«Әділет» партиясының қоғамдық қабылдауында көпбалалы отбасылардың мәселелері көтерілді

Құрылтай депутаты көтерілген мәселелер бойынша министрліктердің ұстанымын ескере отырып, жан-жақсы зерттеу қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, ұсыныстарды толық қарастырғаннан кейін ғана жұмыс тобы немесе депутаттық сауал сияқты нақты тетіктерді қолдану мәселесі шешіледі.

«Әділет» партиясының Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде Құрылтай депутаты Кендебай Адамбек азаматтарды қабылдады. Астана, Алматы, Шымкент және өзге де өңірлерден келген тұрғындар бизнес және мүлік дауы, сот шешімінің орындалуы, қылмыстық істер, денсаулық сақтау, тұрғын үй және білім беру салалары бойынша көмек сұрады. Қабылдауда әлеуметтік мәселелерге қатысты бірнеше ұсыныс та айтылды, - деп хабарлайды Aikyn.kz.

Депутаттың сөзінше, көтерілген мәселелердің бір бөлігі жеке азаматтың өтініші болғанымен, олардың кейбірі қоғамның басым бөлігіне ортақ. Сондықтан мұндай ұсыныстарды тек жеке өтініш деңгейінде қалдырмай, заңнамалық тұрғыдан зерделеу қажет.

«Бір жыл көлеміндегі тәжірибені зерттеп, зерделегеннен кейін арнайы құқықтық ғылыми институттар мен мамандарды тартып, дөңгелек үстел өткізу керек. Себебі қазір бір тараптың ғана ұсынысын тыңдап отырмыз. Ал біз барлық тараптың пікірін естіп, қоғамға оңтайлы, халыққа тиімді шешім қабылдауымыз керек», – деді Кендебай Адамбек.

Оның айтуынша, кейбір мәселе бойынша мүдделі министрліктердің ұстанымын анықтап, кейін нақты жұмыс тетігін белгілеу қажет. Бұл үшін Құрылтай аясында жұмыс тобын құру немесе депутаттық сауал жолдау мүмкіндігі қарастырылады.

«Мұнда адамдар жайдан-жай келіп отырған жоқ. Сондықтан бұл мәселенің оңтайлы шешімін табуға тырысамыз. Өз бақылауымызда ұстап, жарты жолда қалдырмаймыз. Халық бізден жай ғана бір ауыз сөз емес, нәтиже күтіп отыр», – деді депутат.

Балабақша ақысы көпбалалы отбасыларға салмақ түсіріп отыр

Қабылдауда Аналарды қолдау орталығының өкілі Жұмагүл Тәжібекова балаларға көрсетілетін әлеуметтік қолдауға қатысты мәселені көтерді. Оның айтуынша, 2025 жылдан бері мектепке дейінгі ұйымдарға қатысты талаптың өзгеруі кейбір көпбалалы отбасыларға қиындық туғызған. Қазір көпбалалы отбасының баласына балабақшада тегін орын алу үшін отбасының атаулы әлеуметтік көмек алуы талап етіледі. 

Тәжібекова бұл талап отбасы табысын тоқсан сайын қайта есептеуге байланысты енгізілгенін атап өтті. Оның айтуынша, кейбір жағдайларда отбасы мүшелерінің табысы немесе қысқа мерзімді кірісі белгіленген шектен асып, әлеуметтік көмек алу құқығына әсер етуі мүмкін.

 «Көпбалалы отбасы болу – отбасының әлеуметтік жағдайын білдіретін мәртебе емес, ол баланың санына қатысты анықтама. Сондықтан көпбалалы отбасылардың арасында жағдайы жақсы отбасылар бар деген уәжбен барлық отбасыға бірдей талап қою дұрыс емес деп есептейміз. Қазір біз осы норманы қайта қарауды ұсынып отырмыз», – деді ол.

Ол қолданыстағы талаптың отбасы бюджетіне қалай әсер етіп отырғанын нақты мысалдармен түсіндірді. Оның айтуынша, отбасы АӘК алу талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, көпбалалы отбасының баласы да балабақша ақысын төлеуге мәжбүр болады. Соның салдарынан табысы онсыз да шектеулі отбасылардың шығыны артып, кейбірінде бірнеше айдың ішінде балабақша ақысы бойынша берешек жиналған.

Жұмагүл Тәжібекова отбасының табысын есептеу кезінде бөлек тұратын балаларының кірісі де есепке алынатынын айтты. Мысалы, мемлекеттік бағдарлама арқылы баспана алған отбасының баласы басқа қалаға көшіп, сол жерде жұмыс істеп жүрсе де, отбасы құрамынан шығарылмаған жағдайда оның жалақысы ата-анасының табысына қосылады. Соның салдарынан отбасының табысы белгіленген мөлшерден асып, баласы тегін балабақшаға бару мүмкіндігінен айырылуы мүмкін.

«Мұндай жағдай отбасыларға қиындық туғызып отыр. Мысалы, баласы басқа қалада тұрып, өз күнін өзі көріп жүр. Бірақ оның табысы ата-анасының табысына қосылады. Соның кесірінен отбасы балабақша ақысын өз қалтасынан төлеуге мәжбүр болады. Бірнеше айдан кейін баланың табысы отбасының кірісінен шығарылған кезде ғана тегін балабақшаға қайта баруға мүмкіндік туады», – деді Жұмагүл Тәжібекова.

Жұмагүл Тәжібекованың айтуынша, Алматыда бұрын көпбалалы отбасыдан шыққан 4 мыңға жуық бала балабақшаға тегін барған. Қазір жаңа талаптарға байланысты олардың саны шамамен 1 мың балаға дейін қысқарған. Оның айтуынша, көпбалалы отбасылардың балаларына тегін балабақша беру тәртібін қайта енгізу үшін Алматы бюджетіне шамамен 3,7 млрд теңге қажет.

Қабылдауға келген азаматтар өз ұсынын айтты

«Әлеуметтік навигатор» қоғамдық қорының жетекшісі Куляра Маненова әлеуметтік қолдау тетігін өзгертуді ұсынды. Оның айтуынша, қолданыстағы жүйеде баланың әлеуметтік қолдаудан айырылуына кейде отбасының мәртебесі себеп болады.

Ол көпбалалы отбасы мәртебесін бала санына емес, әлеуметтік жағдайға байланысты басқа қолдау тетіктерімен қатар қарастыру қажет деп санайды. Сондай-ақ әр балаға белгілі бір жасқа дейін тұрақты төлем жасау туралы ұсынысын да айтты.

«Егер отбасында бес бала болса, олардың бірі 18 жасқа толып, студент атанған кезде ата-анасы көпбалалы отбасы мәртебесінен айырылып қалады. Соның салдарынан тиісті жәрдемақылар мен әлеуметтік төлемдер де тоқтайды. Сондықтан мен әр балаға туғаннан бастап 18 жасқа дейін мемлекет тарапынан ай сайын 21 мың теңге төленсе деген ұсыныс айтып жүрмін», – деді Куляра Маненова.

Оның пікірінше, мұндай тәсіл әлеуметтік көмекті рәсімдеуге байланысты бірқатар талапты азайтып, жүйені азаматтар үшін қолайлы етуі мүмкін. Сонымен қатар ол толық емес отбасылардың мәселесіне де назар аударды. Нақтырақ айтсақ, ажырасқан әйелдер мен жалғызбасты ата-аналардың барлығын бір санатқа біріктіріп қарау дұрыс емес екенін жеткізді. Себебі баланы жалғыз тәрбиелеп отырған ата-ананың жағдайына ажырасу ғана емес, жұбайының қайтыс болуы немесе отбасынан кетуі сияқты түрлі себеп әсер етеді.

«Толық емес отбасылардың да жағдайы әртүрлі. Бірақ олардың барлығына ортақ мәселе – баланы тәрбиелеумен қатар табыс табу қажеттілігі. Жалғыз өзі бала тәрбиелеп отырған адам – тек ата-ана емес, еңбек ететін, салық төлейтін азамат. Сондықтан әлеуметтік саясат мұндай отбасылардың экономикалық тұрғыдан нығаюына мүмкіндік беруі керек», – деді ол.

Семейлік көпбалалы ана Анар Сүлейменова әлеуметтік қолдау алу кезінде азаматтың тұрғылықты жері бойынша тіркелуіне байланысты қиындықтарға тоқталды. Оның айтуынша, баспанасы жоқ немесе тұрақты тіркелген мекенжайы жоқ азаматтар кейбір мемлекеттік қызметтерді алу кезінде кедергілерге тап болуы мүмкін.

Ол әлеуметтік қолдауды отбасыдағы нақты жағдайға қарай қарастыру қажет екенін де айтты. Оның пікірінше, баласын жалғыз тәрбиелеп отырған ата-ананың жынысына қарамай, ортақ құқықтық тетік қарастырылуы керек.

«Кей жағдайда отбасылар өз еркімен емес, түрлі себеппен ажырасады. Кейбір ер адамдар отбасын тастап кетеді, қайтыс болады. Осындай жағдайда ана балаларының тәрбиесі мен күнкөріс қамын жалғыз өзі қамтамасыз етуге мәжбүр. Бірақ бізде баласын жалғыз тәрбиелеп отырған әкелер де бар. Сондықтан мәселені тек анаға қатысты қарамай, отбасында жалғыз қалған ата-ананың барлығын қамтитындай етіп қарастырған дұрыс», – деді ол.

Қабылдауда айтылған ұсыныстардың бір бөлігі қолданыстағы заңнаманы қайта қарауға қатысты. Депутат Кендебай Адамбек мұндай өзгерістерді енгізбес бұрын олардың құқықтық салдарын және іс жүзінде қолданылуын зерттеу қажет екенін айтты.

Әсіресе әлеуметтік көмек көрсету кезінде азаматтардың нақты жағдайын ескеру мәселесі бірнеше рет айтылды. Бір жағынан, әлеуметтік қолдаудың нақты мұқтаж отбасыларға бағытталуы маңызды болса, екінші жағынан, бұл талаптар отбасы үшін қосымша әкімшілік кедергіге айналмауы керек деген пікір айтылды.

Құрылтай депутаты көтерілген мәселелер бойынша министрліктердің ұстанымын ескере отырып, жан-жақсы зерттеу қажеттігін жеткізді. Оның айтуынша, ұсыныстарды толық қарастырғаннан кейін ғана жұмыс тобы немесе депутаттық сауал сияқты нақты тетіктерді қолдану мәселесі шешіледі.