Адам бейнесі, құс, балық, өсімдік, кеме және күнделікті тұрмыста қолданылған заттарға ұқсайтын ондаған белгі. Олар шағын ғана қыштың екі бетіне шиыршықтала орналасқан. Таңбалардың арасы сызықтармен бөлінген. Кейбір таңбалар қайта-қайта қайталанады. Мұның кездейсоқ бейнелер жиынтығы емес, белгілі бір ақпаратты жеткізу үшін жасалған жүйе екеніне меңзейтін белгілер жеткілікті.
Бірақ онда не жазылған? Осы сұраққа ғалымдар бір ғасырдан астам уақыттан бері нақты жауап бере алмай келеді. Крит аралындағы көне Фест қалашағынан табылған қыш таңбатастағы жазу шамамен 3700 жыл бұрын түсірілген. Оны діни мәтін дегендер де, күнтізбе деп түсіндіргендер де бар. Тіпті ондағы таңбаларды толық оқығанын жариялағандар аз емес. Алайда ғылымда мойындалған шешімі әлі жоқ. Бүгінде Ираклион археологиялық музейінде сақтаулы тұрған алақандай ғана қыш тақта Миной өркениетінен қалған ең жұмбақ жәдігерлердің бірі саналады.
Оқиға 1908 жылдың жазында басталды. Ол кезде италиялық археологтар Крит аралындағы ежелгі Фест сарайында қазба жұмыстарын жүргізіп жатқан еді.
Фест – қола дәуірінде Критте өркендеген Миной өркениетінің маңызды орталықтарының бірі.
Сарай кешенін зерттеу барысында италиялық археолог Луиджи Пернье 1908 жылғы 3 шілдеде ерекше қыш бұйымға тап болады. Ираклион археологиялық музейінің ресми дерегінде таңбатастың Фест сарайындағы бөлмелердің бірінен табылғаны көрсетілген. Ал көне қазба жұмыстарына арналған зерттеулер оның №8 бөлмеден шыққанын нақтылайды.
Алғаш қарағанда оның көлемінде таңғаларлық ештеңе жоқ еді. Дөңгелек пішінді күйдірілген қыштың диаметрі небәрі 15,8–16,5 сантиметр шамасында. Яғни кәдімгі шағын тәрелкедей ғана. Нағыз жұмбақ оның екі бетінде жатты.
Қыштың бетін тұтас алып жатқан таңбалар бірінен кейін бірі шиыршық бойымен орналастырылған. Бұл бұрыннан белгілі кәдімгі көне жазулардың біріне ұқсамайтын еді.
Кейін бұл жәдігер табылған жерінің атымен әлемге Phaistos Disc деген атаумен танылды. Біз оны Фест таңбатасы немесе Фест қыш тақтасы деп атай аламыз. Қазір түпнұсқа Крит аралындағы Ираклион археологиялық музейінде сақтаулы. Музей оны Миной өркениетінің ең әйгілі әрі ең жұмбақ жәдігерлерінің бірі ретінде таныстырады.
Фест таңбатасының нақты жасын анықтау да оңай болған жоқ. Өйткені оның өзіне тікелей радиокөміртектік мерзімдеу жүргізу мүмкіндігі шектеулі: жәдігер күйдірілген қыштан жасалған.
Қазіргі Ираклион археологиялық музейінің каталогында ол шамамен б.з.д. 1700–1650 жылдарға жатқызылады. Бұл – Миной өркениетінің қола дәуіріндегі кезеңі. Демек, қышқа таңбалар осыдан шамамен 3700 жыл бұрын түсірілген.
Бұл уақыттың ауқымын түсіну үшін бір жайтты ескерсек жеткілікті. Фест таңбатасы жасалған кезде грек әліпбиі әлі пайда болмаған еді. Критте одан мүлдем бөлек жазу жүйелері қолданылды. Кейін зерттеушілер оларды Крит иероглифтері, Linear A және Linear B деп атады. Осының ішінде Linear B ХХ ғасырда оқылды. 1952 жылы Майкл Вентрис оның көне грек тілінің бір түрін таңбалайтынын анықтады. Linear A әлі толық шешілген жоқ. Ал Фест таңбатасының жағдайы одан да күрделі. Оның таңбаларын аталған жазу жүйелерінің ешқайсысымен сенімді түрде сәйкестендіру мүмкін болмай отыр.
Көне Фест қалашығы
Фест таңбатасын ерекше ететін басты нәрсе – оның екі бетіндегі жазу. Жазу шетінен басталып, ортасына қарай шиыршықтала орналасқан. Ираклион музейінің түсіндіруінше, екі беттің сыртқы жиегіндегі бес нүктесі бар тік белгі мәтіннің басталатын тұсын және оқу бағытын көрсетеді. Осыған сүйенген зерттеушілер мәтін сыртқы жиектен ортасына қарай оқылған деп есептейді.
Қыштың екі бетінде барлығы 242 таңба бар. Оның 45 сол мәтінді құрайтын бір-біріне ұқсамайтын таңба түрлерінің саны. Олар 61 топқа бөлінген. Зерттеушілер бұл топтарды шартты түрде «сөздер» деп атайды. Бірақ олардың шынымен сөз екенін әзірге ешкім дәлелдеген жоқ.
Таңбалардың арасында адамның денесі мен басына, құсқа, өсімдікке, кемеге және әртүрлі заттарға ұқсайтын бейнелер кездеседі.
Жүйені зерттеген мамандардың бір бөлігі мұны таза суретті жазудан гөрі буындық жазу болуы ықтимал деп есептейді. Oxford University Press баспасынан шыққан Фест таңбатасына арналған зерттеуде де таңбалар санының аздығы оның фонетикалық-буындық жүйе болуы мүмкін екенін көрсететіні айтылады.
Фест қыш тақтасының тағы бір таңғаларлық ерекшелігі бар. Ондағы таңбалардың басым бөлігі қыштың бетіне қолмен сурет салу арқылы жасалмаған. Әр таңба үшін алдын ала дайындалған жеке қалып тәрізді құрал қолданылған. Қыш әлі жұмсақ кезінде сол қалыптар оның бетіне бірінен соң бірі басылған. Содан кейін ғана қыш күйдірілген. Кей тұстардағы таңбалардың бір-бірінің үстіне түсуін зерттеген мамандар олардың қандай ретпен басылғанын да анықтауға тырысқан.
Бұл тәсіл қазіргі адамның көзіне баспа технологиясын елестетеді. Бір таңбаның дайын үлгісін жасап алып, оны қажет болған сайын қайта қолдану – кейінгі баспадағы жылжымалы литер принципіне ұқсайды. Сондықтан Фест таңбатасын кейде тарихтағы баспа принципінің өте ерте үлгісі ретінде сипаттайды. Тіпті оны «алғашқы баспа» деп атайтын жарияланымдар да бар. Осы ерекшеліктің өзі жаңа сұрақ туғызады. Егер таңбаның әрқайсысына жеке қалып жасауға еңбек жұмсалса, олар тек бір ғана қышты жасау үшін дайындалды ма? Егер олай болмаса, сол қалыптармен басылған басқа мәтіндер қайда?
Фест таңбатасы 1908 жылы табылды. Содан бері оның мәтінін шешуге сансыз әрекет жасалды. Көне Эгей жазуларын 45 жылдан астам зерттеген италиялық ғалым Луи Годар өзіне ғана Фест мәтінін түсіндіруге арналған 300-ден астам ұсыныс түскенін жазған. Бірақ олардың ешқайсысы ғылыми тұрғыдан жалпы мойындалған жоқ. Неліктен? Мәселе ғалымдардың 45 таңбаның суретін көре алмауында емес. Мәселе – оларды немен салыстыру керектігінің белгісіздігінде. Көне жазуды оқу үшін бір ғана мәтін көбіне жеткіліксіз.
Ең әйгілі мысал – Розетта тасы. Ондағы бір мәтін бірнеше жазу үлгісімен берілгендіктен, зерттеушілер белгілі мәтін мен белгісіз таңбаларды салыстыра алды. Мысыр иероглифтерін оқуда бұл шешуші рөл атқарды. Фест таңбатасында мұндай кілт жоқ. Біз оның қай тілде жазылғанын білмейміз. Таңбалардың нақты дыбыстық мәнін білмейміз. Мәтіннің не туралы екенін білмейміз. Ең бастысы – дәл осы жазумен жазылған жеткілікті көлемдегі екінші мәтін жоқ.
Сондықтан Фест таңбатасын «оқыдым» деген кез келген ұсыныстың алдында бір қарапайым сұрақ тұрады: Оның дұрыс екенін қалай тексереміз? Егер ұсынылған әдісті екінші, үшінші мәтінге қолданып, тағы да мағыналы нәтиже алсақ, шешімнің дұрыстығына көз жеткізуге болар еді. Ал бізде ондай мәтін жоқ.
Онда не жазылған? Жауап белгісіз болғанымен, болжам көп. Ең белгілі нұсқалардың бірі – діни мәтін. Бұған таңба топтарының қайталануы негіз болған. Ираклион археологиялық музейі кейбір топтардың мәтінде рефрен тәрізді қайталанатынын атап өтеді. Осы ерекшелік жазудың гимн немесе арбау мәтіні болуы мүмкін деген пікірге негіз берген.
Басқа зерттеушілер одан күнтізбе немесе астрономиялық ақпарат іздеді. Мәселен, 2009 жылы Вольфганг Речко таңбатастың құрылымын талдап, оның бір бетіндегі мәліметтер күн тұтылуына және Сарос цикліне байланысты болуы мүмкін деген болжам ұсынды. Бұл ғылыми журналда жарияланған зерттеу болғанымен, Фест мәтінінің мойындалған шешімі болып саналмайды.
Бұдан бөлек, оны дұға, рәсімдік мәтін, тарихи хабар, әкімшілік жазба немесе басқа сипаттағы ақпарат деп түсіндіруге әрекеттер жасалған. Бір қызығы – әртүрлі «шешімдер» бір мәтіннен бір-біріне мүлде ұқсамайтын мағына шығарады. Бұл да мәселенің қаншалықты күрделі екенін көрсетеді.
Бұл жұмыстар әлі де жалғасып келеді. Мәселен, 2026 жылғы 19 тамызда Cryptography ғылыми журналында Федерико Джорджи мен Фабрицио Балдаччидің Фест таңбатасына арналған жаңа зерттеуі жарияланды. Авторлар ондағы 45 таңба мен 242 таңбалық тізбекті криптографиялық және статистикалық әдістермен тексерді. Олар мәтінді оқыған жоқ; зерттеу нақты бір гипотезаны – таңбалардың ақуыз тізбегін кодтауы мүмкін деген жорамалды сынап, алынған статистикалық көрсеткіштер оның пайдасына сөйлемейтінін көрсетті.
Бұл зерттеудің өзі маңызды бір нәрсені аңғартады: Фест таңбатасы табылғанына 118 жыл өтсе де, ғалымдар оны жаңа әдістермен тексеруді тоқтатқан жоқ. Компьютер таңбалардың қаншалықты жиі қайталанатынын, қандай белгілердің қатар келетінін, олардың мәтін ішіндегі орнын және кездейсоқ жүйеге қаншалықты ұқсайтынын адамнан әлдеқайда жылдам есептей алады.
Бірақ компьютердің де алдында сол баяғы мәселе тұр. Оған салыстыратын материал керек.
Құпияның кілті қайда? Бәлкім, Фест таңбатасының жұмбағын шешу үшін жаңа алгоритмнен бұрын жаңа археологиялық олжа қажет шығар.
Егер ертең Криттен немесе Жерорта теңізінің басқа бір жерінен осы 45 таңбамен жазылған көлемді екінші мәтін табылса, жағдай түбегейлі өзгеруі мүмкін. Бірдей таңбалардың екі мәтінде қалай қолданылғанын салыстыруға, қайталанатын құрылымдарды анықтауға, ықтимал сөздерді ажыратуға мүмкіндік туады. Ал егер қос тілді мәтін табылса, одан да маңызды болмақ. Әзірге ондай олжа жоқ. Сондықтан 1908 жылғы 3 шілдеде Луиджи Пернье Фест сарайының бөлмесінен алып шыққан шағын қыш тақта жүз жылдан астам уақыт өткен соң да өзінің ең басты құпиясын сақтап отыр.
Біз оның қашан жасалғанын шамамен білеміз. Қалай жасалғанын көреміз. Ондағы 45 түрлі таңбаны санап шықтық. Олардың 61 топқа бөлінгенін анықтадық. Тіпті таңбалардың дымқыл қышқа қандай бағытта басылғанына дейін зерттей аламыз. Бірақ осыдан шамамен 3700 жыл бұрын бір адамның қыштың екі бетіне соншалық ұқыптылықпен түсірген хабарын әлі оқи алмаймыз.
Назар аударыңыз: Бұл мақала авторлық құқықпен қорғалған. Мәтіннің толық нұсқасын көшіру, тарату немесе басқа басылымдарға жариялағанда авторы көрсетіп, Аikyn.kz сайтына белсенді гиперсілтеме беру міндетті. Мақаланың жекелеген бөліктерін пайдаланғанда да осы талап сақталуы тиіс.