Тізімде 2023 жылдан бері қайтыс болған 9 азамат пен қаладан көшіп кеткен 14 адам әлі де кезекте тұрған. Бұдан бөлек, баспанасы бар адамдардың да тұрғын үй кезегінде тұра бергені белгілі болды, - деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі.
Степногор қаласының прокуратурасы әлеуметтік осал халық санаты бойынша тұрғын үй есебіне талдау жүргізген.
Қазіргі таңда тұрғын үй кезегінде 1 095 азамат тұрған. Алайда тексеру барысында олардың арасында тұрғын үй алуға заңды негізі қалмаған адамдар бары анықталған.
- Тексеріс барысында 2023 жылдан бері қайтыс болған 9 адам тұрғын үй кезегінен шығарылмай, тізімде қала берген. Сонымен қатар қаладан көшіп кеткен 14 азаматтың да тұрғын үй есебінде тұрғаны белгілі болған. Олар Степногор қаласынан кеткендіктен, бұдан әрі тұрғын үй кезегінде тұру негізінен айырылған, - дейді Ақмола облыстық прокуратураның баспасөз қызметінен.
Прокуратура жүргізген талдау барысында тұрғын үй кезегінде өз атына жылжымайтын мүлкі бар азаматтардың да тұрғаны анықталды. Прокурорлық шаралар қабылданғаннан кейін мұндай азаматтар кезектегілер тізімінен шығарылды.
Бос тұрған пәтер де анықталды
Тексеру барысында тұрғын үй кезегіне қатысты тағы бір мәселе анықталған. Бұған дейін босап қалған тұрғын үйдің ұзақ уақыт бойы пайдаланылмай, іс жүзінде бос тұрғаны белгілі болды. Бұл ретте қалада баспанаға мұқтаж азаматтардың саны аз емес. Прокуратураның араласуынан кейін аталған пәтер тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтар арасында одан әрі бөлу үшін қайта берілді.
Сонымен қатар анықталған заңбұзушылықтарға байланысты кінәлі лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды.
Прокуратураның мәліметінше, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде тұрғын үй кезегінің өзекті әрі заң талаптарына сәйкес жүргізілуіне бағытталған шаралар қабылданған.
Осылайша, Степногорда тұрғын үй есебін тексеру барысында кезекте тұруға негізі жоқ азаматтар анықталып, олардың бір бөлігі тізімнен шығарылды. Ал ұзақ уақыт пайдаланылмай тұрған пәтер қайтадан баспанаға мұқтаж азаматтарға берілмек.
Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ,
Ақмола облысы