастыра береді. Бірақ автономды жүйелер ұлттық қауіпсіздікке қатер төндірген жағдайда бір-бірімен тікелей хабар алмасатын тікелей арна ашатын болып келісті.